Медицина • 02 Қазан, 2020

Медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуді ұсынды

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатта Мұрат Бақтиярұлының төрағалық етуімен Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысы болды. Онда депутаттар елдегі медициналық қызметтердің сапасы, қолжетімділігі және даму келешегі мәселелерін талқылады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуді ұсынды

Сенаторлар денсаулық сақтау сала­сындағы өзекті мәселелерді талқылады. Оның ішінде ауруханалардың апаттық жағдайы, медициналық пункттердің жетіспеушілігі және дәрі-дәрмектерді жеткізудегі кідірістер туралы да айтылды.

Отырыста Сенат Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров: «Аймақтарға барған кезде жергілікті тұрғындар үш ауылда бір-бірден амбулатория бар екенін, емделу үшін 400 шақырымға бармау үшін бір аурухана салып беруді сұрайды. Дегенмен, біздегі стандарттар бойынша 4-5 мың халқы бар елді мекенде ғана аурухана болуы мүмкін. Сонымен қатар Президент дәрігерлік қызметтердің қолжетімді болуы туралы міндет қойды. Әрине салалық мамандар қажет болған жағдайда облыс орталығына апару қажет. Ал негізгі медициналық қызметтер қадам басар жерде болуы тиіс», – деді.

Сенатор Ақмарал Әлназарова алғаш­қы медициналық-санитарлық көмек қыз­ме­тінің тарифтеріне назар аударды, олар ұйым­дардың нақты шығындарын жабуға мүм­кіндік бермейді, ал жеке секторды қызықтырып отырған жоқ. Сенатор­лардың қорытындысы бойынша МСАК денсаулық сақтау саласының басқа ба­ғыттарымен салыстырғанда толық қаржы­ландырылмай келеді.

Депутаттар денсаулық сақтау жүйесін цифрландырудағы өзекті мәсе­лелерді де айтты. «Бүгінгі күнге дейін цифр­ландырудың бірыңғай платформасы жоқ, яғни медицина қызметкері науқас адам тура­лы бірдей деректерді әртүрлі бағдар­ламаларға бірне­ше рет енгізуге мәжбүр. Бұл күйбеңі көп жұ­мыс дәрігерге өз бетін­ше білім алуға кө­бірек уақыт бөлуге неме­се сол нау­қасқа уақыт бөлуге мүмкін­дік бер­мейді», – деді Ақмарал Әлназа­рова.

Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар дәрігерлердің мәртебесін арттыру мақсатында «Медицина қыз­меткерінің мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеу қажеттігін қарастыруды, психоэмоционалдық жүктемелер мен зиян­ды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы­ның мөлшерін қайта қарау, өмірлік маңы­зы бар дәрілік препараттарды сатып алуға арналған көпжылғы шарттардың қол­данылуын өзгертуді ұсынды.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отыры­сына Ден­­сау­лық сақтау министрі Алексей Цой, ми­нистрдің орынбасары – бас сани­тарлық дә­рігер Ерлан Қиясов, медици­налық сақ­тандыру қорының басқар­ма төр­ағасы Болат Төкежанов және көп­салалы медициналық орталықтың басшысы Шынар Мәлік қатысты.