Пікір • 01 Қазан, 2020

Ұлттық болмыс жауапкершілікке үндейді

782 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне қатысты реформаларды жүйелі түрде жүргізу қажеттілігі баяндалады. Мемлекеттік басқару теориясында құқықтық, саяси және басқарушылық тәсілдер мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаларын қалыптастыратындығы айтылады. Ал басқарушылық тәсілде айтылғандай, мемлекеттік басқарудің тиімділігі, үнемділігі, нәтижелілігі мен әлеуметтік жауапкершілігі негізгі құндылық саналады.

Ұлттық болмыс жауапкершілікке үндейді

Бүгінде кез келген елдің болашағы өңірлер деңгейіндегі өзгерістерге байланысты. Бұл тұста өңірлердің тең­герімді әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, өңірлердегі әлеу­меттік-экономикалық ахуал мен өмір сапасының айырмашылық деңгейін қысқарту маңызды. Сондықтан өңірлерді дамыту ісіне қатысты тың идеялар тиімді жүзеге асатындығына толықтай сенімдіміз.

Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты мәселесі еліміздің басты бағыттарының бірі екені баршамызға мәлім. Әл-ауқат түсінігі әрдайым қоғамдағы жеке адамның жайлы өмір сүруі мен сәт­ті қызмет атқаруымен сипатталады. Демек, «өмір сапасы» мен «өмір дең­­гейі» түсініктері әл-ауқат деңгейін көр­­­сетеді. Сонымен қатар әлеуметтік сая­саттың жаңа парадигмасы әл-ауқат құры­лымындағы мына құрамдастарға ерекше мән береді: халықтың табыс деңгейі мен тұрғын үй жағдайын көр­сететін материалдық әл-ауқат; халық денсаулығының жайы мен қауіпсіздігін қам­тамасыз ететін табиғи әл-ауқат; тұл­ғааралық қатынастар, қоғам өміріне араласуды айқындайтын әлеуметтік әл-ауқат; тұлғалық өсу, психикалық және рухани денсаулық, сенімді көрсететін эмоциялық әл-ауқат; жұмыстағы құзы­реттілік пен еңбек өнімділігіне ықпал жасайтын кәсіби әл-ауқат.

Жолдауда қолжетімді әрі сапалы білімге де ерекше мән беріледі. Инно­вациялық экономиканы қалыптас­тыру үшін қоғамның серпінді эконо­микалық өсімі мен әлеуметтік дамуының негізі және азаматтардың әл-ауқаты мен ел қауіпсіздігінің факторы болып табылатын білім беру жүйесін жаң­ғырту негізгі шарт болып табылады. Білім саласындағы бәсекелестік тек ин­но­вацияларды игеріп қана қоймай, жаһан­дық талаптарға бейімделуді және технологияларды үнемі жаңартып отыруды қажет етеді. Сондықтан сапалы білімге қол жеткізу әлеуметтік әділдік пен саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін азаматтардың маңызды өмірлік құндылықтарының бірі болып қала береді. Бұл тек мемлекеттің ғана емес, ұстаз­дар қауымы, ата-аналар мен оқушы­лардың ерекше жауапкершілігін талап етеді. Ғылымда халықаралық тәжіри­беге арқа сүйеу және «Жас ғалым» жобасы­ның жүзеге асуы ғылыми-технология­лық ілгерілеуіміздің іргетасы болмақ.

Жаңа жағдайдағы денсаулық сақ­тау саласын дамыту қоғам мен мем­лекеттің маңызды міндеті. Әр елдегі халық денсаулығын сақтау жүйесін ұйымдастырудың және бұл саладағы экономикалық қатынастар ерекшелігін талдау барысында мынадай негізгі экономикалық сипаттамалық белгілерді байқауымызға болады: меншік қатынас­тары; қаржыландыру тәсілдері; өнді­ру­шілер болып табылатын медицина қызметкерлері мен тұтынушы халық­ты ынталандыру тетіктері; медици­налық көмектің көлемі мен сапасын бақы­лаудың түрлері мен әдістері. Біздің ойымызша, бұл белгілер алдағы уақытта да өзектілігін жоғалтпайды. Ал медициналық инфрақұрылымды дамыту үшін білім, ғылым және мәдени құндылықтар ықпал жасайды. Білім мен ғылымның денсаулық саласына ықпалы бар екендігі түсінікті. Бүгінгі таңда әр адам өзінің денсаулығын қалып­ты деңгейде сақтау өте маңызды екенін біледі. Бірақ денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыру бойынша көптеген жұмыстар жүргізілуі тиіс.

Биологиялық әркелкілік өмірдің барлық көріністеріндегі алуандық пен биологиялық жүйе күрделілігінің көрсеткіштері мен құрамдастарының сапалылығын білдіреді. Генетикалық, эко­жүйелердегі түрлер мен осы эко­жүйе­дегі әркелкілік маңызды болып табылады. Америкалық эколог Роберт Уиттекер зерттеуінде биологиялық әркелкіліктің қоршаған орта факторларына тәуелділігі дәйектеліп, қауымдастық ішіндегі, қауымдастықтар арасындағы және орта градиенттері бойынша жүйенің әркел­кілігі туралы баяндалған. Бұл да алда­ғы уақытта назарға алынатын идея. Соны­мен қатар экологиялық туризмнің дамуы экологиялық білім беру және насихатпен тікелей байланысты. Табиғатты тану арқылы біз қоршаған ортаға мұқият қарау қажеттілігін сезінеміз, халық арасында экологиялық мәдениет пен ойлар қалыптасады.

Әділетті мемлекет түсінігі ежелгі грек философы Платон еңбектерінде молы­нан кездеседі. Ұғымды зерттеу бо­йынша ғылымда бірнеше тұжырымдар да бар. Ғылыми сараптаулар негізінде әділетті мемлекет деп халықтың билік­ке сенімі, атқарылып жатқан баста­ма­лар­­ды қолдауы және ортақ игілік мүдде­лері үшін мемлекеттік билік қыз­метін оң бағалауы болып табылады. Сондықтан «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы халық пен биліктің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деп түсінеміз.

Цифрландыру ең алдымен эконо­миканың жаңа процестерге бейімделуін, ақпараттық технология­ларға негізделген тәсілдер және оны басқаруды көздейді. Жалпы, көптеген ғалымдар цифрландыру технология немесе белгілі бір өнім еместігі туралы айтады. Демек, ол әр жұмысты өзгертуге бағытталған цифр­лық ресурс­тарды пайдаланудың тәсілі дегеніміз дұрыс болар. Сондықтан бұл игіліктің кең мүмкіндіктерін қоғам­ның барлық салаларында оңтайлы пайдалану маңызды.

Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы халықтың жеке қажеттілік­терін қанағаттандыруға ықпал жасайды. Мемлекеттік басқаруға азаматтардың қатысуының барлық түрлері қоғам үшін маңызды өзгерістерді қамтып, тиімді қолданылған жағдайда әлеуметтік әсер қалдырады. Сондықтан саяси тәжірибе барысында саяси процестерде орын алып отырған саяси қатысудың негізгі түрлерін қолдану тиімділігін көрсетеді. Ең бастысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын биліктің барлық өкілдері терең түсінуі қажет.

Ұлттың жаңа болмысы білімді болуды, еңбек етуді, кәсіби дағдыны қалыптастыруды, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершіліктің қажеттілігін, әділетті болуды және адалдық, ұқыпты­лық, тиянақтылықты қажет етеді. Бұл үшін «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесіндегі негізгі триадаларға аса жоғары дәрежеде мән бергеніміз жөн.

Қорыта айтқанда, Мемлекет бас­шы­­сы­ның Жолдауын халық жоғары баға­лады деп ойлаймыз. Жолдау­дағы тың идеялар мен бастамалар ін­дет­пен күрес жағ­дайындағы еліміз­дің алдағы уақыт­тағы жоспарларды жүзе­ге асыруға ке­дер­гі болмайтын­дығына сеніміміз мол.

 

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдар кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры

 

Қызылорда