Екінші рет өткізіліп отырған іс-шараға қаладағы туризм саласына қызмет етіп жүрген 16 дәмхана қатысты. Олар өз мәзіріндегі тағамдарын қала әкімінің орынбасары Тәжібек Қалманұлы бастаған комиссия мүшелері мен қонақтарға ұсынды. Дәмді тағамдардың сапасы мен құнарлығы, безендірілуі сынды талаптар сараланып, нәтижесінде, "Диадора" кафесі бас жүлдеге, "Эдем", "Шаңырақ", "Уақ", "Индира", "Мансарда" сынды дәмханалар жүлделі орындарға ие болды. Сәйкесінше оларға сый-сияпаттар берілді. Сонымен қатар, Түркістан қаласының туризм әлеуетін дамытып жүрген туроператорлар мен турагенттіктер де марапатталды. Аталған шараны, жыл сайын мереке қарсаңында өткізу жоспарланған.
Тағамдар фестивалі кесене аумағында бой көтерген этноауылда жалғасып, келушілер орнатылған киіз үйлер мен концерттік шараны тамашалады. Тәжібек Қалманұлы еліміздің Алматы, Атырау, Ақтау, Тараз сынды қалаларынан келген туроператорлар мен турагенттік өкілдеріне туристер келген жағдайда, күтіп алуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, "Amazing Turkistan" туристерге арналған жүйесі туралы кеңінен ақпарат беріліп, қолдау көрсетілетіні айтылды.
Түркістан облысы