Қоғам • 02 Қазан, 2020

Зілзалаға төзімді құрылыс жобаларын ұсынды

207 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Францияның зілзалаға төзімді құрылыс қауымдастығы (AFPS) Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтына («ҚазҚСҒЗИ» АҚ) ынтымақтастық туралы ұсыныспен ресми хат жолдады.

Зілзалаға төзімді құрылыс жобаларын ұсынды

AFPS құрметті президенті Пьер Соллогуб (Pierre Sollogoub) Қазақстан Республи­касының зілзалаға төзімді құрылыс қауым­дастығының төрағасы, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ өн­діріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы Шоқбаровты зілзалаға төзімді құрылыс сала­сындағы бірлескен жобаларға қатысуға шақырды.

Тараптар ынтымақтастық шеңберінде ғимараттар мен құрылыстардың зілзалаға қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бо­йынша тәжірибе алмасып, жаңа құрылыс технологияларын зерттеп, қолдана алады, жас мамандарды бірлесіп оқытуға және ортақ теориялық және тәжірибелік зерттеулер ұйымдастырады.

Еске сала кетсек, 2020 жылдың шілдесінде Қазақ­стан Халықаралық зілзалаға төзімді құры­лыс қауым­дастығына (IAEE) кірді. Осыған байла­ныс­ты Ералы Шоқбаровқа Қазақстан Респуб­лика­сынан IAEE ұлттық делегаты атағы берілді.

Айта кетелік, Қазақстанның зілзалаға төзімді құрылыс қауымдастығы Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты («ҚазҚСҒЗИ» АҚ) базасында құрылған. «ҚазҚСҒЗИ» АҚ – аса күрделі инженерлік-геологиялық жағдайдағы аудандар мен зілзалаға қауіпті өңірлерді қоса алғанда, Қазақстан құрылысын дамыту саласындағы еліміздегі жалғыз мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институты. Институттың 89 жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Ал Францияның зілзалаға төзімді құрылыс қауымдастығы French Earthquake Engineering Association (AFPS) – 1983 жылы құрылған коммерциялық емес ұйым. Қауымдастық зіл­зала және оның топырақ, құрылыстар мен қоршаған ортаға салдарын зерттеумен, сон­дай-ақ төтенше жағдай салдарын жою және адам өмірі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында зерттеумен айналысады.