Саясат • 02 Қазан, 2020

Заң бұзғандардың есімдері неге құпия сақталады?

406 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қос азаматтық алып, екі елден де халқына жасалатын әлеуметтік жеңілдіктерді алып жүргендер Солтүстік Қазақстан облысында да баршылық екен. Ондайлардың «заңды білмей қалдық» деп айтқаны сенімсіз. Алайда сондайларға қарсы қолданылатын жауапкершілік шаралары өте жеңіл сияқты, сондықтан екі жеп биге шығуын қоймайды.

Заң бұзғандардың есімдері неге құпия сақталады?

Заң «Қазақстан Республикасының азаматы басқа мемлекеттің азаматтығын алса, онда сол сәттен бас­тап ол Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтады», дейді. Бірақ бір бармағын ішіне бүккен қу түрлі айла-шарғымен Қазақстан азаматы да болып қала береді екен. Сөйтіп, заңсыз әрекет жасайды. Мәселен, Ресейдің азаматтығын алған сәттен бастап адамға Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын пай­далануға, соның ішінде зейнетақы және басқа да әлеуметтік төлемдер алуға, Қазақстан Республикасының кәсіпорындарында тіркелмей жұмыс істеуге, ақысыз білім алуға, медициналық қызметтер алуға, атыс қаруын сақтауға және алып жүруге  және т.б. рұқсат етілмейді. Осыны білсе де екі елдің де азаматтығын алып, екі жақ­тың да жеңіл­діктерін алып жүре береді. 

Қос азаматтық алып жүргені үшін тартатын жауапкер­шілік тек елден шығарылу немесе айыппұл төлеумен шектеледі. Ал айыппұлдың көлемі ӘҚтК 496-бабына сәйкес бар болғаны 100-ден 300 АЕК (2778 теңге) мөлшерінде ғана.  Облыстық ПД-ның Көші-қон қызметі­нің деректеріне қарағанда жерімізде тұрғанымен Қазақ­стан азаматтығынан шығушылар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр ондайлардың саны 463 болса, биылғы сегіз айдың ішінде ғана 303 адам болыпты. Бұлар­дың бәрі де негізінен Ресей Федерациясының азамат­тығын қабылдағандар. Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығып, бірақ паспорты мен жеке куәлігін пайдаланған 24 адам жауапқа тартылған. Соның ішінде биыл 5-уі елден тыс жерге шығарылған, ал 2019 жылы ондайлардың барлығы 19 болып,  соның 4-еуі ел аумағынан шығарылған.

Бір қызығы, Полиция департаменті ондай адамдардың аты-жөндерін де көрсете алмайды. Заңды бұзғаны белгілі, бірақ олардың есімдері заңмен қорғалып, жеке деректері айтылмайтыны қызық емес деп көр. Егер Қазақстанда тұрып, Қазақстан азаматтығынан шыққан адамдардың аты-жөндері жарияланып тұрса және олардың соңғы қызмет еткен орындарына қатынас қағазы жіберілетін болса, Президентіміздің өзінің назарын аударған мұндай бұзушылықтар болмас еді.

Қазақстан азаматтығынан шықпаған адамдардың өздерінде зейнетақы алып жүретіні Ресей Федерация­сының органдарын да алаңдата бастаған сияқты. Өйткені, екіжақты келісім бойынша екі елдің бірінің заңын бұзған адам екінші елдің аумағында тұрса, ол туралы хабарланады немесе қажет болған жағдайда ұсталып беріледі емес пе? Сондайлардың бірі «А» (жоғарыда айтқанымыздай аты-жөнін толық айтпайды) «деген азаматқа қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылды, Қазақстанның құжаттары алынды, осы факті туралы ақпарат Солтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына жіберілді» деп жазады ПД-нің Көші-қон қызметі басқармасы. Одан әрі осы қызметтің анықтамасында мынадай дерек жазылған: «Осындай жағдай азамат «З»-дан да анықталды, осы уақытқа дейін Петропавл қаласындағы Оңтүстік Орал темір жолы қызметкерлерінің арасында да қос азаматтық фактілері анықталуда, мысалы, азамат «Н» анықталған жағдай бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оған 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды».

Сөйтіп, бұзушылардың кім екенін де атап, түстеп біле алмай «А», «Б» деп отырдық. Бәрі де заңдарымыздың солқылдақтығынан екені даусыз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы