Руханият • 01 Қазан, 2020

Қазақтың пейіліне қайран қалам!..

2080 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алтайдан Атырауға дейінгі ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын сайын даланы кімдер мекен етпеген. Соның ішінде қазақ даласының қасиетін ұғып, халқының қадірін білетін өрелі азаматтар да аз емес. Бір-біріне бауырлас­тырып, туыс етіп жіберген риясыз шынайы көңілі мен өзгеге деген құрметі әрі сыйластығы.

Қазақтың пейіліне қайран қалам!..

 

Әлихан Аразов 1980 жыл­дардың басында ағасы Темірхан екеуі сонау Дағыстаннан келген. Басты мақсат – қолайлы кәсіп іздеу. Әуелі құрылыс саласында жұмыс істепті. Бұрынғы Көк­ше­тау облысының Чистополь ауда­­нын­да тұрғын үйлер салған, мал қо­ра­ларын көтерген. Жергі­лік­ті жұртпен тонның ішкі бауындай араласып кетуі сол тұс­тан басталса керек. 1983 жы­лы Целиноград инженерлік құ­ры­лыс институтын тәмамдап, осы саланың білікті маманына айнал­ған. Қазақ даласы көңілінен шық­қан соң ірге теуіп, жұбайын көші­ріп әкеліпті. Өзінің айтуына қара­ғанда, жергілікті жұрттың ақ пейілі, кең құшағы, ақжарқын міне­зі әбден шыққан. 

– Алғаш келгенде жатыр­қаға­нымыз да рас, кейін әбден ба­уыр басып кеттік. Мені таңғал­ды­ратыны қазақ­тың кең пейі­лі, – дейді Әли­хан Әлиф­хан­ұлы, – біздің дағыстан­дықтар да қонақ­жай, мәрт халық қой, ал қазақтардың жомарттығы он есе артық. Бірде біз құрылыс жұ­мыстарын жүргізіп жатқан елді мекенде ауыл ақсақалы омырт­­қаға шақырды. Осындай дәс­түр бар екен. Табақ-табақ етті көр­генде, мынадай мол тағаммен жүз­деген адамды шақырып, үл­кен той өткізуге болар еді ғой деп ой­ладым. Дәм үстінде дәстүр­дің ма­змұнын сұрадым. Сонда ауыл ақсақалы маған былай деді: «Адам­ның да, жан-жануардың да он екі мүшесі болады. Соның бәрін бі­рік­тіріп тұратын омырт­қа сүйегі. Егер ол болмаса, қыбыр­лауға ша­масы келмей, бос қалар еді. Біз де бірлігіміз бекем болсын деп бір-бірімізді дәмге ша­қы­ра­мыз. Омыртқа сөздің сыра­ғысы, адал дәм дәл сол омырт­қадай аға­йын-туыстың, жора-жолдас­тың бі­рік­тіруші күшіне айналдыратын ас».

Өздері суын ішіп, сұлулығына сүйсінген өлкенің бай дәстүріне қызыққаннан соң ұл-қыздарын қазақ тілінде оқытуға бекінген. Ешкімнен кем болмапты. Жоға­ры оқу орнын аяқтаған. Қазір сөй­леген сөздеріне қарап, дағыс­т­ан­дықтар деп ешкім де айтпайтын­дай. Қазақтың қара сөзінің қаймағын айырып, кестелеп сөйлейді.

Қазақтар қара шаңырақты қат­ты қадірлейді екен деседі олар. Өздері де ұлы мен келінін алыс­қа жібермей, бір шаңырақ­тың астында күн кешуде. Ата-ана­сын құрметтеуге келгенде жұ­­мыр жердің бетінде қазақтан ас­қан халық жоқ шығар деп қояды.

– Шынында да, кейін жергі­лік­ті халықтың дәстүрін ұғынған сәтте «бір күн дәмдес болған адамға, қырық күн сәлем» дей­тұ­ғын мақалдары барын естіп, адам­дарды дәм біріктіріп, басын қо­са­тындығын ұғындық, – дейді Әли­хан Әлифханұлы, – 35 жыл ауылда тұрғанда, жергілікті ұлт­тың сан ғасыр бойы жалғасып келе жат­қан ғажайып салт-дәстүрін етене жақын ұғындық. Ауыл дегеннің өзі бейнелеп айтқанда, үлкен бір отбасы тәрізді. Қуаныш ортақ, қайғының жүгін де бірлесіп көтеріп алады. Өмір болған соң шаттық пен өкініш қатар жүретіні бар емес пе. Біз де солай күн кештік. Ауылдық жердегі мінез басқаша. Бір-біріне көмек қолын созуға ұмтылып тұрады. Ол үшін ешкімнен ақы сұрамайды, міндет етпейді. Біз де солай болдық. Бәлкім, сол қылығымызбен жаққан шығармыз. Ешкім бізді түрің бөлек, ұлтың басқа деп кеудемізден итерген жоқ, қайта ыстық ықыласымен жанымызды баурап, өздеріне тарта білді. Менің ойымша, ұлттың ұлылығы да осы қасиетінде.

Тұла бойы тұңғыштары Фуад пен екі қызы осы жерде дүниеге келіпті. Қазір олар қазақ топырағын өздерінің кіндік қаны тамған Отандары санайды. Өтпелі кезеңде құрылыс жұ­мыс­тары кілт тоқтап қалған соң жеке шаруа қожалығын ұйым­дастырған. Табын-табын мал өсіріпті, игілігін де көрген. Сол табысын жеке өздерінің басына ғана жаратпай, «көппен көрген ұлы той» деп, ел ішіндегі шаруадан шет қалмаған сыңайлары бар.

– Біз Наурыз, Құрбан айт мейрамдарын ел болып атап өтеміз, – дейді жұбайы Ревая Ғасан­­­бекқызы, – соғым союды үй­рендік. Қазақтар тәрізді алпыс күн жемдеп, бар рәсімі­мен жұмсап. Ауылдағы келіншек­терден шұжық жасауды үйрендім. Сере шыққан қазыны айналдыратын болдым. Соғым сойған қазақтар тәрізді  бар дәмдісін қонақтарға сақтап қоюға дағды­ландық. Жергілікті жұрт асының бар дәмдісін мейманға арнап, өздері азға қанағат етеді. Бір таң­ғаларлық мінездері сол. Ең алдымен өзінің бала-шағасы емес, келер-келмесі кім екендігі бел­гісіз қонақ разы болуы керек. Жомарт­тық демей, не дейсің?!

Жұбайының айтуына қараған­да, ауыл адамдарымен дәмдес болу, шаңырақтағы сәл ғана қуа­нышты сылтау етіп ыдыс-аяқтың араласуы, тастай батып, судай сіңуге себеп болса керек. Өздері де омыртқаға шақыруды дәстүрге айналдырған. Жергілікті жұртпен дәм біріктіріп тұрсын деп. Алғаш келгенде естіген омыртқа туралы тәмсілі өмірлік қағидасына айналыпты.

Қазір Аразовтар отбасы жер­гілікті ұлт дәстүрін жете біл­гендерінің арқасында Көкшетау қаласындағы жора-жолдас, ата көршілерімен де бір туған ағайындай сүттей ұйыған ынты­мақта күн кешуде.  

 

КӨКШЕТАУ