Павлодар өңірі өзінің картоп-сәбіз секілді көкөніс өнімдерімен республикаға танымал. Жыл сайын 500 мың тоннадан астам мөлшерде картоп жиналады, биылғы түсім одан да артық. Яғни 564 мың тоннадан артық болады деп болжануда.
Фермерлік шаруашылықтар картоп, көкөніс өнімдерін молынан жинап жатқанда, жылдағыдай жәрмеңкеге апарып саудалауға мүмкіндік берілмей келеді. Әуелде 17 тамыздан бастап карантиндік шаралар бәсеңдетілген кезде шаруалар «Енді сөрелерге өнім апарармыз», деп үміттеніп қалып еді. Павлодар облысының Ақсу қаласындағы Евгеньевка ауылының көкөнісшілері осыған дейін бір түптен 2,5 кило қызанақ алып жатқанын, алайда қалаға апарып сатуға мүмкіндік жоқтығын айтып шағымданған еді. Ол кезде де ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері санитарлық дәрігердің тиісті қаулы-рұқсаты жоқтығын көлденең тартқан. Сонда дән еккен ағайынның нәпақасын кім ойлайды? Олар да күзде жәрмеңкеге өнім апарып саудалауды жоспарлап қойған еді ғой. Міне, қазан айы да келіп жетті. Өнім қатары ұлғайып келеді, қырыққабат та жиналады. Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында, өзге де облыстарда ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өткізіліп жатқанына 1 айдай уақыт болса да, Павлодар өңірі неден секемденіп отыр? Жағдай бұлай жалғасып, жиналған өнім тұрып қалса, көп кешікпей бұзыла бастайтыны анық. Дәл осы сәтте жәрмеңке ұйымдастырылса, шаруашылықтар облыс орталығына өнімдерін әкеліп, арзан бағаға жылдам өткізіп жіберер еді. Жақында облыстық әкімдікте өткен жиында «Ақтоғай-Агро» ЖШС-ның бас директоры Александр Терентьев көкөністі сыртқа өткізе алмай, тығырыққа тіреліп отырғанын жасырмады. Аймақтағы ірі шаруашылықтар тығырықтан шығар жол таба алмай отырғанда, орта және ұсақ шаруашылықтардың мүшкіл халін бағамдай беріңіз.
Жыл сайын жәрмеңкеден қысқа жетерлік қор сатып алатын тұтынушы қауым да арзан бағалы өнімдерді өндірушілерден тікелей сатып алуды әлі күтуде. Қанша күтері де беймәлім.
– Азаматтардың денсаулығынан асқан байлық жоқ, ережеге бағынуымыз керек. Бірақ қазір жағдай тұрақталды ғой. Нағыз жәрмеңке ұйымдастырылатын уақыт. Санитарлық талаптар сақталып өткізілсе, кімге зиян? Шаруаларға да, біз сияқты аз ғана зейнетақысын үнемдеп отырған қарияларға да тиімді емес пе? Әйтпесе қазір сауда орындарында барлық азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбат. Егер жәрмеңке жұмыс істей бастаса, өнімдерді әлдеқайда төмен бағаға сатып алатын едік, – дейді облыс орталығының тұрғыны, зейнеткер Айтжамал Молдаханова.
Тұрғындардың базынасын Павлодар облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Асайын Байхановқа жеткіздік.
– Иә, жәрмеңкенің қайта өткізілгені дұрыс болар еді. Бірақ облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына бағынамыз. Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкеге сатып алушылар бір жерден кіріп, бір жерден шығады. Дезинфекциялық тоннель орнатылып, өзге де санитарлық ережелер қатаң қадағалануда. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Дей тұрғанмен, келер аптадан бастап жәрмеңкені өткізу мәселесі қарастырылуда. Көкөніс өсірушілер өнімін өткізе алмай жатыр дегенге келісу қиын. Чернояркалық шаруалар картоп пен сәбізді Ресейге, еліміздің өзге де өңірлеріне жөнелтуде. Қоймаларда да сақтауға мүмкіндіктері бар, – дейді А.Байханов.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маманы Татьяна Нагуланың мәліметінше, Павлодар облысында 2019 жылы 616 жәрмеңке өткізіліп, онда 2 млрд 233,1 млн теңгенің өнімі саудаланған. Тек облыс орталығында 50 жәрмеңке ұйымдастырылып, 1 млрд 716 млн теңгенің тауары сатылған. «Негізінен, облыста өндірілетін көкөніс, картоп өнімдері, дақылдар, қара мал, ұсақ мал еті, құс еті, бал, жұмыртқа, тағы басқа өнімдер саудаланған. Биыл, өкінішке қарай, көктемнен бері бұл шара тоқтатылды. Ендігі жерде бұл мәселе аса өзекті. Жәрмеңкеден жұртшылық қысқа қажетті азық-түлік қорын сатып алады. Бұл жағдай өндірушілерге де аса тиімді», дейді басқарма маманы.
Сөздің түйіні, дәстүрлі сенбілік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін санитарлық талаптарды сақтай отырып, Павлодар облысында неге қайта өткізбеске? Осы мақаланы жазу барысында басқарма өкілдері хабарласып, қазір аудан-қалалармен келіссөз жүргізіліп жатқанын хабарлады. Шаруашылықтарды ұйымдастыру арқылы осы сенбі, 3 қазан күні алғашқы жәрмеңке өткізілуі мүмкін.
Шынымен, жәрмеңке қайта жалғасын тапса, ұзақ күткен жұртшылыққа да, өндірушілерге де бірдей тиімді болары сөзсіз. Дегенмен, басқарма өкілдері келушілерге сақтықты қатаң сақтау, бақылау шаралары туралы барынша ескертілетінін айтуда. Әрине, келіспеске амал жоқ. Бастысы, күздің берекесі қалалықтардың дастарқанына жетуі тиіс. Иммунитеттің көкесі де осы дәруменді өнімдерде.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ
ПАВЛОДАР