Руханият • 01 Қазан, 2020

Асыл дініміз – ұлттық бірлігіміздің өзегі

537 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Заман әсте өзгеріп, адамдар қобалжу күйге түсті. Төтеннен келген індет ешкімді аяр түрі жоқ. Сен кедейсің бе, байсың ба, бәрібір. Жолындағысын жапырып, қаншама бейкүнә жандарды өзінің өлім құрығына түсіріп жатыр-ақ. Ешкім де, еш өркениет те бұған қарсы тұра алар емес, қауқарсыз кейіпте. Мүйізі қарағайдай, аузымен құс ілген еңселі елдер де титтей бір вирустың қарымынан аластала алар емес.

Асыл дініміз – ұлттық бірлігіміздің өзегі

Адамзатқа қаншама ғылыми жаңа­лық­тарды енгізген ғалымдар да бұл індеттің емін таба алар сыңайы бай­қал­майды. Прогресс пен технология осынша қарыштап дамыған заманда адам ағзасына еніп алып, жанын жегі­дей жеген коронавирус індетін сейілте алмау қандай қиын еді.

Адамдар қиналысқа түскен кезде олардың жеке еркіндігіне етене еніп, жат ағымның кесір-кесапатын тықпалап, имани ортаның шырқын бұзғандар өз ішімізден табылып жатқанына қиналады екенсің. Коро­на­вирустың қарымынан шыға алмай, қамыққан жұрттың тынышын бұзған кімдер деп ойларыңыз хақ. Олар – дінді желеу етіп, ұлттық бір­лігімізге сына қаққысы келгендер деп түсінемін. Қарапайым адамдар онсыз да әупірімдеп күндерін қалай көрерлерін білмей отырғанда, олар­дың діни нанымына қол сұғу жақ­сылық болмаса керек.

Біреу тәңіршілдік наным-сенімді бетперде етсе, енді бірі исламның өз ішіндегі жат ағымды тықпалайды. Әр­кім өзінің пайымын дұрыс деп жан­таласып-ақ жатыр. Бұл сайып келгенде, енді ғана асыл дінімен қауышқан қазақты тағы екі айырып, алалауға апарып соқпай ма? Онсыз да, қазақ тәуелсіздік алғалы ана тілінің қадірін түсіне алмай келеді. Бір ұлт қақ жарылып, екі тілде сөйлеп, екі түрлі пайым жасайды.  Ал енді ата дінімізді осылай жіліктесек, одан не ұтамыз?!

Біз арабтың емес, Алланың дінін ұстануымыз керек. Адасу да көбі­міз­дің қазақ емес, араб болғымыз келе­ті­нінен қылаң беріп жатқан жоқ па деп қаласың. Олардың кей сөз­дерінің сыңайына қарағанда, өздері­нен басқаның бәрі шынайы мұсыл­ман емес. Сонда біздің бабаларымыз ұстанған мұсылмандық жол теріс болғаны ма?! Біздің дана бабалары­мыз дінін де ұстанды, өзінің ғасыр­лар­дан бастау алатын ұлттық дәстүр-сал­тынан да ажыраған жоқ.

Дінді ұстану түріңді өзгертуден бас­тал­маса керек. Түп-тамырыңды сақ­таумен, ішкі жан-дүниеңді имани-рухани байытумен жалғасуы тиіс. Ал бүгінгі қым-қуыт заманда жік-жікке бөлініп, ағым-ағымға ажырамай, бірлікте өмір сүргенге не жетсін. Себебі, дін қашан да ата дәстүріміздің асыл арқауы болғанын ешкім жоққа шығара алмаса керек. 

Ырыс-ынтымақ берекелі елде ғана болады. Біздің берекеміз артып, ырысымыз еселенсін десек, ең алды­мен қазақтың қазіргі бір тұтас­ты­ғына қылау түсірмеу үшін үлес қосуы­мыз қажет. Әсіресе, бүгін­де әртүрлі ағымды желеу етіп, өз оша­ғы­нан ажыраған жастарды ортақ мүд­деге жұмылдырып, қасиетті ислам­ның адамды тіліне, нәсіліне қарап бөл­мейтіндігін уағыздаудың маңызы зор.

Діни қызметкерлерге жүктелер жауапкершілік жүгі аса салмақты дер едік. Жалаң сөзбен ешкімді баурап ала алмайсың. Адамның рухани арнасын кеңінен байытамын десең, шариғаттан ғана емес, ұлттың тарихынан, тілі мен әдебиетінен де хабарың мол болу керек. Барша халықтың алдында жүр­ген имамдар жан-жақты, білім-білігі де жоғары болса, бұл қазір­гі қажет­тіліктің бір көрінісі іспет­тес. Сон­дықтан да имамдардың білік­тілігін көтеретін ислам институтын­да Құран сабақ­тарымен бірге, тіл, әде­биет және шешен­дік сөздер сияқты пән­дер­дің енгізілуі аса маңызды болар еді.

Қазақ сөзге тоқтап, бірауыз сөздің қадір-қасиетін түсінген ел. Жұрт­тың алдына шығатын имамдар да қазақ­тың шешендік сөзімен шариғи уағыздарды айтып, қазіргі өз үйірінен ажырап  жатқандарды кері қайтарса, дін көшбасшысы да сол болары хақ.

Мұны айтып отырғанымыз, жұрт алдына шығатын имамдардың шари­ғат ілімдерін ізгілікпен емес, қорқы­тып, үркітумен жеткізіп, адамдарға қор­­қыныш сезімін ұялататынын  не­сіне жасырамыз. Ислам адамды та­мұқ­пен қорқытып, дінге шақыратын арна емес. Ол – адамдарға жасалатын ізгілік пен мейірімділіктің, қамқор­шылық пен қайырымдылықтың алтын арқауы.

«Мен ғана шынайы мұсылман­мын, қалғандарың кәпір» деп көл­гір­си­тіндер, өздерінің адасып жүр­ген­дерін сезбейді. Шынайы мұсылман басқаға тілімен де, сөзімен де жамандық ойламайтын адам. Ал маңайындағының бәрін кәпір санап, адамның жеке басына тиісу, оның наным-сенімін жоққа шығару – қылмысқа пара-пар әрекет. Біздің Ата заңымызда да адамның жеке өміріне қол сұғуға болмайтыны айтылады.

Маған шариғаттағы бір әңгіме ойы­ма оралып отыр. Бірде Омар хали­фа­ның тұсында бір топ жас жігіттің бір үйге жиналып, шарап ішкендері бел­гілі болады. Бұл оқиғаны естіген хали­фа әлгі­лерді жазаламақ болып, үйдің шар­бағынан қарғып, дәл үсте­рінен түседі.

Сонда олар: «Құрметті халифа, біз Алла тағаланың жолынан бір нәрседе адастық, ал сен болсаң, үш нәрседе ағат кеттің» дейді. Одан әрі: «Алла тағала адамдар бір-бірінің басқан ізін аңдымасын дегенін  білесіз, сіз бізді аңдып келіп отырсыз. Алла тағала біреудің үйіне рұқсатсыз кірме деген, ал сіз ше? Алла тағала біреудің үйі­не есіктен кіріңдер деп бұйырған, сіз шар­бақтан секіріп кірдіңіз» дейді.

Омар халифа жаңағы шарап ішкен жас­тардың әрекеті шариғатқа қайшы бол­са да, оларды жазалау қажет етіл­се де, өзі­нің қателігін түсініп, кері қай­та­ды. Бұл ислам тарихындағы бір ғана мысал.

Мұсылман әлеміне билік жүргіз­ген халифаның өзі шариғатты аттаған адамдардың жеке өміріне қол сұғу­ға бол­майтынын түсініп, өз ойы­нан арылды. Ал қазіргі жат ағымның желеуі­­­мен исламдағы «дінде зорлық жоқ» қа­ғи­дасын былай ысырып қойып, ауыз­­­дарында ана сүті кеппеген жас­­тарды ырқына көндіріп, өз сенім­дері­не еріксіз енгізіп алатындардың ой­лары арам емес деп айта аласың ба?!

Ал бүгінгі өркениетті қоғамда әлеу­­мет­тік желілерді пайдаланып, адам­­­дардың жеке өміріне қол сұғу қыл­­мыс екенін бағамдайтын уақыт туды. Өз­­дері­нің арам ойларымен осы­лай қазақ­ты жікке бөлген діншіл-сымақ­­тарды тәубесіне салу да көптің ортақ ісі дер едік.

...Коронавирус тағы ойға оралды. Қашан қазақ қалыпты өмірдің ырғағына түсер екен. Сабырмен сол күнді тосқан ел беймазалық күйден арылса екен деп тілейсің. Ең бастысы, ел аман болса екен. Елдің амандығы – тіл мен діннің де өркен жаюына негіз бола­ды. Ал діннің атын жамылып, жұрт тынышын алғандар Омар хали­фа­­дан сабақ алса керек. Себебі, сен кім бол­саң да, әділдік пен адалдық бол­ма­ған жерде, ырыс пен береке де бол­май­ды. Жат ағымның сойылын соғу – жақ­сылыққа апармасы тағы анық.

 

Бақыт СМАҒҰЛ,

«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

 

КӨКШЕТАУ