Шымкенттегі мемлекеттік мұғалімдер институтын енді аяқтап, мұғалімдіктен соң директорлық қызметте жүрген оны 1942 жылы ғана әскер қатарына шақыртып, 22 жастағы әкем алғаш Шыршықтағы офицерлер даярлайтын училищені бітіріп, майданға офицер шенінде аттанған. Алғаш Степной Воронеж, Бірінші және Екінші Украина майдандарының құрамында атқыштар батальоны командирінің аға адьютанты болыпты. Сәл кейінірек әкемнің білімділігі мен қайсарлығына, еңбекқорлығы мен төзімділігіне тәнті болған әскери іс жөніндегі нұсқаушылар взвод командиріне ұсыныпты. Артынша рота командирі болған әкем Қаныбек Патсаев соғыста өте күрделі де, маңызды операцияларға қатысқан.
Әкем соғыста екі мәрте жараланыпты. 1943 жылдың қазан және желтоқсан айларында. Жаумен шайқас майданның барлық жерінде жүріп жатты. Әкем басқарған рота жаудың екпінін тоқтатып қана қойған жоқ, өздері қарсы шабуылға шығып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткені үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Жауды тықсыра қуған Кеңес әскерімен бірге әкем Венгрияны, Румынияны, Чехословакияны азат етуге қатысқан. 1944 жылы ол кезде тек генерал шеніндегілерге ғана берілетін «Александр Невский» орденін кеудесіне тағыпты. Венгрияның Клюж қаласында аяғынан жарақат алған әкем госпитальда емделіп болған соң, майданға қайта кірген.
1945 жылы соғыс аяқталған соң әкем елге бірден қайтқан жоқ. Бірнеше орден-медальдың иегері, штаб бастығының орынбасары, капитан шеніндегі әкем әрмен қарай әскери қызметін жалғастырмақ болып, әскери академияға түсуге ұсыныс берген. Ұсыныс мақұлданып, енді әрекет ете бергенде күтпеген оқиға болады. Асанбек атты атамыз соғыстан аман-сау оралып, ауылға келсе әкемнің әкесі, Сағындық атам қатты ауырып, төсек тартып жатқан екен. Тылдағы еңбек майданында аянбай еңбек еткен атамның жанында тек шыр-пыры шығып, шырылдап жүрген 14 жастағы әпкем Қалияшты көрген Асанбек атам әкемнің дерегін сұрастырып жүріп, әскери коммисариат арқылы елге шақыртады. Алайда әкем қайта қоймайды. Оның үстіне соғыс кезінде әкем украин қызымен көңіл қосып, Виктор есімді баласы болған. Ауылдан қайта-қайта «қайт» деген хабар келе берген соң әкем елге жинала бастайды. Әйткенмен, әйелі Қазақстанға келгісі келмей, сол жақта қалып қояды.
Әлі есімде. Мен 13-14 жасар кезімде әкемнің сол әйелі Викторды ертіп ауылға келді. Әкем Викторды алып қалып, тәрбиеледі, оқытты. Жұмысқа орналастырды. Надя деген келіннің қолынан дәм татты. Бірақ кейіннен Виктор Украинаға көшіп кетті. Естуіміз бойынша Виктор Патсаев қазір Житомирде тұрады, ғылым кандидаты, доцент. Елге келгеннен соң әкем анам Құндызайға үйленіп, бес ұл, бес қызға әке болады. Өзінің ұстаздық қызметін жалғастырып, С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, Төлеген Тәжібаев сынды ұстаздардан дәріс алған. Университетте оқып жүріп-ақ Киров аудандық атқару комитетінің хатшысы болған әкем жұмыс десе өзге дүниені ұмытатын ерекшелігімен ел басшыларының көздеріне тез түседі.
Облыс басшылығы әкем Қаныбектің іскерлік беделін орынды бағалап, 1952-1953 жылдары Шәуілдір ауданының, 1953-1956 жылдары Ильич ауданының аудандық депутаттар кеңесінің төрағасы етіп тағайындаған. Осы қызметті 1956-1958 жылдары Арыс ауданында жалғастырды. Бірде білсем деген құмарлықпен әкеме мынандай сұрақ қойғаным есімде:
– Сіз соғысқа кіргенде жиырмадан жаңа асқан жігіт едіңіз. Қыршынынан қиылып жатқан жолдастарыңызды көргенде көзіңізге ажал елестеуші ме еді? – дегенімде әкемнің маңдайындағы сызаттары тереңдеп, көздері жасаурап кеткендей көрінді. Жалпы, әкеме соғыс туралы айту оңайға соқпайтынын түсінетінмін.
– Балам, – деп бастады әңгімесін ол. – Алғаш соғысқа кіргенде жау жайлаған аймақты көріп, көзіңе көкең елестей ме, болмаса ажал елестей ме, оны айтып жеткізу қиын-ақ. Өзің ажал аузында жүріп, ерлік жасайын деп ойлаудың өзі есерлік дер едім. Бір анығы, өзіңді өлімге әзірмін деп есептеуің керек. Қорыққан сәттерім болды. Тек, қорқынышты тез жеңіп, буындарыңды бекітіп алмасаң, ажал өзі-ақ іздеп табады сені, – деген әкем әңгімесін әрі қарай жалғастыруға ынтасы жоқ екенін аңғартқан еді сол жолы.
Менің әкем тағдырлы адам. Аудандық атқару комитетінің хатшылығынан совхоз директоры, бөлімше меңгерушісі, мектеп директорына дейін құлдырады. Оны құлдыратқан оңтүстікті басқарған Юсупов еді. Жүрегіне қаншалықты ауыр жүк түссе де мойымаған, қайта ширай түскен әкем жасыған жоқ, жігерлене түсті. Юсупов тік мінезді, алған бетінен қайтпайтын әкемнің соңына шам алып түсті.
1984 жылдың 11 тамызы біз үшін ең ауыр да, қаралы күн болды. Осы күні әкемізбен мәңгілікке қоштастық. Қабырғамыз қақырап, жүрегіміз қан жылап қалса да, болған іске іштей мойынсұндық. Арыстай азамат арамыздан бір күнде ғайып болды.
Кіндігінен тарап, жолын жалғастырып жүрген Әнапия, Махамбет, Тұрсынай, Мұхтар, Роза, Ұлықбек, Бахытбек, Клара, Светлана, Жақсыгүл атты ұл-қыздары мен немере-шөберелері әрдайым әке рухына бас иіп, оның жаққан шырағын өшірмеуге тырысып бағамыз. Өсірген ұл-қыздары да елге танымал, елеулі азаматтар.
1998 жылы Асық ата кентіндегі бір көшеге әкеміздің аты беріліп, көзін көрген, үзеңгілес болған, сүрінгенде сүйеу, жығылғанда демеу көрсеткен аға-інілері әкем Қаныбек туралы «Шұғыласы сөнбес шоқжұлдыз» атты естелік кітап шығарып, елге таратты. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында әкеміздің құрметіне Саябақ ашылып, ел игілігіне берілді. Келесі жылы саябақ ортасынан Қаныбек Патсаевқа ескерткіш орнатылды. Мұның барлығы елдің ерге деген құрметі. Әкемнің ел ішінде абырой биігінен көрініп, ыстық-суығын бірге көтеріскен аяулы анамыз Құндызайдың да сіңірген еңбегі зор екенін түсінеміз.
Әнапия Патсаев,
химия ғылымдарының докторы, профессор