Адамзатқа қаншама ғылыми жаңалықтарды енгізген ғалымдар да бұл індеттің емін таба алар сыңайы байқалмайды. Прогресс пен технология осынша қарыштап дамыған заманда адам ағзасына еніп алып, жанын жегідей жеген коронавирус індетін сейілте алмау қандай қиын еді.
Адамдар қиналысқа түскен кезде олардың жеке еркіндігіне етене еніп, жат ағымның кесір-кесапатын тықпалап, имани ортаның шырқын бұзғандар өз ішімізден табылып жатқанына қиналады екенсің. Коронавирустың қарымынан шыға алмай, қамыққан жұрттың тынышын бұзған кімдер деп ойларыңыз хақ. Олар – дінді желеу етіп, ұлттық бірлігімізге сына қаққысы келгендер деп түсінемін. Қарапайым адамдар онсыз да әупірімдеп күндерін қалай көрерлерін білмей отырғанда, олардың діни нанымына қол сұғу жақсылық болмаса керек.
Біреу тәңіршілдік наным-сенімді бетперде етсе, енді бірі исламның өз ішіндегі жат ағымды тықпалайды. Әркім өзінің пайымын дұрыс деп жанталасып-ақ жатыр. Бұл сайып келгенде, енді ғана асыл дінімен қауышқан қазақты тағы екі айырып, алалауға апарып соқпай ма? Онсыз да, қазақ тәуелсіздік алғалы ана тілінің қадірін түсіне алмай келеді. Бір ұлт қақ жарылып, екі тілде сөйлеп, екі түрлі пайым жасайды. Ал енді ата дінімізді осылай жіліктесек, одан не ұтамыз?!
Біз арабтың емес, Алланың дінін ұстануымыз керек. Адасу да көбіміздің қазақ емес, араб болғымыз келетінінен қылаң беріп жатқан жоқ па деп қаласың. Олардың кей сөздерінің сыңайына қарағанда, өздерінен басқаның бәрі шынайы мұсылман емес. Сонда біздің бабаларымыз ұстанған мұсылмандық жол теріс болғаны ма?! Біздің дана бабаларымыз дінін де ұстанды, өзінің ғасырлардан бастау алатын ұлттық дәстүр-салтынан да ажыраған жоқ.
Дінді ұстану түріңді өзгертуден басталмаса керек. Түп-тамырыңды сақтаумен, ішкі жан-дүниеңді имани-рухани байытумен жалғасуы тиіс. Ал бүгінгі қым-қуыт заманда жік-жікке бөлініп, ағым-ағымға ажырамай, бірлікте өмір сүргенге не жетсін. Себебі, дін қашан да ата дәстүріміздің асыл арқауы болғанын ешкім жоққа шығара алмаса керек.
Ырыс-ынтымақ берекелі елде ғана болады. Біздің берекеміз артып, ырысымыз еселенсін десек, ең алдымен қазақтың қазіргі бір тұтастығына қылау түсірмеу үшін үлес қосуымыз қажет. Әсіресе, бүгінде әртүрлі ағымды желеу етіп, өз ошағынан ажыраған жастарды ортақ мүддеге жұмылдырып, қасиетті исламның адамды тіліне, нәсіліне қарап бөлмейтіндігін уағыздаудың маңызы зор.
Діни қызметкерлерге жүктелер жауапкершілік жүгі аса салмақты дер едік. Жалаң сөзбен ешкімді баурап ала алмайсың. Адамның рухани арнасын кеңінен байытамын десең, шариғаттан ғана емес, ұлттың тарихынан, тілі мен әдебиетінен де хабарың мол болу керек. Барша халықтың алдында жүрген имамдар жан-жақты, білім-білігі де жоғары болса, бұл қазіргі қажеттіліктің бір көрінісі іспеттес. Сондықтан да имамдардың біліктілігін көтеретін ислам институтында Құран сабақтарымен бірге, тіл, әдебиет және шешендік сөздер сияқты пәндердің енгізілуі аса маңызды болар еді.
Қазақ сөзге тоқтап, бірауыз сөздің қадір-қасиетін түсінген ел. Жұрттың алдына шығатын имамдар да қазақтың шешендік сөзімен шариғи уағыздарды айтып, қазіргі өз үйірінен ажырап жатқандарды кері қайтарса, дін көшбасшысы да сол болары хақ.
Мұны айтып отырғанымыз, жұрт алдына шығатын имамдардың шариғат ілімдерін ізгілікпен емес, қорқытып, үркітумен жеткізіп, адамдарға қорқыныш сезімін ұялататынын несіне жасырамыз. Ислам адамды тамұқпен қорқытып, дінге шақыратын арна емес. Ол – адамдарға жасалатын ізгілік пен мейірімділіктің, қамқоршылық пен қайырымдылықтың алтын арқауы.
«Мен ғана шынайы мұсылманмын, қалғандарың кәпір» деп көлгірситіндер, өздерінің адасып жүргендерін сезбейді. Шынайы мұсылман басқаға тілімен де, сөзімен де жамандық ойламайтын адам. Ал маңайындағының бәрін кәпір санап, адамның жеке басына тиісу, оның наным-сенімін жоққа шығару – қылмысқа пара-пар әрекет. Біздің Ата заңымызда да адамның жеке өміріне қол сұғуға болмайтыны айтылады.
Маған шариғаттағы бір әңгіме ойыма оралып отыр. Бірде Омар халифаның тұсында бір топ жас жігіттің бір үйге жиналып, шарап ішкендері белгілі болады. Бұл оқиғаны естіген халифа әлгілерді жазаламақ болып, үйдің шарбағынан қарғып, дәл үстерінен түседі.
Сонда олар: «Құрметті халифа, біз Алла тағаланың жолынан бір нәрседе адастық, ал сен болсаң, үш нәрседе ағат кеттің» дейді. Одан әрі: «Алла тағала адамдар бір-бірінің басқан ізін аңдымасын дегенін білесіз, сіз бізді аңдып келіп отырсыз. Алла тағала біреудің үйіне рұқсатсыз кірме деген, ал сіз ше? Алла тағала біреудің үйіне есіктен кіріңдер деп бұйырған, сіз шарбақтан секіріп кірдіңіз» дейді.
Омар халифа жаңағы шарап ішкен жастардың әрекеті шариғатқа қайшы болса да, оларды жазалау қажет етілсе де, өзінің қателігін түсініп, кері қайтады. Бұл ислам тарихындағы бір ғана мысал.
Мұсылман әлеміне билік жүргізген халифаның өзі шариғатты аттаған адамдардың жеке өміріне қол сұғуға болмайтынын түсініп, өз ойынан арылды. Ал қазіргі жат ағымның желеуімен исламдағы «дінде зорлық жоқ» қағидасын былай ысырып қойып, ауыздарында ана сүті кеппеген жастарды ырқына көндіріп, өз сенімдеріне еріксіз енгізіп алатындардың ойлары арам емес деп айта аласың ба?!
Ал бүгінгі өркениетті қоғамда әлеуметтік желілерді пайдаланып, адамдардың жеке өміріне қол сұғу қылмыс екенін бағамдайтын уақыт туды. Өздерінің арам ойларымен осылай қазақты жікке бөлген діншіл-сымақтарды тәубесіне салу да көптің ортақ ісі дер едік.
...Коронавирус тағы ойға оралды. Қашан қазақ қалыпты өмірдің ырғағына түсер екен. Сабырмен сол күнді тосқан ел беймазалық күйден арылса екен деп тілейсің. Ең бастысы, ел аман болса екен. Елдің амандығы – тіл мен діннің де өркен жаюына негіз болады. Ал діннің атын жамылып, жұрт тынышын алғандар Омар халифадан сабақ алса керек. Себебі, сен кім болсаң да, әділдік пен адалдық болмаған жерде, ырыс пен береке де болмайды. Жат ағымның сойылын соғу – жақсылыққа апармасы тағы анық.
Бақыт СМАҒҰЛ,
«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
КӨКШЕТАУ