Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
– Елімізде әлеуметтік бастаманы қолға алуға қандай жағдай түрткі болды?
– Қазір әлеуметтік желілер, смартфондар, ғаламтор жаңа буынның өсіп-өркендеуіне өз ықпалын тигізіп отыр. Сондықтан психологтер мен әлеуметтанушылар бұл буынды «Z ұрпақ» деп жіктеп қарастырады. Америкалық психолог Джонатан Хайдт өз еңбектерінде оларды уайымшыл, тұйық мінезді, әлеуметпен қарым-қатынасы әлсіздеу деп көрсетеді. Зерттеушінің пікірінше, цифрлық технология 1997 жылдан кейін дүниеге келген жастар өмірінде түбегейлі еніп қана қоймай, оған деген тәуелділікті күшейткен. Бұл үрдіс жас буынның тұлға ретінде қалыптасуына кері әсерін тигізеді.
Цифрлық дәуірдің жетістіктерімен қатар өскен ұрпақта әлеуметтік медиа, смартфондар арқылы үздіксіз желідегі байланыс олардың күнделікті өміріне де ерекше ықпал еткен. Телефонға телмірген азаматтарда ұйқы режімі бұзылған, бұл олардың денсаулығына кері әсер берген. Ал ұйқының нашарлығы өз кезегінде депрессия мен уайым деңгейінің ұлғаюына әкеледі. Ұлыбританияда жүргізілген зерттеулерде жасөспірімдердің 75%-ға жуығы ұйқы алдында смартфон қолданатыны көрсетілген. Бұл олардың ұйқыға кетуін 1–2 сағатқа кешеуілдетеді, ізінше ағзадағы мелатонин бөлінуі төмендеп, психикалық жағдай нашарлайды. Одан қалды жастар кей азаматтардың экрандағы «қызылды-жасыл, жылтырақ» өмірін байқап, өздерін солармен салыстырады. Бұл үнемі өзінен күмәндануға, бойында «жеткіліксіз» сезімінің дамуына әкеледі. Салдарынан өздерін толық аша алмайды, қоғамда белсенділігі төмендеп, қарым-қатынасқа шорқақ болады. Жетістікке деген жоғары талап пен сыртқы қысым да жастарға, әсіресе буыны әлі беки қоймаған жас өскінге үлкен психологиялық жүк болуы мүмкін. Ал ылғи үздік болуға деген талпыныс өз «менін» таппаған жастың бойына белгілі бір деңгейде комплекс жияды.
«Countrycassette» халықаралық тәуелсіз интернет журналында депрессияның таралуы жағынан еліміз 180 мемлекеттің арасында 93-орында тұрғаны жазылған. Есепке сүйенсек, бізде психологиялық құлазуға бейім азаматтардың саны болжаммен 732 мыңға жетіп, 4,4%-ды құраған. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасына сәйкес депрессияның деңгейі – 5-7% арасында. Демек жаһандық орташа деңгейден асып түскенбіз.
– Жастар қаншалықты психолог көмегіне жүгінеді?
– Жасыратыны жоқ, елде кейінгі кездері азаматтар әртүрлі проблемамен психологиялық көмекке жүгініп жатады. Олардың басым бөлігі жастар десек, артық айтпаймыз. Бұған «BF-line» жобасы аясында да көз жеткіздік. Жоба іске қосылғалы 5 мыңнан аса өтінімді өңдедік. Кәсіби қолдау республиканың әр түкпіріндегі жастарға «BFLine.org» сайты арқылы қолжетімді болды. Осылайша, өткен жылы 642 азаматқа көмек көрсеттік. Ал биыл 11 айда көрсеткіш 1 800 өтінімге жетті.
Бағдарласақ, өтінімдердің 30%-ы – 29–35, 29%-ы – 24–28, 28%-ы – 18–23, 13%-ы 14–17 жас аралығын құрайды. Белсенді болғандардың көпшілігі – Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан. Бұл өңірлердегі жоғары көрсеткіш ақпараттық жұмыстың белсенді түрде жүргізілуімен, жергілікті жастардың психологиялық қолдауға деген мүдделігімен байланысты.
Бастысы – жастардың психикалық денсаулықтың маңыздылығын түсінетінін, кәсіби қолдау сұраудан қорықпайтынын көрсетеді. Әрі жас буын арасында эмоционалдық күйіне қамқорлықпен қарау мәдениеті қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
– Оларды қандай мәселелер алаңдатады?
– Жастар көбіне біздің мамандарға мазасыздық (19%), өзін-өзі бағалаудағы тұрақсыздық (12%), отбасылық проблемалар (12%) себебінен жүгінген. Сондай-ақ өмірден қажып кеткендер (9%), балалар мен ата-аналар арасындағы кикілжіңдерге (8%), қорқынышқа (7%) қатысты өтінімдер де түсті.
Жалпы, жастар бойында үрей басым. Біздің жобаның мақсаты – жасы 35-ке дейінгі отандастарымыздың болашағына қатысты алаңдаушылығын сәл де болса төмендету, олардың менталды саулығын нығайту және кәсіби психологиялық көмекке жүгіну мәдениетін одан әрі дамыту. Себебі олар түрлі экономикалық, әлеуметтік, саяси тұрақсыздық кезеңінде өмір сүріп жатыр. Жаһандық климаттың өзгеруі, пандемия сияқты әлемдік дағдарыстардың белең алуы да жас буында болашаққа деген сенімсіздікті, күмәнді ойлардың өршуіне түрткі болады. Ал бұл адамдарды өз ойымен күресуге, қоғамнан оқшаулануға итермейді.
Белгілі бір кезеңдерде дүниеге келген азаматтарда мінез-құлық ерекшеліктері де болады. Яғни әр ұрпақты қоршаған тарихи контекст олардың әлеуметтік-психологиялық қасиеттерін қалыптастырады. Қазіргі ата-ана өздері қысым мен темірдей тәртіпті ұстанған отбасына, әлеуметтік ортада тәрбиеленген соң, балаларына көбірек еркіндік беруге ұмтылады. Содан болар, олар үшін ешқандай шектеу, қатал қағидат, тұрақты көзқарас жоқ. Мұны місе тұтпайтын азаматтар оларға жұмыс не оқу орнында, қоғамда белгілі бір деңгейде қысым көрсетіп, көзқарастарын құнсыздандырып жатады. Себеп ретінде «қазіргі жастар бұзылған, біздің кезімізде былай болушы еді», «кеңес кезіндегі жүйе – ең дұрысы» деген секілді аргумент келтіреді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей, кей таным-түсініктің, пайым-көзқарастың, пікірдің мән-маңызы трансформацияланғанын ұғу керек. Адамның бәрі бірдей ұлтқа тиімді оң көзқарасты ұстанбайды. Аға буын өкілдерінің арасында жастардың санасын улап, өз пайдасына асырып отырғандары да бар. Сондықтан мемлекет жаңа сатыға өтуі үшін уақыт талабына сай біртұтас ұлт ұғымының мәнін ашатын, маңызын жоймайтын құндылықтарды ілгерілетуді ойластыруы қажет.
– Неліктен психология мейнстримге айналып жатыр?
– Тұрмыстағы зорлық-зомбылық, мектептегі буллинг, эмоционалды қажу жастардың психологиялық санасының тұрақсыздығына сеп болып отыр. Бұл әсіресе балалар мен жасөспірімдердің болашаққа жоспар құруына, табысты болуға, өзін дамытуға деген құлшынысын тежейді. Себебі тепкі мен езгі көріп жүрген жасөспірім сабақ туралы емес, негатив ойға көп беріледі. Осы орайда психологияның сұраныста болуы – қалыпты. Алайда біздің қоғамда «психогигиена» қалыптасып үлгерді деу қиын.
Қазіргі жастардың рухани құлдырауын және санадағы дағдарысын жеңу – кешенді, жан-жақты зерттеуді талап ететін күрделі мәселе. Цифрлы технологияларды қолдануды шектеу – бұл мәселеде оңтайлы жол емес. Рухани құлдырауға тосқауыл қою үшін жас буынның ішкі жандүниесіне үңіліп, өзін-өзі тануына жол ашып, әлеуметпен қарым-қатынас орнатуына ықпалдасу қажет. Сондықтан келер жылы жоба аясында 3 мыңнан аса онлайн-консультация өткізіп, географиялық аумақты кеңейте түсуді көздеп отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»