Ал саяси көзқарасы бойынша бірнеше топқа бөлінген қазақ қайраткерлері ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезі қарсаңында С.Арғыншиевтің пәтерінде жиналып, съездің партияда бар және партияда жоқ делегаттарының қатысуымен мәжіліс өткізеді. Осы мәжіліс жөнінде 1930 жылы 15 қарашада БМСБ тергеушісіне өз қолымен жазып берген мәлімдемесінде Ә.Ермеков былай дейді: «Оған Ә.Жангелдин, С.Меңдешев, Ә.Бөкейханов және басқа да көптеген адамдар (олардың біразын ұмыттым) қатынасты. Әлібеков пен Әйтиев те және үлгеріп келсе С.Садуақасов та қатысуға тиіс еді. Мәжіліс басталар кезде Сейфуллин тобы болған жоқ... Мәжілісте партияда бар және оның қатарында жоқ қазақ делегаттарының (топтарының) съездегі позициясы туралы мәселе қойылды. Партия мүшесі қазақтардың съезд делегаттары ішінде азшылық екендігін ескере отырып, съезде қазақтың ұлттық, тұрмыстық, шаруашылық ерекшеліктерін, оның шешімдерінде ескеру үшін бірлесіп дауыс беру жөнінде алдын ала келісім жасалды. Сейфуллиннің келуіне байланысты съезд барысында Жангелдин – Сейфуллин тобы құрылды. Бұл топ, менің пікірімше, жоғарыдағы келісімді жүзеге асыртқызбай тастады». Бұл құжаттан, бұрынғы алашордашылар мен ұлтшыл коммунистердің өзара ымыраға келуге тырысқанын байқауға болады. Бірақ, бұл жиын қазақ қайраткерлерінің әрбір қадамын жымын білдірмей аңдып отырған ТК қызметкерлеріне белгісіз болды деп айта қою қиын. Ә.Ермековтің осындай мәлімдеме жасап отыруының өзі соның нақты айғағы болса керек. Бір сөзбен айтқанда, осы мәжіліс шешіміне Ә.Жангелдин мен С.Сейфуллин сатқындық жасады деп айыптау дұрыс емес. Себебі БТК-ның өкілетті өкілдері мен РК(б)П Қазоблбюросының қатаң бақылауымен өткен Құрылтай съезде большевиктік қағидалардың қабылданбауы мүмкін емес еді.
1920 жылы 4 қазанда кешкі сағат 18.00-де Орынбордағы Свердлов атындағы клубта ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезін Қазревком төрағасы В.Радус-Зенькович салтанатты түрде ашық деп жариялады. Съезд ашылған уақытта оның жұмысына 234 делегат шешуші, 8 делегат кеңесші дауыспен қатысты. 1917 жылдың 25 қазанында Кеңестердің Бүкілресейлік ІІ съезінде қабылданған декретке сәйкес РКФСР-дегі мемлекеттік биліктің жоғарғы органы – Кеңестер съездері болып табылды. Ал съездер аралығындағы кезеңде жоғарғы мемлекеттік билік Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетіне (БОАК) тиесілі болып белгіленген еді. Осыған сәйкес, Қазақстанда республика мемлекеттік билігінің жоғарғы органы – Кеңестердің Бүкілқазақстандық съезі, ал съездер аралығында ҚАКСР Орталық Атқару Комитеті болып табылды.
Съездердің өкілеттілік шеңберіне шек қойылмады. Бүкіл республикалық маңызы бар мәселелер, соның ішінде халық шаруашылығына жалпы жетекшілік жасау, республика бюджетін бақылау және оны бекіту, республика ішіндегі территориялық бөліністер, республика үкіметін сайлау және барлық ішкі басқару мәселелері 1920 жылдың 26 тамызындағы декрет негізінде Кеңестердің Бүкілқазақстандық құрылтай съезінде шешілуі тиіс болды.
В. Радус-Зеньковичтің кіріспе сөзінен кейін оркестр «Интернационалды» орындады. Содан кейін, 2 қазандағы пленум шешіміне сәйкес, съезд Президиумының құрамына В.Радус-Зенькович, Ә.Досов, С.Меңдешев, Ә.Жангелдин, И.Акулов, А.Авдеев, П.Струппе, А.Байтұрсынов, И.Мартынов сайланса, В.Ленин, И.Сталин, М.Калинин сияқты басшылар съездің құрметті төрағалары болып сайланды. Осыдан соң, жерлеу маршының азасымен азамат соғысында қаза тапқан революция күрескерлері еске алынды.
Съездегі алғашқы құттықтау сөз РК(б)П Қазоблбюро хатшысы И.Акуловқа берілді. Ол бостандыққа ұмтылған дүниежүзілік жұмысшы қозғалысының басында тұрған коммунистік партияны дәріптей келе, «компартия жаңа күш пен энергия жинау үшін уақытша тыныстауы мүмкін, бірақ, ешқашан күресін тоқтатпайды» деп мәлімдеді. Ол одан әрі «жас Қырғызияның осы күресте бейтарап қалуының мүмкін еместігін» айта келіп, жас Қазақ кеңес республикасын жұмысшы табын жақтауға шақырды.
Содан кейін сөйлеген Орынбор-Торғай губаткомы мен Орынбор қалалық кеңесінің төрағасы Г.Коростелев жас республика өкіметінің негізі еңбекшілер болуы тиіс, Башкириядағыдай буржуазиялық ұлтшылдардың билігіне жол беруге болмайды деді. Ал Орынбор-Торғай губерниялық кәсіподағының төрағасы А.Здобнов Орынбор қаласы мен губерниясы жұмысшыларының атынан еңбекші қазақ халқын құттықтады. РКЖО Қырбюросының атынан құттықтаған С.Садуақасов қазақ жастарын жаңа республиканың мүддесі үшін жұмыс жасауға шақыра отырып, қазақ әйелдеріне тезірек бостандық беру қажет деп ерекше тоқталды. Осыдан соң РК(б)П Сіббюросы қазақ-татар бөлімінің атынан сөз алған Ә.Досов Ақпан төңкерісінен кейін не адмирал Колчактың, не Деникиннің қазақ халқына бостандық бермегенін, бостандықты тек қана Қазан төңкерісі бергенін съезд делегаттарының есіне салды. Бұл сөздің астарында «Бірлік» ұйымының үшке бөлінуінен кейін «Үш жүз» партиясында болған Ә.Досовтың Алашордаға қарсы позициясы жатқан болатын.
Москвадан арнайы келген РКФСР Ұлт істері жөніндегі халкоматының Коллегия мүшесі С.Диманштейн: «Мүмкін, Қырғызия халқы съездің ашылған күнін ұлттық мейрам деп жариялайтын шығар. Съездің ашылған күнін қырғыз халқының өміріндегі барлығы тең болатын, үстем табы, басым тіл, басым ұлт болмайтын жаңа дәуірдің басталған күні деп есептеу керек», – дей отырып, Қазақ кеңес республикасы Шығыс халықтары арасында коммунистік идеяны таратушы болады деп сенім білдіремін деді. Сондай-ақ оның ұсынысы бойынша съезд Бакудегі Шығыс халықтарының іс-әрекет және үгіт-насихат комитетіне жеделхат жолданды.
С.Диманштейннің бірінші ұсынысы арада екі жылға жуық уақыт өткен соң қабыл болып, 1922 жылы 26 тамызда Қазатком «4 қазанды ҚАКСР-нің мемлекеттік мереке күні деп жариялау туралы» декрет қабылдады. Декретте Құрылтай съездің ашылған күнін тарихи маңызы зор әрі өлкенің өміріне ұлы өзгеріс әкелген күн деп есептей отырып, 4 қазанды ҚАКСР мен оның халқының мемлекеттік және халықтық революциялық мерекесі деп көрсетті. ҚАКСР-нің 5 жылдық мерекесі 1925 жылы 6-9 қазан күндері 5-сайланған Қазаткомның 2-сессиясы барысында дұрыс атап өтілгеніне қарамастан, 4 қазанды мереке күні деп жариялаған осы декретке сәйкес, біраз жылдардан кейін 4 қазанды ҚАКСР-нің құрылған күні ретінде де қарастыратын қате үрдіс қалыптасты. Мысалы, 1930 жылы 3-6 қазанда ҚАКСР-нің 10 жылдығы атап өтілген 7-сайланған Қазаткомның 3-ші мерекелік сессиясы манифестінде: «...1920 жылы октябрьдің 4-күні Қазақстан еңбекшілері социалдық негізіндегі автономиялы кеңесті қазақ республикасын орнатты», – деп, Құрылтай съездің ашылған күнін ҚАКСР-нің құрылған күні ретінде көрсетіп жіберді. Сондай-ақ өзге де бірқатар ҚАКСР басшылары мен журналистерінің мерзімді баспасөз бетінде жарияланған мақалаларында осындай қателік жаппай орын алды.
С.Диманштейннен кейін БОАК қазақ бөлімі төрағасының орынбасары И.Ф.Киселев (ҚАКСР тарихында екі И.Ф.Киселев болды. Бұл – 1889-1938 жылдары өмір сүрген, 1-4-сайланған ҚазОАК мүшесі болған Киселев еді. Екінші И.Ф.Киселев (1888-1942) 1-сайланған ҚазОАК және 5-сайланған РК(б)П Қазөлкекомының мүшесі, оның бюросы мүшелігіне кандидат болды – С.Ш.), Сібревком мүшесі Е.Полюдов, Торғай облысының делегаты, болатком мүшесі Х.Төрежановтар құттықтау сөз сөйледі (1860 жылы туған – С.Ш.). Содан кейін, Қырғызияның Еділ-Каспий Қырревкомының, Сібревкомның, Қостанай қалалық жұмысшы, шаруа және қызыләскер депутаттары кеңесінің, Қостанай қазақ секциясының, Қостанай халық ағарту бөлімінің, Қарқаралыдағы қазақ интеллигенциясы кеңесінің құттықтау жеделхаттары оқылды. Съезд делегаттары Қызыл армия мен флотқа, Коминтерн мен БОАК-ке құттықтау жеделхаттарын даярлауды президиумға тапсырды.
Ал 5 қазанда таңертең өткен ҚАКСР Кеңестері Құрылтай съезінің екінші мәжілісінде коммунистік фракцияның ұсынысы бойынша 14 пункттен тұратын съездің күн тәртібі қабылданып, мандат, әкімшілік, әскери, жер, экономикалық құрылыс комиссияларының құрамы сайланды. Сонымен қатар халық ағарту (С.Меңдешев), денсаулық сақтау (С.Арғыншиев), әділет (Ғ.Әлібеков), әлеуметтік қамсыздандыру (А.Байтұрсынов), қаржы (И.Мартынов) секцияларының төрағалары мен құрамы сайланды. С.Меңдешевтің ұсынысы бойынша Башқұрт республикасының еңбекші халқына құттықтау жеделхатын жөнелту туралы шешім қабылданды. Съездің кешкі мәжілісінде Қазревкомның қызметі туралы екі баяндама тыңдалды: Қазревкомның жалпы қызметі туралы – С.Арғыншиев, Қазревкомның жеке салалар бойынша жұмысы туралы – С.Меңдешев.
Съездің 6 қазанда өткен таңертеңгі мәжілісінде Қазревкомның қызметі туралы баяндамалар талқыланды. Жарыссөзге шыққан Е.Полюдов, С.Айтхожин (Ақмола облысының делегаты), И.Заромский сынды делегаттар Қазревком жұмысын сынға алды. Ал Ә.Ермеков Қазревком жұмысына объективті баға бере отырып, жұмыс жүргізетін нақты территориясы да болмаған Қазревкомның Қазақ АКСР-ін құруға қол жеткізуі үлкен жетістік деді. Сонымен қатар Ә.Ермеков Қазақ АКСР-і құрамына барлық қазақ жерлерін біріктіру қажеттігін атап көрсетті. С.Меңдешев жарыссөзге орай қорытынды сөз сөйлеп: «..аса қиын жағдайда жұмыс істей отырып, істеуге болатынның барлығын істедік», – деп жауап берді.
Кеңестік Қазақ Республикасының құрылған күні – 6 қазан. Себебі, дәл осы күні ҚАКСР Кеңестері Құрылтай съезінің кешкі мәжілісінде 2 «қарсы» және 5 «қалыс» дауыспен «ҚАКСР еңбекшілері құқығының декларациясы» атты бірінші Конституциялық құжат қабылданып, съезд ҚАКСР-ді жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, казактар, қызыл әскерлер депутаттары Кеңестерінің республикасы деп жариялады.
Съездің 5-6 мәжілістері 7 қазанда өтті. Ал 8-9 қазанда (жұма-сенбі – С.Ш.) съезд мәжілістері болған жоқ. 10-11 қазан күндері РК(б)П Қазоблбюросы облыстардан келген өкілдермен бірге біріккен пленум өткізді. Осы біріккен мәжілісте ҚазОАК Президиумының төрағасы мен мүшелері алдын ала белгіленді. Съездің соңғы күні өткен ең соңғы 12-ші кешкі мәжілісінде 76 адамнан тұратын ҚазОАК құрамы сайланды. Сонымен қатар осы күні ҚазОАК Президиумының құрамы мен төрағасы, ХКК құрамы сайланды. С.Меңдешев бірауыздан ҚазОАК Президиумының төрағасы болып, В.Радус-Зенькович, И.Акулов, Ә.Жангелдин, Б.Алманов, С.Садуақасов, И.Киселев (Ырғыздық әскери комиссар), Ғ.Бөкейханов, Ә.Досов және С.Сейфуллин мүшелері болып сайланды.
ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезіне барлығы 273 делегат қатысты, олардың 7-уі уездік аткомдардан болды. Одан басқа, ҚАКСР-не кірмейтін Алтай губерниясынан 6 делегат келген еді. Съездің мандаттық комиссиясының ұсынысы бойынша оларға да шешуші дауыс құқығы берілді. Делегаттардың 128-і қазақ, 127 орыс, 18-і басқа ұлт өкілдері болса, оның 197-сі коммунист, 4-уі соларды жақтаушы және 72-сі партия қатарында жоқтар еді.
1-сайланған Қазатком мүшелерінің 37-сі қазақ (Адайлық өкілдің кім екенін әзірге анықтай алмадық – С.Ш.), 33-і орыс, 1 еврей, 1 поляк, 1 латыш, 2 татар және 1 шоқынған татар болды. Пайызға шаққанда 48,6 пайызы қазақ болды. Егер қазаққа тілеулес болған С.Шарипов пен К.Тухбатуллинді қоссақ 51,3%-ы түркі тектес ұлт өкілдері болып шығар еді. Сонымен қатар Қазатком Президиумының 70%-ы қазақ болды. Осы сандық көрсеткіштерге қарасақ, қазақтар Қазаткомда басым рөлге ие болған сияқты. Ал шын мәнінде, бүкіл мәселені Қазатком құрамы немесе Президиумы да емес, Қазаткомның Комфракциясының бюросы шешті. Ал комфракция бюросының шешімдері алдын ала РК(б)П Қыроблбюросында қабылданатын. Ал ондағы шешімдерді Акулов, Кулаков, Ремез, Хайкес, Радус-Зенькович, Мартынов, Авдеев, Струппе сияқты орыс, еврей және өзге де еуропалық ұлт өкілдері қабылдады. Қазатком іс жүзінде тек қана РК(б)П Қыроблбюросының шешімдерін мақұлдаушы және жүзеге асырушы билік органы дәрежесінде болды. Ал Қыроблбюро құрамындағы Мырзағалиев, Жангелдин, Ә.Әлібеков, Досов, Меңдешев, Байтұрсынов сияқты қазақ ұлтының өкілдері ешқашан басым дауысқа ие бола алмады. Осы жерде, РК(б)П ОК-ның Орынборды және Ертіс бойындағы орыс халқы тығыз орналасқан жерлерді ҚАКСР-іне не үшін қосуды жақтағаны айқындала түседі. Яғни жоғарғы мемлекеттік билік органдары үшін болатын сайлауда барлық орындар республиканың ұлттық құрамына сәйкес пропорцианалды түрде бөлінетіні де алдын ала ескерілсе керек. ҚАКСР тарихында өткен республикалық тоғыз съезде сайланған Қазаткомның ұлттық құрамына талдау жасау осыны көрсетеді.
ҚАКСР-і құрылғаннан кейін, 1920 жылы 14 қазандағы ҚазОАК Президиумының бірінші мәжілісінде ҚазОАК жанындағы Әкімшілік комиссиясы құрылып, төрағалығына С.Меңдешев сайланды. С.Меңдешев басқарған комиссияның негізгі міндеті – ҚАКСР-нің территориялық тұтастығын қалпына келтіру болды. Әкімшілік комиссия жұмысы 1920 жылы 25 қазанда Маңғышлақ уезі мен Закаспий облысына қарасты Красноводск уезінің 4-ші және 5-ші болыстарын ҚАКСР құрамына қосып, Адай уезі және 5 адамнан тұратын Адай уревкомы құрамын бекітуден басталды.
1920 жылы қараша-желтоқсанда өткен ҚазОАК Президиумының мәжілістерінде Сібревкомнан Ақмола және Семей облыстарын қабылдап алу мәселесі үздіксіз талқыланып отырды. ҚАКСР-ін құру туралы декрет бойынша қосылуы шешіліп қойғанымен, бұл облыстарды қосып алу оңайға соқпады. Жаңа ғана құрылған республикадағы кадр жетіспеушілігі мен кеңестік аппараттың әлсіздігі, Қазатком мүмкіндігінің шектеулі болуынан бұл жұмысты жүзеге асыру ұзаққа созылды. Сібревком өз кезегінде бұл облыстарды бермеудің барлық айла-шарғыларын жасады. 1921 жылы 6-13 ақпанда Орынборда өткен 1-сайланған Қазаткомның 1-сессиясында С.Садуақасов жасаған баяндаманың негізінде «С.Меңдешев басқаратын Ақмола және Семей облыстарын қосып алу жөніндегі төтенше өкілетті комиссияны» құру туралы қаулы қабылданды. Ақмола және Семей облыстарын ҚАКСР-іне қабылдау жұмысы 1921 жылы наурызда басталып, мамырдың соңына дейін жалғасты.
Қазаткомның «Ақмола және Семей облыстарын қабылдау және ұйымдастыру жөніндегі төтенше өкілетті комиссиясының» бірінші мәжілісі 1921 жылы 23 наурызда өткізілді. С.Меңдешев бастаған Комиссия Омбы қаласына келіп өз жұмысына кірісті. Төтенше өкілетті комиссияның Ақмола және Семей облыстарын қосып алу бойынша 1921 жылы сәуір-мамырда жүргізген жұмыстары Сібревком мен БОАК тарапынан зор кедергілерге тап болды. Комиссия Қазақ республикасының мүддесін қорғау үшін үздіксіз күрес жүргізді. С.Меңдешев ҚАКСР құрамына қосылатын облыстарды басқару аппаратын қалыптастыру ісіне М.Әуезов, С.Садуақасов сияқты жігерлі де сауатты жастарды тартты. Комиссия сәуірде Ақмола және Семей облыстарын ҚАКСР құрамына қосып алу барысында барлық кеңестік-шаруашылық мекемелерді білікті қызметкерлерімен бірге, қажетті керек-жарақтары және мүлкімен бірге қосып алуға баса назар аударды. Әсіресе Омбы губерниясының байланыс, пошта және телеграф бөлімдері бүкіл құрылғыларымен, барлық қызметкерімен ҚАКСР қарауына өтті.
1921 жылдың ортасына қарай Ақмола және Семей облыстары түгелімен ҚАКСР қарауына өтіп бітті. Сонымен қатар, ҚАКСР өкімет органдары Омбы облысынан ҚАКСР-іне тиесілі территорияларды бөліп алу үшін үлкен жұмыстар атқарды. Қазақстан тарапы Омбы уезін Омбы қаласымен бірге Қазақстанға қосып алу үшін күрес жүргізді. Ал Сібревком керісінше, аталған аумақты қалай болғанда да Қазақстанға бермеудің барлық амалын жасады. Соның нәтижесінде ҚАКСР үкіметтік комиссиясы мен Сібревком Омбы уезін бөлу мәселесінде ортақ келісімге келе алмады. Тараптар мәселені РКФСР БОАК-тің қарауына шығаруға мәжбүр болды. РКФСР БОАК-тің 1921 жылғы 10 маусымдағы шешіміне сәйкес Омбы уезі екіге бөлініп, оңтүстік бөлігі Есілкөл стансасымен қоса алғанда ҚАКСР-не берілуі тиіс болғанымен, бұл мәселе оң шешімін таппай, Есілкөл станциясы маңындағы 10 болыс Сібревкомға қарасты Омбы облысының құрамында қалып қойды.
1924 жылы тұтас Түркістан идеясының негізі болған Түркістан республикасын ұлттық бірліктерге бөлшектеу саясаты жүзеге асырылды. 1924 жылы 11 қазанда РК(б)П ОК Саяси бюросының мәжілісінде «Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы» мәселе соңғы рет қаралды. 24 пункттен тұратын шешім толықтай өзбек тарапының мүддесін қолдады. Мәжілісте Ташкентті Өзбек республикасына беру туралы Саяси бюроның бұрынғы шешімі өз күшінде қалдырылды. Осылайша, қазақ қайраткерлерінің Ташкент үшін болған күресі ауыр жеңіліспен аяқталып, ежелден қазақ халқы қоныстанған жердің 1/3-і және ондағы 900 мың қазақ Өзбек республикасында қалып қойды. Мұның өзі, тағы да республикадағы қазақтардың саны пайызға шаққанда басым болып кетпес үшін қолдан жасалған қитұрқы саясат еді.
Ташкенттен айырылған ҚАКСР-інде жаңа астана мәселесі күн тәртібіне көтерілді. 1924 жылы 23 желтоқсандағы РК(б)П Қазобкомы бюросының мәжілісінде Орынбор-Торғай облысын құру және облыс астанасы ретінде Орынборды қалдыру туралы шешім қабылданды. Ол 27 желтоқсанда РК(б)П ОК-не хат жазып, онда Торғай және Орынбор облыстарын біріктіріп, ҚАКСР орталығы етіп Орынборды қалдыру туралы Қазобком шешімімен келіспейтіндігі туралы мәлімдеп, ҚАКСР астанасы ретінде Ақмешіт қаласын белгілеуді ұсынды. 1925 жылы 15-19 сәуірде жаңа астана Ақмешітте өткен Қырғыз АКСР Кеңестерінің бесінші съезінде қазақ халқы өзінің тарихи атын қайтарып, бүкіл қазақ жері құрамына біріктірілген республика атауы – Қазақ АКСР-і болып, Ақмешіт – Қызылорда болып өзгертілді.
Сәбит ШІЛДЕБАЙ,
тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі