Өзге ұлт өкілі қазақшаға ағып тұрса, әлі таңғаламыз. Таңғалатынымыз заңды да. Өйткені кейбір қазақтың өзі ана тіліне мұрын шүйіре қараған соң өзге ұлт не қылсын дейміз іштей. Ал Зайсан қаласының тумасы Надежда Александровна орысша балабақшаға барып, мектепте орысша оқыса да қазақтың тіліне деген құрметі ерекше.
– «Тілін білмеген түбін білмейді. Ондай адам күлдірем деп күйдіреді, сүйсіндірем деп сүріндіреді, білдірем деп бүлдіреді, қуантам деп қуартады, келтірем деп кетіреді, жұбатам деп жылатады». Міне, Ғабит Мүсіреповтің осы сөзі жаныма жақын. Қаншама мән жатыр?! Қазақ болып тудың ба, қазақша сөйлеуге тиіссің. Ал әр балаға ана тілі ана сүтімен дариды. Соны естен шығармауымыз керек, – дейді Надежда.
Филология факультетін тәмамдаған Надежда Шушаникова қызмет жолын аудармашы болып бастаған. Бүгінде ол – ілеспе аударманың да білікті маманы. Оның қазақ тіліне деген қызығушылығы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ артқан. Сөйтіп өзінің дегеніне жетіп, орыс сыныбының оқушыларына сабақ беріп жүр. Бұған дейін ол облыс орталығындағы лингвистикалық орталықта да ұстаздық еткен.
– Оқушылардың қазақ тіліне деген құлшынысы, қызығушылығы жоғары. Көбі сабақты жақсы оқиды. Бірақ былай шыға орысша сөйлеп кетеді. Қазақ тіліне деген қажеттілік артса, олай болмас еді, – дейді қазақ тілінің ұстазы.
«Қай елде тұрсаң, сол елдің тілін білуіміз керек» дегенді жадына жақын ұстайтын Надежда үйінде де өзінің екі қызына қазақ тілін үйретеді. 8-сынып оқитын тұңғыш қызы қазақ тілінен жоба қорғаған. Биыл жобасын жалғастырып жатыр. Ал жолдасы Дмитрий қазақша сөйлей алмағанымен, жақсы түсінеді.
Қазақша мақалдап сөйлегенде қазақтың өзін жаңылдыратын Надежданың ендігі арманы – түрік тілін меңгеру. Өзге тілдің бәрін біліп өз тіліне, қазақ тіліне құрметпен қарайтын орыс қызы шәкірттеріне ғана емес, иісі қазаққа үлгі.
Шығыс Қазақстан облысы