Мұны Халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа дәстүрі десе де болады. Осылайша, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Қызылорда облысы бойынша филиалының мамандары қызмет алуға келген әрбір жанға жылулық сыйлап, көңілдерін табуға тырысуда. Себебі қазіргідей күдігі мен үміті қатар тұрған қиын кезеңде қамкөңілдерге кішкене болса да қуаныш сыйлап, күдігін сейілтуге қызмет етудің де пайдасы бар.
Азаматтардың көпшілігі алғаш жеке куәлік пен төлқұжатын, жүргізуші куәлігі мен сәбилерінің алғашқы құжаттарын алған кездерін естен шығармайды. Ал олардың осындай ерекше сәттерінің куәсі – Халыққа қызмет көрсету орталықтары. Қызмет алушылардың қуанышты сәттерін бірге бөлісіп, жан жылуын сыйлайтын бұл бастама қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде өткізілуде. Өміріндегі маңызды жайттармен байланысты құжаттарын рәсімдеуге келген әр тұрғын ХҚО бөлімінен көтеріңкі көңіл күймен шығып, сый-сыяпаттарға ие болып жатыр.
«Қызмет алушының ризашылығы біз үшін қашанда қымбат. Бұл бастаманы қолдаудағы басты мақсатымыз – азаматтарға жылу сыйлау. Бір жағынан осындай көріністер мамандарымызға да күш-қуат сыйлап, ХҚО ішінде ерекше көңіл күй орнайды», дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаев.
Елімізде орын алған төтенше жағдайдан кейін тұрғындардың көңілін көтеру мақсатында жасалып отырған бұл бастама көңіл қуантады. Бұл жерде сыйлықтың көлемі немесе бағасы маңызды емес, бастысы – шын көңілден болуы.