– Биыл іргесі қаланғанына 202 жыл толатын Қызылорда күннен- күнге көркейіп келеді. Жаңадан шағын аудандар бой көтеріп, Сырдария өзенінің сол жағалауы да қарқынды даму үстінде. Бүгінгі күнге орайластырылып ашылған «Денсаулық саябағы» облыс орталығындағы тағы бір тамаша нысан болады деп сенеміз, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі қайта жаңғыртудан өткен «Сыр ана» алаңын да аралап көрді. Абаттандыру жұмыстарын «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС жүргізген алаңда жаяу жүргіншілер жолы, спорттық ойын алаңы және 2 су бұрқақ орналастырылған.
Қала тойы аясындағы айшықты шаралардың бірі Жаппасбай батыр көшесі бойындағы №282 мектеп-лицейдің ашылуы болды. Осыдан екі жыл бұрын салына бастаған 200 орындық білім ошағының құрылысын «Ария-Жаңа Астана» ЖШС жүргізіпті. Жаңа мектепте оқушылар санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, II тоқсаннан бастап оқитын болады.
Қос ғасыр жасаған қала мерекесінде биылғы індетте талай жанды ажалдан арашалап алып қалған мәртебелі мамандық иелеріне арналған «Дәрігерлер аллеясының» ашылу рәсімі өтті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Нұрсұлтан Назарбаев даңғылын абаттандыру жобасы бойынша салынған нысанда қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс басшысына алдағы уақытта кәсіпкерлерді ұйымдастырып, ойын аттракциондарын орнатып, аллеяны спорттық, патриоттық іс-шаралар өткізетін орынға айналдыру бағытындағы жоспарларын жеткізді.
Отыз бес гектар аумаққа орналасқан аллеяда веложол, 6 спорттық ойын алаңы, аяқ су каналы, түнгі жарық шамдары орналасқан. Сонымен қатар 20 717 түп көшет, 61 мың гүл егіліп, 10 450 шаршы метр аумақ абаттандырылды.
Шарада аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова көпбейінді облыстық аурухананың кардиолог дәрігері Ғалымжан Қоразов пен осы мекемедегі реабилитация бөлімшесінің меңгерушісі Ғалия Әбеноваға пәтер кілтін табыстады.
Мерекеге орай ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оны аралау барысында облыс әкіміне шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тұрғындарға нарықтағыдан төмен бағамен сатылып жатқанын жеткізіп, жәрмеңке желтоқсан айына дейін әр сенбі сайын ұйымдастырылатынын айтты.
Осы күні облыс орталығында мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері Ыдырыс Қалиевтің бюсті ашылды.
Адал еңбегімен ел құрмет тұтқан қайраткерге айналған азамат рухын ұлықтауға арналған шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың құттықтау жеделхаты оқылып, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ел ардақтысы жайлы жылы лебізін жеткізді.
Талай қызметті абыроймен еңсерген қайраткер тұлғаның еңбегі әр кезде лайықты бағаланып, 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту орденін иеленген, «Отан соғысы», «Құрмет белгісі», тәуелсіз еліміздің «Құрмет» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған. Қызылорда облысының, қаланың, Қазалы, Арал аудандарының құрметті азаматы атанды, Сыр өңірінің батагөйі, ақылман ақсақалы болды. Қала орталығындағы Желтоқсан мен А.Тоқмағамбетов көшелері қиылысына қойылған қола бюст авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Аманкелді Кененбаев.
Мерекелік шаралар шеңберінде Сырдария өзенінің сол жағалауынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген несиелік үйлер пайдалануға берілді. Облыс әкімі тұрғындарға пәтер кілтін табыстап, қоныс тойымен құттықтады. Осы аумақтағы үйлер құрылысын «Бақ-Береке 2030», «Дәнекер», «Сапақ», және «Астана Сервис ЛТД» компаниялары салған. Бес қабаттан тұратын 200 пәтерлік тұрғын үйдің жалпы ауданы 12 мың 619 шаршы метр.
Кейінгі жылдары Қызылорда қаласында 14 жаңа шағын аудан, 7 тұрғын үй кешені бой көтеріп, 10 мыңға жуық қызылордалық баспаналы болды.
Биыл жыл соңына дейін 680 пәтерлік арендалық 14 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Жеке инвесторлар қаражаты есебінен 86 пәтерлік 1 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
ҚЫЗЫЛОРДА