Аймақтар • 06 Қазан, 2020

Індеттің ізі ұлғайып келеді

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құс қанатына ілескен індетке тоқтау жоқ екен. Шалғайдағы Жарқайың ауданының Шойындыкөл ауылында басталған індет бірте-бірте тарап келеді. Қазірге дейін 1100-ден аса үй құсы қырылып қалды.

Індеттің ізі ұлғайып келеді

Вакцина егу жүріп жатыр. Барлығы 510 мың доза дәрі бөлінген. Шойындыкөлде ауру құстарды жою аяқ­талды. Облыстың 20 елді ме­кенінде індеттің салдарынан құстардың өлу оқиғасы тіркелді. Бес ауыл карантин­ге жабылды. Облыс орталы­ғының іргесіндегі Қарлыкөл ауылында 400-ден астам құс қырылып қалды. Ауыл тұр­ғындары үшін үлкен шығын. Бұл елді мекен карантинге жабылды. Ауыл тұрғындары мен мамандар кездесу өткізіп, жұмыс тәртібін түсіндірді. Ауылдағы ағайын өтемақы мәселесіне алаңдап отыр.

– Менің ауламда 39 қаз бен 35 тауық өліп қалды. Қа­зір әр құсқа қанша өтемақы төлейтінін біле алмай отырмыз. Нарықтық бағаға сай болса жақсы болар еді, – дейді Қарлыкөл ауылының тұрғыны Алма Ахметова.

Бұлақ ауылдық округінің әкімі Оралбек Бекішевтің айтуына қарағанда, құстары қырылып қалған адамдардың барлығына арнайы есепшот ашылған. Орташа бағамен өтемақы төленетіндігі түсін­дірілген. Болжам бойынша, карантин кем дегенде 21 күнге созылмақ. Індет жай­ла­ған өлкеден құстың етін, жұмырт­қасын шығаруға болмайды. Ауылдардың кіре берістеріне бекеттер қойылған. Маңайы жыртылып жатыр. Бұл көлік қозғалысын шектеу үшін жасалып жатқан қадам. Каран­тин жарияланған ауылдардың адамдары бір жол арқылы ғана кіріп-шыға алады, бар­лық көлік есепке алынады, тексеріледі.

Бүгінгі таңда облыстың 15 елді мекенінде құс тұ­мауы расталып отыр. Індет жай­­лаған ауылдарды карантинге жабу жұмыстары қолға алынған. Бір аптада 2 210 үй құ­сына екпе жасалды. Әйтсе де жабайы құстың қанатына жармасқан індеттің ізін шалып, тосқауыл болу қиын болып тұр.

 

Ақмола облысы