Кәсіпкер • Бүгін, 09:30

Береке белсендіге бітеді

24 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шалғайдағы шоқ жұлдыздай шағын ғана Тасөткел ауылының көсегесін көгертіп тұрған «Темірлан» серіктестігі. Серіктестік мал өнімдерін өңдеу бағытында көпкөрім нәтижеге қол жеткізіп келеді.

Береке белсендіге бітеді

Сүт өнімі өндірісін көбейту­мен қатар жаңа жұмыс орын­дары­ның ашылуы жергілікті жұрт үшін ақ түйенің қарны жарыл­ған қуанышқа айналған. Ауылда қол қусырып қарап отыр­ған адам жоқ. Еңбекақылары уақ­тылы әрі қомақты төленген­нен кейін түгелге жуық ортақ іске өз үлестерін қосып жатыр. Кей­бір жер­лердегідей туған жердің то­пы­рағынан үдере көшу бай­қал­майды. Белсенді іс-қимыл­дары арқылы ел еңсесін көтеруге септігін тигізіп келе жатқан серіктестік өңірдегі осы тектес ауыл шаруашылығы кәсіпорын­дарына елге деген жана­шырлығымен, қамқорлығымен үлгі. Енді осы толайым табысты сәл ғана таратып айталық. Өткен жылы қолға алынған  инвестициялық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, 400 бас ірі қараға шақталған ферманың құрылысы аяқталды. Құрылтайшылар жобаны толық аяқтап шығу үшін өздерінің 700 млн теңге қаражатын жұмсады. Қазір компания «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­рациясынан 1 млрд 87 млн теңге несие алып, екінші фер­маның құрылысын бастап кетті. Жаңа ферма да 400 бас қара малға лайықталған.

Өндіріс өрісінің кеңеюі мал сүмесімен күн көріп отыр­ған жергілікті жұртқа да пайдалы. Толымды табысы бар жаңа жұмыс орындары ашылады. Біреуі мал бақса, біреуі сиыр  сауып, адал еңбектерімен әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайын жақсартады. Қазақша айтқанда, кәдімгі күнкөріс көзі. 

Сүт өнімдерін өңдеуді жолға қою үшін жаңа технологияны пайдаланып отыр. Төрт түлік малдың бабын табу жергілікті жұрт үшін таңсық шаруа емес. Ал өнімін өңдеу айрықша маңызды мәселе. Бұрынғыдай «қойын құрттап, сүтін ұрттап» барға қа­на­­ғат деп жүре беруге болмай­ды. Бар дүниені ұқсата білген жөн. Адырлы, тастақ, шөбі құнарлы өлке қара мал үшін мейлінше қо­лайлы. Әйтсе де, тыңға түрен салған әнебір жылдары құйқа­лы өңірдің құты қашқаны да шын­дық. Сондықтан, мал азығын мей­лінше түрлендіріп, мол дайындамай, қыр асу қиындай бермекші. Мәселенің мәнісін жақсы түсін­ген серіктестік «сиырдың сүті тілінде» екенін жақсы біледі. Мал бағу әдісін де ғылыми негізде жетілдіріп, толымды етуде.

Бүгінгі күні жоғары сапалы өнім өңдейтін түрік құрылғысы алынбақ. Жалпы құнының тоқсан пайызы төленіп те қойылды. Осы айдың соңына дейін сүт өнімдерін өңдейтін шетелдік құрылғы толық жеткізілмек. 410 бас герефорд асыл тұқымды сиырына келі­сімшарт жасалды. Алғашқы 30 бас ірі қара жеткізіліп, карантинге қойыл­ған. Алдағы жылдың алғашқы жар­ты­жылдығында толық жеткізілмек. Осылайша, мал тұқымы асылдандырылып, сапасы жақсартыла түспек.

Серіктестік сенімді қадам жасаумен қатар алдарына биік мақсат та қойып отыр. Нәтижеге қол жеткізетіндігі сөзсіз. Өйткені серіктестік басшысы Ерлан Алин іскерлігімен танылған азамат. Тәжірибелі басшы ауыл шаруа­шылығының жілігін шағып, майын ішкен майталман маман ғана емес, сонымен бірге, туған жердің түтінін түзу ұшыруға аянбай ат салысып жүрген жанашыр жан. Еңбегіне қарай  үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен және бірнеше медаль­мен марапатталған, Жар­қайың ауданының құрметті азаматы.

ва

Жарқайыңдықтар үшін Ерлан Алин­нің табанды еңбегі әдемі үлгіге айналған. Бұл төңіректе шаруашылық туралы сұрай қалсаңыз, халықтың дені осы серіктестікті мақтана ауызға алары сөзсіз. Ауа райы күрт өзгеріп, кей жылдары қырын қабақ танытса да, жұртты жақсылыққа бастап, адал еңбекке ұйымдастырып, күш-қуат, қажыр-қайратын бір арнада тоғыстыра білетін және болашағын болжап, келешегін кемел етуге тырысатын еңбеккер жанның бейнесі нағыз бүгінгі күннің қаһарманы кейпінде. Бір қызығы, серіктестік басшысының өткеніне үңілсеңіз, мамандығы өзге тараптан екен. Әуелі дене тәрбиесінің мұғалімі болған, шаңғы спортымен бел­сенді айна­лысқан. Әскери боры­шын өтеп келгеннен кейін жаттық­ты­рушы болып еңбек еткен. Мүм­кін қиындықтан қайыспау, жол-жөнекей кездескен бөгесінді бұ­зып-жарып, алға ұмтылу спорт­та қалыптасқан мінез бе екен?

Әуелі «Саян» шаруа қожа­лы­ғын құрыпты. Малды өз тө­лін­­ен өсіріп, қажетті техни­ка­ны жинақтаған, ескіні жамап-жасқаған. Төрт құбы­ласын тегістеген соң «Темірлан» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігін құр­ған. Бүгінгі босағасына береке біт­кен ұжымның алғашқы бастауы осылайша қалыптасқан. Кейін Ерлан Қинуарбекұлы істің көзін таба білген ілкімділігінің арқасында шаруасын мығымдай түскен. Игілігін ел көріп отыр. Серіктестік өнімдері сапасы жағынан жоғары бағаланады. Тұтынушылар тарапынан өкпе-наз айтылған емес. Шалғайдағы шағын ауылдың шырайын кел­тіріп отырған да осы. Жалғыз төрт түлік мал ғана емес, тың дала төсінде ақық дән де өсіреді. Егістік алқабы 45 мың гектарды құрайды. Кешегі кеңес заманындағы екі кеңшардың жері. Осыншама жерді өңдеу үшін қуатты техника, қажырлы жұмыс күші керек екендігі белгілі. Болашақтың жайын ойлаған шаруашылық басшысы ауыл шаруашылығына қажетті техниканы жүз пайыз жаңғыртқан.  

«Темірлан» серіктестігі қазір бері қойғанда аудандағы, әрі қойғанда өңірдегі етек-жеңі кең пішілген ірі ауыл шаруашы­лығы кәсіпорны санатында. Серіктес­тік өз шаруасын ыждағаттау­мен қатар, ауданның әлеумет­тік-тұрмыстық жағдайының жақ­саруына көп көмек көрсетті. Елді мекендердің жолын жөндеуге, білім мен мәдени нысандарып жаңғыртуға ат салысып келеді.

Биыл төрт бірдей инвестиция­л­ық жобаны қолға алып, жүзеге асырып жатыр. Егін шаруашы­лығында табысқа қол жеткізу үшін 340 гектар алқапты суармалы егістікке көшіру мақсатында итальяндық құрылғы сатып алған. Желілік элеваторға сапасы мықты түрік құрылғысын орнатқан.    

Серіктестік табысқа қол жет­кізумен қатар, өз ауылымен бірге тұтас ауданның да ахуалын жақсартуға септігін тигізіп келеді.

 

Ақмола облысы,

Жарқайың ауданы