Құрама команданың жаттықтырушысы, математика пәні бойынша халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы Қанат Сатылханов шәкірттерінің жетістіктеріне көңілі толатынын атап өтті. Биыл балалар IMO 2020 халықаралық сайыстың барлық қатысушылары сияқты қашықтан дайындалды.
«Олимпиада прокторинг жүйесі арқылы өтті. Қазақстанның командалық нәтижелері өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жақсарды. Алтын медаль жеңіп алуға бір ғана ұпай жетпеді. Негізінен біздің балаларымыз өте мықты. Әр бала өз алдына қойған мақсатына жете алады. Осы ретте балаларға қолдау көрсету маңызды. Ата-аналар мен педагогтерге бірлескен еңбегі үшін алғыс айтамын», деді Қ.Сатылханов.
Ел намысын қорғаған команда құрамына алматылық Таир Сатубалдин, Тамирлан Бектемісов, Нұртас Шынтас, Юрий Тен және нұр-сұлтандық Данат Дүйсенбеков пен Фетуллах Сам кірді.
Халықаралық математика олимпиадасының ережелеріне сәйкес жоғары сынып оқушылары екі күннің ішінде 6 есепті шешуі тиіс. Тапсырмалар математиканың әртүрлі бөлімдері бойынша, негізінен геометрия, алгебра, сандар теориясы және комбинаторикадан беріледі.