Әлем • 01 Қазан, 2020

Алғашқы дебат өтті

432 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сәрсенбіге қараған түні АҚШ-тың Кливленд қаласында АҚШ президентіне үміткерлер арасында дебат өтті. Респуб­лика­лық және Демократиялық партиялар өкілі Дональд Трамп пен Джо Байден арасындағы пікірталастың бұрынғы үміткерлер дебатынан өзгеше болғанын бірқатар БАҚ жарыса жазуда.

Алғашқы дебат өтті

Дебат ережесі ескерілмеген, дипломатия талаптары сақталмаған пікірталаста Джо Байден АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трампты мемлекет тарихындағы ең нашар басшы деп атаса, Трамп Байденнің әр сөзін бөліп, ойын аяқтауға мұрша бермеді. BBC агенттігі бұл тартыста жеңісті Джо Байденге беріп отыр. «Бұл сайыста Байденді америкалықтарға қысымға төтеп бере алатынын дәлелдеуге тырысқаны үшін жеңімпаз деп есептеуге болады. Сонымен бірге дебат тәртібін сақтап, Дональд Трампқа қарағанда оппонентінің сөзін бөліп, өзіне қарсы қандай сөз айтылса да әріптесіне ойын жеткізуге мүмкіндік берді» деп жазады.

Дебатта қозғалған тақырыптардың бірі әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпа­ған коронавирус болды. Трамп өзінің панде­мия­мен күрес шараларын айтып, соның нәтижесінде өлім саны 200 мың­нан аспағанын айтты. Осы ретте Дональд Трамп президенттікке Байден келсе, жағдай одан сайын нашарлайды деген болжамын жеткізді.

Екеуі бірін-бірі бірнеше қылмысқа қатысты деп айыптады. Дональд Трампқа расистік топтардың көбеюін қолдады деген  айып тағылса, Байден 1993 жылы қыл­мыспен күрес жөніндегі заң жобасын қолдады, салдарынан қара нәсілді қыл­мыс­керлердің көбейгенін ортаға салды.

Джордж Флойдтың да өлімі сөз болды. Басылымдар сәрсенбідегі дебаттың тарихта қаларына сенімді.

Теледебаттың модераторы Крис Уоллес екеуіне мардымды аргументтер айтып, өз бағдарламасын түсіндіруге тағы бір мүмкіндік берді. Алайда жақсы сая­си стратегия орнына үміткерлер уа­қыт­­ты бос жіберіп, тіпті билеп кетті. До­нальд Трамп өз сөзінде вице-президент Бай­денге «Мен 47 айда сен 47 жыл өмі­рің­де бітірмеген жұмысты аяқтадым», деді.