Руханият • 02 Қазан, 2020

Еріктілер елге көмек береді

896 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңақорған ауданында «Жаңарған Жаңақорған жастары» атты қоғамдық қор бар. Ондағы жастар біраз жылдан бері бастама көтеріп, әлеуметтік жағдайы төмен жандарға жәрдем беріп келеді. Осы уақытқа дейін баспанадан қиындық көрген бірталай отбасына көп көмегімен үй салуды да ұйымдастырған осы қор мүшелері. Биыл індет өршіп, ел қиналған тұста жастар түрлі шара арқылы көпке көмегін тигізді.

Еріктілер елге көмек береді

Тамыз айының басында аудан орталығында тұратын тағы бір көпбалалы отбасын қамқорлықтарына алды. Ескі үйдің орнына жаңа баспана соғуға қарекет жасаған жан­дарға қолдау танытып, есік пен еденін, шиферін жеткізіп берді. Жас кәсіпкер Бақытжан Дәндібаев бөрене түсіріп берсе, атын атамауды сұраған тағы бір жомарт жан шатырға қажетті ағаштарын жеткізіпті.

Осы жазда аяқасты кө­теріл­ген дауыл кенттегі Сая­жай шағын ауданындағы А.Кө­шер­баеваның үйінің шатырын ұшырып кеткен болатын. Науқас баласы бар ана жаңбырлы күндері үйдің тө­бесінен аққан су еденіне жеткенде көптен көмек сұрапты. «Жаңарған Жаңақорған жас­тары» бұл өтінішті де аяқ­сыз қалдырған жоқ. Топ бел­сенділері Дәулет Тұрабаев пен Наржан Молдабеков ерікті жастардың көмегімен жылу жинады. Аз уақыттың ішінде қажетті материалдар алып, үйдің шатырын қағып берді.

Көпке көмегін тигізіп жүр­ген кейінгі толқынның игі іс­тері ескерусіз қалған емес. Биыл «Жомарт жүрек» сыйлы­ғын табыстауға арналған шарада топ мүшесі Қоғамбек Мүтанұлы «Ерен еріктілік» номинациясымен марапатталды.

Жаңа оқу жылы басталар сәтте «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті. Акция аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына оқуға қажетті құрал-жабдықтар салынған 90 сөмке табысталды. Онлайн оқуға қажетті құрылғы таппай қиналып отырғандар балаларға 14 смартфон алып берді.

– Көмекке шын мұқтаж адамның меселін қайтарып, қолын қаққан кезіміз жоқ,– дейді қор мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Арман Мәжитов. – Бірақ мемлекеттен де, айналасынан да үнемі көмек дәметіп, соны кәсіп қылып алғандар да жоқ дей алмаймыз. Сондықтан да біз «Қиналғанға балық емес, қармақ бер» деген ұстанымдамыз. Осы бағытта өзара ақылдасып, ал­дағы уақытта қолынан іс ке­летін, бірақ материалдық мүм­кіндігі жоқ жандарға қажет­ті құрылғыларын алып беріп, кәсіп бастауына жол ашпақпыз.

Жастар өз қатарларын кә­сіпке баулу бағытында да түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Мысалы, жуырда қоғамдық қор мен «Qamqor» әлеуметтік дүкені кондитерлік өнімдер пісіруден тегін шеберлік са­ға­тын өткізді. Көп ұзамай «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның қолдауымен қор мен әлеуметтік дүкен отбасылық сайыс ұйымдастырды. Отба­сы құндылықтары мен саламатты өмір салтын насихат­тауға арналған шарада қаты­сушы командалар бағалы сый­лықтармен марапатталды. Бас жүлдеге берілген велосипед Ибрагимовтер отбасына бұйырды.

Жастардың бастамасымен әрбір жұма күні әлеумет­тік дүкенде «Тегін нан» қайы­рымдылық акциясы тұрақты өткізіліп келеді.

 

Қызылорда облысы