Оқиға • 02 Қазан, 2020

Үсенбай датқаның мөрі

792 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан төрінде орналасқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музей қорында оңтүстік өңірде аты мәлім тарихи тұлға Үсенбай датқаның мөрі сақтаулы.

Үсенбай датқаның мөрі

Суретте: Үсенбай дат­қа­ның мөрі және мөртабан бе­дері

 

Бұл жәдігер жайлы бізге мәлімет берген қорық-музей­дің қор сақтаушысы Дәуле­тияр Адиевтің айтуына қа­ра­ғанда, мөрді 2007 жылы Би­­жігіт Қасымқұлов деген адам­­­ның нұсқауымен Қожа­келді Ұзай­ров музейге әкеліп тап­сырған. Мөрдің тұғыры кү­містен құйылып, бетіне сопақ­ша пішінді мыс плас­тина ор­натылған. Осы мыс плас­тинаға араб әрпімен сыдырта ойы­лып «Хусейнбай бин Төлеген би 1252» деген жазу жазылған. Мөрдің ұзындығы – 3,2, ені – 2,7 см.

«Жәдігер иесі Үсенбай датқа Төлегенұлы шамамен 1777 жылы Түркістан маңындағы Шоқтас ауылында туған. Ұзын бойлы, ірі денелі, сөзге шешен, елдің ынтымақ-бірлігін сақ­тап, әділ билік жүргізген әрі жылқылы бай адам болған екен. Үсекеңнің арғы атасы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген атақты Сүйіліш батыр. Сүйіліштің бесінші ұр­пағы Бекет қалпеден – Беген, Қара, Малбай, Жанбай, Әйтей, Ақ­шай, Қасай туған. Осылардың арасындағы Қарадан Барқы, Тайсоймас тарайды. Барқыдан Атығай, Төлеген, Телғожа батыр, Тас, Сейдуалы өрбіген. Жо­ғарыда аты аталған Төлеген – мөр иесі Үсенбайдың әкесі» дейді Дәулетияр мырза.

1

ХІХ ғасырдың басында Шымкент, Түркістан қалаларын иелігіне алған қоқандықтар Үсен­байға датқа шенін беріп, осы адам арқылы өңірге өз би­лігін жүргізуді қалайды. Осы орайда өз қарауындағы елге жайлы қоныс, тыныш өріс тауы­п беруді ойлаған датқа өзінің не­мере қарындасы Ханым­би­бі ханымды Түркістан әкімі Бег­лербекке ұзатып, осы құда-құдандалықты пайдаланып, елін бастап Созақ қамалы мен Қа­рақұр өзенінің маңына көшуге рұқсат алады. Сөйтіп, 1830 жылы Үсенбай датқа ел-жұртын күнгейден теріскейге, яғни Қарақұр өзенінің бойына көшіріп әкеледі. Өзі осындағы бұлақты төбенің басын қоныс қылады. Жарықтық 1865 жылы 88 жасында Созақ жерінде қайтыс болған екен.