08 Қараша, 2013

Адамзат денсаулығына алаңдаған Алматы декларациясына – 35 жыл

401 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Медициналық санитарлық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Алматы декларациясының 35 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті.

 

Алматы қаласында Медициналық санитарлық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Алматы декларациясының 35 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті.

Осыдан 35 жыл бұрын алғаш рет әлемнің 134 мемлекеті бас қосып Алматы декларациясын қабылдаған еді. Сол келісім бойынша медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамытуға ба­сым­дық беріліп, мұны бүкіл әлемдік денсаулық сақтау жүйесі үшін басты бағыт етіп ұстану тәртібі айқындалған-ды. Медициналық көмек көрсету жобасының басты қағидалары мен даму элементтері де осы Қазақ жерінде бір ізге түскен.

1978 жылғы Декларацияда тұжырымдалған МСАК философиясы халық денсаулығын сақтау саласында әлемдік бірегей стратегия әзірлеуде алғашқы әрекет ретінде танылып, «2000 жылға қарай денсаулық барлығы үшін» қа­ғидасын жариялаған Алматы декларациясын Бүкіләлемдік ден­саулық сақтау хартиясы деп жариялаған.

Халықаралық конференция аясында Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық бюросының директоры Жужанна Жакаб, БҰҰ Балалар қоры-ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Джун Куки­таның қатысуымен Алматы декла­рациясын қабылдаған Рес­публика сарайының қасбетінде ашылған мемориалдық тақтаның салтанатты рәсіміне қатысып, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде келешекте Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымы алғашқы меди­циналық көмек көрсету жө­ніндегі кеңсесінің орналасатын жерінде болды. МСАК бойынша алғашқы кеңсе ДДҰ атқарушы ди­ректорының шешімімен және Қазақстан Республикасы Үкі­метінің қолдауымен аталмыш жоғары оқу орнының іргесінде 2014 жылы өз жұмысын бастайды.

Әлемнің алпыстан аса мемле­кетінен айтулы мамандар келіп қатысқан халықаралық конференцияны Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова сал­танатты түрде ашып, алқалы жиынды өзі жүргізіп отырды. Адамзат денсаулығының бүгіні мен келешегі сөз болған отырыс­та Премьер-Министрдің орынбасары Е.Орынбаев, Сыртқы істер министрінің орын­ба­сары А.Волков, Алматы қала­сының әкімі А.Есімов, ДДҰ ЕБ директоры Ж.Жакаб, ЮНИСЕФ бағдарламасының директоры Н.Алипуи, Еуроодаққа қарас­ты 27 елдің атынан Литва ден­сау­лық сақтау министрі В.Ан­дрю­кайтис, Дүниежүзілік банк­тің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ш.Аккая, Парламент Сена­тының әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы А.Би­жанов, Ресей денсаулық сақ­тау министрінің орынбасары И.Каграмян, Ислам әріптестік ұйы­мының бас директоры С.Алпай және 1971-82 жылдары денсаулық сақтау министрі болған, қазіргі «Қазақ тағамдану академиясының» президенті Т.Шарманов сөз алып, әлемдік деңгейде күллі адамзаттың болашағына қызмет етіп отырған бұл ынтымақтастық қатынастың маңыздылығына тоқталды.

Бұдан әрі екі күнге созылған халықаралық конференция аясында әр алуан секциялық жұмыстар жүргізіліп, медициналық заманауи құралдар мен көмек көрсетудің тиімді шаралары туралы көрмелер ұйымдастырылды. Әр елдің медицина мамандары өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, өзара пікір алмасу және жан-жақты пайдалы кеңестер беру мүмкіндігіне де ие болды.

Бірлескен жұмыс нәтижесі халыққа, әсіресе, ауыл тұрғын­дарына денсаулық сақтаудың қолжетімділігі мен сапасын арт­тыруға, профилактикалық бағ­дарламалардың тиімділігін көте­руге, инфекциялық емес ауруларды туындататын тәуекел факторларымен күресті күшейтуге зор ықпал ететін болады. Жиында тал­қыланып, мақұлданған шешім­дер «Саламатты Қазақстан» мем­ле­кеттік бағдарламасын 2014-2015 жылдары іске асыру барысында жоспарланып отырған Медициналық санитарлық алғаш­қы көмек көрсету реформаларына негіз болары хақ.

МСАК жөніндегі Алматы дек­ларациясының 35 жылдығына арналған халықаралық конференция шеңберінде еліміз Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық бюросы­ның директоры Жужанна Жакаб 2014-2015 жылдарға арналған Қа­зақстан Республикасы Денсау­лық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы арасындағы ынты­мақ­тастық жөніндегі екі жылдық келісімге қол қойды.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар

Қайтарылған активтің игілігі

Аймақтар • Бүгін, 08:40

60 отбасының қуанышы

Қоғам • Бүгін, 08:38

Ата заң жобасы сараланды

Саясат • Бүгін, 08:22