Әлем • 01 Қазан, 2020

Таулы Қарабақ үшін күрес жалғасып жатыр

1612 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әзербайжан мен Арменияның Таулы Қарабақ үшін күресі жалғасып жатыр. Әзербайжан Қорғаныс министрлігі аймақта жүрген Армения әскерін қоршауға алғанын хабарлады. Ал Армения бұл соғыста Ресейдің қорғаныс әлеуетін қолданатынын мәлімдеді.

Таулы Қарабақ үшін күрес жалғасып жатыр

Бұл аталған аймақ үшін 1994 жылдан бері орын алып отырған ең үлкен қақты­ғыс. Бұл шиеленіс екі мемле­кет­пен шектеліп қалмай, одақтастары Түркия мен Ресейдің де араласуына әкелді. Түркия Сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоғлы «Әзербайжан мәселеге шешім табуды қажет деп тапса, біз тиісті шараларды қолға аламыз» деген мәлімдеме жасады. Министрдің айтуынша, әзірге Әзербайжанның жағдайды шешуге өз әлеуеті де жетеді.

Одан кейін Франция үкіметінің Арменияны қолдайтыны белгілі болды. Франция президенті Эммануель Макрон Түркияның демеуі Әзербай­жан­ның Таулы Қарабақ аймағын өз иелігі­не алуға жігерлендіріп отырға­нын айтады. Оның ойынша, екі елдің мәсе­лесіне бұлай араласу жөнсіз. «Мен бұл жерде Түркияның қауіпті әрі ойға қонымсыз саясатын көріп тұрмын», деді Э.Макрон.

Бұған дейін Армения премьер-ми­нистрі Николь Пашинян Ресей прези­денті Владимир Путинмен телефонмен сөйлескенде, бұрынғы Кеңес қорғаны­сынан көмек сұрауды жоспарламайтынын жеткізген еді. Алайда үкімет басшысы мұның мүмкін екенін де жасырмады.

Әзербайжан Қорғаныс министрлігі қақтығыста қарсы жақтың 130 танкісі, 200 артиллериялық жүйесі, 25 әуе қорғаныс жүйесі, 50 танкіге қарсы қаруы жойылғанын хабарлады.

Армения тарапы әзірге Армения, Әзербайжан, Ресейдің біріккен самми­тін күтудің орынсыз екенін мәлім­деді. «Келісім үшін қолайлы кезеңді күту керек. Әзірге мынадай жойқын қарулы қақтығыс кезінде мәмілеге келу­дің басқа жолын іздеу керек», деді Пашинян.