Қоғам • 02 Қазан, 2020

«Мен жастарға сенемін...»

1301 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мағжанның осы бір ауыз сөзі біздің замандастарымыздың да ұра­нына айналып үлгерді. Жастардың ісіне үкілі үміт артқан үлкен­деріміздің сенімі бұл сөзді одан әрі қуаттай түседі. Бүгінгідей аумалы-төкпелі кезең кімнің де болсын санасын шайқалтқаны сөзсіз. Бүкіл әлем белгісіз індетпен күресіп жат­қанда өрендеріміз бір бұрышта қараусыз қалғандай күй кешті.

«Мен жастарға сенемін...»

Бұл сөзімізге беделді ұйым­дардың балалар туралы зерт­теулері дәлел бола алады. Биыл 191 елде мектеп жабылып, білім алушылардың 91 пайызы немесе 1,5 миллиард оқушы дәстүрлі оқу форматынан қол үзіп қалды. Осындай әлеуметтік маңызы бар оқиғаның қо­ғам­да қандай із қал­дыратыны әзірге белгі­сіз. Десе де үйде білім алатын оқушыларды та­ғы бір жігерлендірудің еш айыбы болмас. Осы ретте батыл әрекеттерімен қоғамды өзгерткен өрендер туралы жазғанды жөн көрдік. 

Тарихта өзгеріс жасаған балалар­дың біраз екені өзгеріс жасаған қызыл-жасыл суреттерден белгілі. Бұл жерде олардың бір парасының ғана есімі аталды. Шолуымызды еліміздің тау-кен өнеркәсібіне елеулі үлес қосқан бақташы баладан бастағанымыз дұрыс болар. Қа­рағанды жерінде болыстың қойын бағып жүрген Апақ Байжанов тас көмір тауып, бү­гінгідей үлкен өнеркәсіпке жол ашуына түрткі болды. Біраз уақыт бойы жақын маңдағы ауылдарға да жеткізіп, халықты көмірмен қамтамасыз етіп жүрді. Сол кез­дегі билік те, шаруашылықтың ескі дәстүріндегі байлар да жаңа­лықты елемей, үйреншікті үрдісті бұза қоймады. Арада 23 жыл өткеннен кейін ғана көмір өндіру қолға алынды.

1

Көмірді табу тарихын мектепте жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Байжан құдығындағы байлық» әңгімесінен оқыдық. Ел аузындағы аңызға қа­ра­ғанда, қазіргі Қарағанды қала­сының орнында қалың қараған өскен. Қой бағып жүрген Апақ бір суырдың қашып бара жатқанын байқайды. Ініне кіріп кеткен суырды ертеңгі күні байқамаққа ін аузын таспен бекітіп кетеді. Келесі күні ерте келіп, ­суырды іні­нен қазып алады. Сол ін­нің тү­бінен көмір шыққан екен дейді. Әлбетте, әуелде Апақ оның не еке­нін білмейді. Қара бояу ма деп ойлап, бірнеше тас­ты үйі­не алып келіп жүн де бояп кө­реді. Қара тастың жауабын ауыл ақсақалдары да таппайды. Байқаусызда отқа түскен әл­гі тас жанып, от жалыны лапыл­дай түседі. Қарағандыдағы «Қа­ра­забой» деген алғашқы шахта сол Апақтың көмір тапқан жерде ашылған екен.

Баланы қа­ра жұмысқа салып күн көріп жат­қан елдер аз емес. Келесі ке­йіп­керіміз – бала саудасы мен құл­дыққа қарсы күресте көп еңбек сіңір­ген Анояра Хатун. 12 жасын­да Save children халықаралық ұйымының көмегімен құлдықтан босап шыққан үндістандық қыз 86 баланы құлдықтан құтқарып, 250 баланың мектепте оқуына себепкер болған. Одан бөлек кәмелетке толмаған 34 қызды күш­теп тұрмысқа беруден алып қалған. Батыс Бенгалияға қайтып оралғаннан кейін балалардың құқығын қорғаушылар қатарына қосылып, бала­лар өмірін қорғауға белсене кіріскен.

1

1981-1984 жылдары КСРО АҚШ-қа қарсы «РЯН» опе­ра­ция­сын жүргізді. Сол кездегі Мем­лекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Юрий Андропов АҚШ-тың КСРО-ға ядролық ша­буыл жос­парлағанын хабарлап, жо­ға­рыда аталған операцияны қолға алғанын мәлімдеді. АҚШ-тың Мэн штатының тұрғыны, мектеп оқушысы Саманта Смит Юрий Андроповқа хат жазып, со­ғыс аш­пауын өтінеді. 1982 жы­лы қа­рашада 10 жастағы қыз билік­те­гі­лер­ден екі ел арасындағы шие­леністің негізін анықтауды сұ­райды. «Құрметті Андропов мырза, менің есі­мім Саманта Смит, жасым онда. Жаңа қызметке ке­луіңізбен құттықтаймын. Ресей мен Құрама Штаттар арасында соғыс бастала ма деп уайымдаймын. Соғыстың алдын алу үшін шара қолданып жатырсыз ба? Ке­лесі сұрағыма жауап бермесеңіз де болады. Дегенмен бүкіл әлемді, ең болмағанда біздің мемлекетті жаулап алу мақсатыңыздың се­бе­бін түсінгім келеді. Құдай бұл ғаламды біздің өмір сүріп, қор­ғауымыз үшін жаратты емес пе? Ол қалағандай жасайықшы, сонда бәріміз бақытты боламыз», деп бар тілегін қағаз бетіне түсіреді.

1

КСРО мен АҚШ арасында яд­­ро­лық қақтығыс болған жоқ. Дәл сол жылдары Еуропада ядро­лық қаруға қарсы қозғалыс күшейе түскен еді. Андроповтың жоспарының өзгеру себебі сол күйі белгісіз болып қалса да, Са­манта Смит дүние тарихына өз­геріс енгізген балалардың қата­рына қосылды. Андропов мырза қыздың хатына жауап жазып, тіпті елге келіп кетуге де ша­қыр­ды. 1983 жылы шілдеде кіш­кен­тай Саманта ата-анасымен бірге КСРО-ға қыдырып келді. Алдымен атақты балалар лагері «Артекте» демалды, сосын Мәскеу, Ленинград қалаларын аралады.

Самантаның танымалдылы­ғы екі елмен шектеліп қалған жоқ. Отанына орала сала бір­не­ше деректі фильмге түсіп, бағ­дарламаларға қатысты. Тіпті АҚШ президентіне үміткерлер­мен тілдесу мүмкіндігіне де ие болды. Британияда сериалға тү­суге шақырту алып, сериал тү­­сірілімінен қайтқан кері жол­да ұшақ апатында қазаға ұшырады. Бұл сапар сұм соғыс­тың алдын алған қаршадай қыз бен оның әкесінің соңғы сапары болды. 

1

Адамзат тарихындағы ең құн­ды өнер­табыстардың балалар қо­лынан шыққа­нын білгенде таңғаласың. Олардың ұш­қыр қия­лынан небір жаңалық дүниеге келді. Адам баласының игілігіне ай­налған Брайль әліпбиін біл­мейтін адам жоқ. Ал осы игі жаңа­лықтың авторы Луи Брайль жаңа жүйені ойлап тапқанда небәрі 15 жаста болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Үш жасында оқыс оқиғаның кесірінен жанарынан айырылған ол бүкіл адамзаттың өмірін жеңілдетудің жолын табатынын кім білген?

Луи Францияның шағын қала­сында 1809 жылы дүниеге келген. Ол зағип жандарға арналған әлемдегі алғашқы мектептердің бірі – Париждегі корольдік зағип жастар институтында сауатын ашты. Қазіргі қолданылып жүр­ген Брайль атымен аталған әліп­бидің негізі әс­ке­рилердің ха­бар алмасу тілінде жатыр. Алға­шында «түнгі әліппе» деген атқа ие болған криптограф, офицер Шарль Барбьенің жүйесін Брайль көзі на­шар көретін не зағип жан­дардың ың­ғайына қарай жасап шығарған. Брайль әріп­тері сау­саққа сезілетін нүктелерден тұ­рады. Капитан Барбьенің әскери жазуы тым қиын болғандықтан жас өнер­тапқыш оны өз ыңғайына орай жасап шығарады. Институт кеңесі алғашында бұл ұсынысты оқу бағдарламасына енгізуден бас тартады, тек бірнеше жылдан кейін ғана оқушылардың сұ­ранысы толастамай, шешімді қай­та қарауына тура келеді. Осы­лайша талай зағип жан­ның сауат ашуына себепкер болған 15 жас­тағы француз баласының өнер­табысы адамзаттың ортақ игілігіне айналды.

Технологияның қа­рыштап дамуы күн­делікті өмі­рімізді күн санап түрлен­діріп жатыр. Соңғы жылдары сарапшылар арасында Брайль әліпбиіне сұраныс азая ма деген тақырыптар жиі көтеріліп жүр. Оның себептері де көп. Әлемде зағип жандардың 10 пайызы ғана осы жазу үлгісін түсінетіні, оған қоса Брайльді жетік меңгерген ұстаздардың аз болуы түрлі қиындықтар тудырып жатқан көрінеді. Оған қоса біз айтып жүрген технологияның «құлағында ойнайтын» Z ұрпақ ескі заманның жаңалығын ке­рек қылмай қою да мүмкін. Десе де заманауи технологияның дамуы осы жүйені одан сайын же­тіл­діріп, тағы бір жастың зағип жан­дарды қуантатынына сенейік.

1

АҚШ-тың 14 жастағы азаматы Яш Гупта байқаусызда көзілдірігін сындырып алады. Жаңа көзілдірік алатын мүмкіндік табылмай, бір апта көзілдіріксіз жүруге мәжбүр болады. Өзінен бөлек, әлемде 12 млн адамның қажет жағдайда көзілдірік алуға жағдайы жетпейтінін білген Яш Sight Learning ұйымын құ­рады. Аталған ұйымға кез келген адам артық, қажет емес көзілдірігін тапсы­рып, еріктілер оны жөндеп, ретке кел­тіріп, мұқтаж балаларға жеткізеді. Олар негізінен Үндістан, Мексика, Гондурас сияқты елдердің балаларына көмектеседі екен. Осы уақытқа дейін құрылымға жалпы сомасы 1,5 млн АҚШ доллары болатын көзілдірік келіп түскен.

Яштың өзі 5 жасынан бастап көзіл­дірік тағады. «Көзілдірігімді сындырып алғанда онсыз өмір сүрдің қиын екенін түсіндім. Ең бастысы, сабақ оқуым қиындады. Ал менен басқа тағы 12 млн адам көзілдіріксіз өмір сүріп жатыр. Олар да мектепте қиналып, жақсы нәтиже көрсете алмай жүрген шығар» дейді.

Бүгінде жасы 20-ға толған Джек Андрака осыдан 5 жыл бұрын мектепте оқып жүрген кезінде жаман аурудың диагностикасын жасайтын тест-жүйенің прототипін ойлап тапқан-ды. Жақын туысының науқастанып, Джек бұл ауруды алғашқы кезеңінде анықтау құра­лын жасауды ойға алады.

1

Оның жасаған жүйесі басқаларына қарағанда арзан әрі жылдам болып шы­ғады. Сарапшылар жаңа тест-жүйе­нің 168 есе тез және 25-50 пайызға дә­лі­рек нәтиже беретінін айтады. Ұлы адамдардың көбінің өмір жолын ең­бе­гінің еленбеуі, ұсыныс ала алмау сияқты сынақтардан тұратындай Джек Андраканың да жобасы көпке дейін қол­дау таппады. Жобасын ұсынған 200-ге жуық зертхана оны елемейді. Тек John Hopkins атындағы университет докторы Анирбан Маитра баланың бетінен қақпай, мүмкіндік береді. Гарвард уни­верситетінде қызмет ететін генетик Джордж Черч жүйе авторының сөзін тек­сер­мекке сынама жасайды. Зерттеуші өзі ойлаған нәтижеге 1 сағатта қол жет­кізеді. Бағасы да көңілге қонымды болып шығады. Мезотелинді анықтау үшін жасаған сынамасы басқа аппараттарда 60 сынама үшін 400 АҚШ доллары көлемінде тұрса, жаңа жүйе 10 сынама үшін 3 АҚШ долларын қажет етті. Алайда бұл жоба көп түзетулерді қажет ететін болып шықты. Бірі жүйенің жұмысына күмән келтіріп, айыптап та үлгерді. Алайда жас зерттеуші өзінің жобасы АҚШ медицинасы мен онкологиялық ауруларды емдеуді жаңа деңгейге көтеретінінен үмітті.

Әлемнің ең үздік футболшыларымен кездескен Әлиді танымайтын қазақ баласы жоқ шығар. Оның өмірге құштарлығы мен шексіз махаббаты сүйсіндірмей қой­майды. Әли Тұрғанбековтің феномені оның табиғи жаратылысында емес, тау қопарар қайсарлығы мен қайтпас мінезінде болар, бәлкім. Арманы оны адастырған жоқ. Қос аяқсыз дүниеге келген Әли аулада інісімен доп қуалап, өзінің өзгелерден бөлек жаратылысын ерекшелігі деп қабылдай білді. Оның Марадона, Месси, Неймар, Роналду се­кілді әлем футболындағы танымал ойын­шылармен кездесулерін барша отан­дастарымыз ерекше ықыласпен тамашалап, қолдау білдіріп отырды. Көшеде оны танып, суретке түсетіндер қатары кө­бейе түсті. Әли секілді Қазақстанда, әлемде қанша ерекше бала бар. Оларға құр­дастарымен еркін ойнап, білім алатын қауіпсіз орта қалыптастыру – бүгінгі қо­ғамның басты міндеті. Әлидің, оны әрдайым қолдайтын отбасының мақса­ты да осы: ерекше балаларды белсенді өмірге араластыру.

1

Әлидің былтырғы УЕФА Суперку­богын табыстаған жұлдызды сәті әлі ұмытыла қойған жоқ. Осындай керемет кездер өзге де мүмкіндігі шектеулі балалардың үмітін оятып, армандауына жол ашатыны сөзсіз. Әлі бекімеген сананы шарасыздықпен уламай, сенім, үміт, арман дәнін себу – үлкендердің бала алдындағы парызы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әли, сенің мақсатқа жету жолындағы күш-жігерің әлемде талай адамды алға жетелейді. Барлық армандарың орындалсын!» деген бір ауыз жылы сөзі секілді мына қоғам әр баланы ілтипатына бөлесе екен. Мықты рух пен жақындарының қол­дауы талай жасқа тау қопартып, өрге жетелейді.

Бұл топтамада көшпелі қазақтың ата дәстүрін әлем жұртына әйгілеген бүр­кітші Айшолпан Нұрғайыпқызын айт­­пай кет­песе болмас. Баян-Өлгейде туып-өскен қазақ қызының өмірі талайларды таң­дандырды. 13 жастағы бүр­кітшіні көрген әлем жұртшылығы өзге мәде­ниеттің тазалығына, сұлулығына, ер­кіндігіне сүйсінді. Айшолпан режиссер Отто Беллдің «The Eagle Huntress» атты қа­зақ тіліндегі деректі фильмі кө­рерменге жол тартқанда бір сәтте танымал болды. Халықаралық басылымдар одан сұхбат алуға ағылды, ал әлем­нің үздік оқу орындары оны білім алуға шақырды.

1

Осы кезде Айшолпанмен экран арқылы алғаш танысқан сәтті еске алудың реті келіп тұр. Осыдан үш жыл бұрын Англияда білім алып жүрген бір топ қазақ студенттері болып фильмнің Лондондағы премьерасына баруды ұйғардық. Шағын кинотеатр залына бір топ көрермен болып жайғастық. Бұл сеансқа келгендер арасында Айшолпанды көруге келген ағылшындардың қарасы көп. Ол кезде Англияның төрінде қазақ қызы туралы картинаның көрсетілуінің өзі таңғажайып құбылыс болып көрінген еді. Толқыған күйі кино басталып кетті. Алғашында фильм ағылшын тілінде дыбысталған болар деп отырған біз, қазақ тілін естіп аң-таң болып отырып қалдық. Ағылшындар аудармасын экраннан оқып отыр, біз оқиғаны түпнұсқадан түсініп отырмыз деп мәзбіз. Лондонда ана тілімізде кино көрсеткен батыр қыз үшін бойымызды мақтаныш сезімі биледі. Сыртта елін сағынған студенттер үшін бұл баға жетпес сый еді. Фильм соңында ағылшындардың қол соққан, бір-бірімен әсерімен бөліскен дауыстары жарқын естіле бастады. Сыртқа шыққанда бірнешеуімен тілдесудің де сәті түсті. Барлығы Жердің басқа бөлігінде өздеріне таңсық мәдениет пен салттың барына, сол өмір сүру дәстүрін бәз қалпында сақтап қалғандарына таңданысын жасырмады.                     

Бұл фильм «Оскар» сыйлығының шорт-парақшасына енді, британдық танымал премияда үздік деректі фильм аталымына ұсынылды. Қазақтың ата дәстүрін әлемге танытқан Айшолпан дүние жүзінің қыздарына үлгі болды. Оның оқиғасы шетелдіктерге Орта­лық Азияның тылсым тіршілігінің шы­мылдығын ашып берді.

 

Дайындаған

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, Меруерт БҮРКІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»