08 Қараша, 2013

Ғарышқа шағала ұшқан күн

330 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

01-Назымга сурет-1Ғарыш айлағы атанған Қарағандының Балалар мен жасөспірімдер сарайында халық сүйіспеншілігіне бөленіп, бейнелі түрде шағала атанған, әлемдегі тұңғыш ғарышкер әйел Валентина Терешкованың ғарышқа сапарына 50 жыл толуына орай мерекелік шара болып өтті. Бұл рәсімге ғарыш саласына қатысы бар ардагерлер, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Қарағандылық оқушылар легін медицина колледжінің студенттері, № 91, 35 жалпыға бірдей білім беретін орта мектептердің кадеттері, «Мұрагер» лицейінің және техникалық лицейдің шәкірттері, сондай-ақ, әскери бөлімшелердің өкілдері құрады.

Ғарыш айлағы атанған Қарағандының Балалар мен жасөспірімдер сарайында халық сүйіспеншілігіне бөленіп, бейнелі түрде шағала атанған, әлемдегі тұңғыш ғарышкер әйел Валентина Терешкованың ғарышқа сапарына 50 жыл толуына орай мерекелік шара болып өтті. Бұл рәсімге ғарыш саласына қатысы бар ардагерлер, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Қарағандылық оқушылар легін медицина колледжінің студенттері, № 91, 35 жалпыға бірдей білім беретін орта мектептердің кадеттері, «Мұрагер» лицейінің және техникалық лицейдің шәкірттері, сондай-ақ, әскери бөлімшелердің өкілдері құрады.

01-Назымга сурет-1

Ардагерлер қатарында ғарышкерлерді құтқару отрядында ширек ғасырдан астам жұмыс істеген жоғары санатты дәрігер Петр Лохницкий, Қарағанды авиакәсіпорны ұшқыштар отрядының бұрынғы командирі Виктор Журавлев, планерші, ұшқыш спортшы Нейля Шечкина, облыстық және қалалық ардагерлер кеңестерінің мүшелері Гари Шумахер, Әбсамат Тишбаев және тағы басқалар болды.

Мерекелік іс-шараны облыстық әдістеме­лік орталық директорының орынбасары Б.Әбдікерова ашып берді. Келесі сөз кезегін алған республика білім беру ісінің үздігі, космонавтика ісіне сіңірген еңбегі үшін Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республика­сының арнайы төсбелгісін үш мәрте алған, ғарыш­керлер мұражайының меңгерушісі, осы рәуішті рәсімді ұйымдас­тырушы ­М.К­ә­­рі­бекова мұражай жұмысына жан-­жақты тоқ­талды. В.Терешкова, Т.Мұсабаев туралы көр­сетілген бейнесюжеттерге түсі­ніктемелер беріп тұрды. Еліміздегі жастарды инновация мен патриотизмге тәрбиелеп келе жатқан ғарыш қызметіне арналған бірден-бір мұражайдың қалыпты жұмыс істеуіне облыстық білім басқармасының бастығы Е.Иманғалиевтің үнемі қолдау көрсетіп отыратындығына ризашылығын білдіре кетті. В.Терешкованың өзі бұл мұражайды 2009 жылы әдейілеп келіп көріп, оның қызметіне жоғары баға берген болатын. Мұражай қазақстандық және ресейлік ғарышкерлермен тұрақты байланыс ұстап, хаттар алмасып, олармен оқушылар кездесулерін өткізіп отырады. Мәселен, келесі апта ішінде мұнда ресейлік ғарышкерлермен кездесу өткізілмек.

«Ғаламды кезген көшпелі» («Кочевник Вселенной») бейнефильмін тамашалап отырып ойға қаласың. Иә, қазiр адамзат өз өмiрiн ғарышсыз елестете алмайды. 1961 жылдың 12 сәуiрiнде Ю.Гагарин алғаш ұшқанда, ешкiм де дәл бүгiнгiдей бәрi ұтқырлы, бәрiн де ғарыштан бақылауға болатын заманға жететiнiн ойламаған еді. Ғарышты игеру өмiрдiң барлық саласына жаңалық әкелдi. Мәселен, ауыл шаруашылығын дамыту керек дейiк. Ол үшiн ауа райының құбылысы, мал жайылымы, ауыз судың жеткiлiктiлiгi бақылануға тиiс. Ал оны бақылау тек ғарыш арқылы жүзеге асады.

Ара-тұра ғарыш айлағын жабу керек деген пікір де айтылып қалады. Алайда, адамзатта ғарышты өрістете игеруден басқа жол қалған жоқ. Дүниенің ажары кетіп, табиғат тозып барады. Күндерде бір күн ғаламшарымыздың ресурстары бітеді. Ұлыбританияның атақты астрофизигі, космолог Стивен Хокинг адамзат баласын асықтырып, таяудағы мың жылдың ішінде басқа мекенге көшіп-қонуды ұсынып отыр. Ал экологияны сауықтырудың жолдары көп. Соның бірі – Елбасымыз ұсынып отырған жасыл экономика. Таяу арада Қазақстан аумағында «Бәйтерек» деп аталатын тағы бір ғарыш айлағы іске қосылмақ. Одан гептил сияқты улы, залалды отынды пайдаланбайтын ғарышкемелер ұшырылмақ. Солардың бірінде Алаштың ай маңдайлы бір аруы В.Терешкова секілді ғарыш заңғарына қанат қағар деп үкілі үміт жалғаймыз...

Терешкова ұшқан жылы Кеңес елі әскері қатарында азаматтық борышын атқарған, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызмет­кері», ұлағатты ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тілеуғалы Әміртайұлы ғибратты естелігін айтып, өз сөзін:

Жерінде қазақ той болсын,

Тілектер бәрі оң болсын.

Ғарышқа тағы самғарлық,

Салған жолы кең болсын! – деген батаға бергісіз ізгі тілегімен аяқтады.

Әр сөйленген сөзден кейін музыкалық сәлемдеме беріліп тұрды. Халықаралық, облыстық және қалалық конкурстардың дипломанты Медет Мәуленов «Жерім менің», Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Айдар Қаппасов «Галактика балалары» әндерін нақышына келтіре орындады.

«Плаз» техникалық шығармашылық клубының жетекшісі Н.Марфутенко өзінің шәкірттері дайындаған В.Терешкова ұшқан «Восток» ғарышкемесінің үлгісін ғарышкерлер мұражайына тарту етті.

Кезінде жерлес ұшқыштардың бірнеше легін даярлаған, бүгінде 70 жасқа келіп отырған Қарағанды авиакәсіпорны ұшқыштар отрядының бұрынғы командирі В.Журавлевке құшаққа әрең сыятын гүл шоғымен қоса, арнайы құттықтау мен марапаттау тапсырылды.

Рәсім соңында айтулы күн құрметіне орай Балалар мен жасөспірімдер сарайының директоры Ш.Алтынбекова, оның тәрбие жөніндегі орынбасары А.Рақышева, Шет ауданы Ағадыр кенті лицейінің технология пәнінің мұғалімі Г.Орымбекова авиация және космонавтика мұражайының «Көмек және қолдау үшін» құрмет грамоталарымен марапатталды.

«Балалар – біздің болашағымыз» балалардың көркем шығармашылығы конкурсының және «Ғарышкерлер өмірінен не білесіңдер?» викторинасының жеңімпаздары анықталды. Жас суретшілер арасында Гагарин атындағы Ағадыр лицейінің оқушылары Кирилл Гаврилов, Мақсат Темірлан, Аяна Балатай жүлделі үш орынды бөлісті. Балғын білімпаздар арасындағы жүлделі үш орынды Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінің шәкірттері Айнұр Есеева, Кәміл Қайырбеков және Эльвира Момбаева иеленді.

Мерекелік рәсімге жиналғандар мазмұнды да тартымды өткен іс-шараға дән риза болып тарқасты.

Сәбит БЕКСЕЙІТ.

ҚАРАҒАНДЫ.