08 Қараша, 2013

Ортақ міндет

325 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

04Біздің елімізде балаларға арналған 250-ге жуық демалыс орны бар. Солардың бірі – Ақмола облысы аумағындағы «Балдәурен» жазғы демалыс кешені. Биылғы жазда ол жерде бірнеше жүздеген оқушы демалып қайтты. Лагерьде еркін тынығуға толық жағдай жасалып, тәрбиешілерге үлкен жауапкершілік артылған. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 6 мыңға жуық бала «Бөбек», «Балдәурен» республикалық орталықтарында демалып, мүмкіндігі шектеулі 1,5 мың бала оңалту, түзеу педагогикасы ұлттық орталығында тынықты.

Біздің елімізде балаларға арналған 250-ге жуық демалыс орны бар. Солардың бірі – Ақмола облысы аумағындағы «Балдәурен» жазғы демалыс кешені. Биылғы жазда ол жерде бірнеше жүздеген оқушы демалып қайтты. Лагерьде еркін тынығуға толық жағдай жасалып, тәрбиешілерге үлкен жауапкершілік артылған. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 6 мыңға жуық бала «Бөбек», «Балдәурен» республикалық орталықтарында демалып, мүмкіндігі шектеулі 1,5 мың бала оңалту, түзеу педагогикасы ұлттық орталығында тынықты.

04

Иә, мемлекет жастар ел бола­шағы, жас ұрпақ қандай болса, дамушы елдер қатарындағы Қазақстанның келешегі де сондай болмақ деп оларды тәрбиелеуге зор мән береді. Еліміз қашанда оқушылардың жазғы демалысына жауапкершілікпен қарайды, биыл да дәл сондай қарқынмен сауықтыру бағдарламалары жүзе­­­ге асырылды. Бұл мәселе жыл сайын Үкімет отырысында қаралады. Биыл да сондай жиын кезінде денсаулық сақтау минис­трлігінің мәліметі бойынша орталықтандырылған су жүйесімен тек 118 лагерь, тасымал суымен – 30, құдықтар мен ұңғымалармен – 69 лагерь қамтамасыз етілгені белгілі болды. 2 миллионнан астам балалар мен жасөспірімдер жазғы бос уақытты ұйымдастырудың барлық нысанымен қамтылып, 1 миллионнан астам бала лагерьлерде тыныққан. Биыл елімізде барлығы 10487 сауықтыру лагері қызмет көрсетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда артық. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында биыл алғаш рет жеке санаттағы балалар­дың жазғы демалысын қамту мониторингі өткізілді. Оқу үздік­тері 36,1 пайызды, туберкулезбен ауыратын балалар 55,7 пайызды құраса, чернобылдықтар және жауынгер-интернационалис­тер отбасыларындағы оқу­шылар қатары 76,6 пайыз, орал­­мандар 76,7 пайыз. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының зияткерлігін көтеру мақсатында дарынды балаларға тегін демалыс орындары қарастырылған. Бұл іс-шараға жергілікті бюджеттен қыруар ақша да бөлінді. Төтенше жағдайлар министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қа­дағалау комитеттерінің өкілдері жазғы демалыс орындарын жан-жақты тексерді. Сол секілді, жер­гілікті атқарушы органдар жетім балалардың демалысына жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына да демалуға жағдай жасалды. Мемлекет қаржыландыратын демалыс орындары балалар үшін қолжетімді болғанымен олардың қатары аздау. Кезінде көптеген лагерьлердің жекеменшік қолына өтіп кеткені жасырын емес. Десе де, қайта жанданған бұл сала қазір қарқынды дамып келеді. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының орта­лығында балалар мен жас­өспірімдер туризм орталығы жұмыс істейді. Орал қаласындағы орталық жұмысы да жанданып келеді. Есік қаласындағы балалар мен жасөспірімдер туризмі Алматы облысы мектеп оқушыларының жазғы демалысын мазмұнды, тиімді өткізуге күш салып келеді. Қарағанды облысының Бектау ата өңіріндегі үш балалар демалыс орнында бүлдіршіндердің жазғы демалысын көңілді өткізудің жаңаша әдіс-тәсілдерін жүзеге асыруда. Жалпы, барлық лагерьлерде жасөспірімдердің бойына патриотизмді сіңдіріп, еліне деген сүйіспеншілікті ояту жұмысы жүргізіледі. Бұл мемлекет саясатының негізі. Осы бағытта қазақстандық жастардың тәрбиесін мықтап қолға алсын деген ниетпен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы да құрылды. Мемлекет ісіне, ел саясатын жүргізуге жастардың қызығушылығын туғызып, тек мансап, билік үшін емес, ел үшін, болашақ үшін қызмет етуге әзір таза жүректі, адал, білімі мен білігі мықты мамандарды даярлауға патриоттық шаралардың берері мол. Осы ретте «Менің Қазақстаным» республикалық жастардың патриоттық форумын атап айтуға болады. Бүгінгі таңда жас ұрпақтың азамат болып қалыптасуы барысында олардың жаhанданудың теріс ықпалдарына бойұсынып кетпеуін ескеру қажет. Бұл жағдайда тәрбие жұмысының тиімділігі ата-ана мен мектептің өзара байланысынан көрінеді. Ата-аналардың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттыру мақсатында республикадағы барлық мектептерде «Ата-аналар кеңестері» мен «Қамқоршылық кеңестері» жүйелі жұмыс атқаруда.

«Жас Ұлан» ұйымы құрыл­ғанына екі жыл ғана болғанымен, қазір рес­публика бойынша оның қатарында 1 миллионнан астам өрен бар. Ол оқушылардың барлығы жоғарыда атап өткендей, кілең үздік оқитын, тәрбиелі, инабатты, азаматтық қоғамның белсенді мүшелері. Жыл сайын олардың қатары көбейе түсуде.

Ұйымға мүше болудың екідең­гейлі жүйесі бар. Жоғары буынына 5-10 сынып, ал «Жас Қыран» төменгі буынына – 1-4 сынып оқушылары мүше бола алады. Ұйымға мүше қабылдауды «Жас Ұлан» бастауыш ұйымы жүргізеді. Ұйымға көпшілікті қабылдау жылына 3 рет өткізіледі. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, 6 шілде – «Жас Ұлан» құрылған күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні.

Айта кету керек, оған мүшелікке өту үшін ең басты шарт оқуда, қоғамдық жұмыстарда, еңбекте үлгілі, мәдениетті болу керек.

Балалардың жазғы демалысы тек бос уақытты көңілді өткізу ға­на емес, еліміздің келешегі – жас­тар тәрбиесіне ерекше мән беріп, олар­дың жан-жақты қалыптасуына, қоғам­ның дамуына үлес қосатын азамат болып өсуіне қамқорлық жасау бо­лып табылады.

Ұзақ уақыт бойы оқушылардың ой-санасының өсіп-жетілуі тек білім көрсеткішімен бағаланып келді. Расында олардың мәдениеті, өзін-өзі қоғамда ұстауы, бәрі-бәрі оның азаматтық тұлғасының бет-бейнесі екенін ескерген жөн. «Бала тәлімі – құрсақтан» деген халық даналығын үнемі естен шығармаған абзал. Ата-ана жақсы бағыт беріп, санасында жақсы ойлар жатталған бала мектепте де, лагерьде де тәрбиесін шыңдай түседі. Әйтпесе қазіргі қоғамда әкесі жоқ, анасы ішкілікке салынып, баласы бетімен кететін жағдайлар да жоқ емес. Ал ондай бала ертең елдің болашағын ойлау түгілі өзі үшін жауап беруге қауқарсыз болып шығатыны сөзсіз. Сондықтан бала тәрбиесінде отбасы, мектеп ұжымы, қоғамдық ұйымдар бірлесе қимылдауы қажет. Абай атамыздың «Балаға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан. Солардың ішінде, бала қайсысын жақсы көрсе, сонысынан көбірек жұғады» деген дана сөзі бар. Үйдегі тәрбиесімен мектеп қабырғасына келген балалардың одан әрі дамуына «Жас Ұлан» ұйымының берері мол.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар