08 Қараша, 2013

Отызында орда бұзған Гарибашвили

287 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

01-Григорий Лепс 2Грузияның премьер-министрі Бидзина Иванишвили арнаулы брифингте үкіметтің жаңа басшысы қызметіне кандидат ретінде ішкі істер министрі Ираклий Гарибашвилидің атын атады.

Грузияның премьер-министрі Бидзина Иванишвили арнаулы брифингте үкіметтің жаңа басшысы қызметіне кандидат ретінде ішкі істер министрі Ираклий Гарибашвилидің атын атады.

01-Григорий Лепс 2Әлі ол парламентте бекуге тиіс және ол 17 қарашадағы президент Георгий Маргвелашвилидің қызметке кірісу салтанатынан кейін, сондай-ақ қазіргі премьер-министр Бидзина Иванишвилидің ресми түрде қызметінен кетуінен кейін жүзеге асуға тиіс. Бірақ жұрт Гарибашвилиді үкімет басшысы ретінде қабылдап та, құттықтап та отыр.

Қазір бұл елде Иванишвилидің дегені болып тұр. Басқалар оның айтқанын қолдайды, заңдай қабылдайды. Сол Иванишвили былай деді: «Грузия лайықты үкіметке, лайықты премьер-министрге және лайықты президентке ие болды және мен грузин қоғамының тапсырысын орындап, осындай тамаша үкімет пен президент қалдырып бара жатқанымды мақтан етемін».

Бұл мәлімдемеден көп жайды ұғуға болар еді. Ең алдымен, үкіметті президенттен жоғары қойып отыр және осының барлығы өзінің қалауымен жүзеге асып отырғанын аңғартады. Әлі парламентте бекімеген адамды премьер-министр ретінде атап отырғаны да өзінің шешімі екі болмайтынына күмәнсіздігін білдіреді.

Әлі бекімей мойындалған премьер-министр Ираклий Гарибашвилиді отызында орда бұзған деп сипаттауға лайық. Оның жасы 31-де ғана, 1982 жылы туған. Ел билігінің бас тізгінін ұстау (президент өкілеттігінің мықтап шектелгенін ескеріп) тым ерте емес пе деуге де болар. Үкіметтің, биліктегі «Грузин арманы» коа­лициясы саяси кеңесінің және парламенттегі көпшілік фракциясы өкілдерімен кездескеннен кейін бұл кандидатура мақұлданып, оны Иванишвили жария етті.

Гарибашвилидің жолын даңғыл болды десе жөн. 2005 жылы Тбилиси мемлекеттік университетін «халықаралық қарым-қатынас» мамандығы бойынша бітірген, дәл осы уақытта осы мамандық бойынша Сорбонна университетінде қатар оқыған. 2004 жылдан 2012 жылға дейін Иванишвилидің иелігіндегі Cartu Group компаниясының түрлі ұйымдарында басшы қызмет атқарған. Өткен жылы «Грузин арманы – Демократиялық Грузия» сая­си партиясын құрушылардың бірі болған. 2012 жылдың қаза­нынан елдің ішкі істер министрі. Иванишвилидің сипаттауынша, бір жыл ішінде еуропалық тұрпаттағы полицияны құрған көрінеді.

Енді оны парламентте бекіту жай ресми шара ғана екені анық. Ондағы көпшілік фракция жетекшісі Давид Саганелидзе бұл шара жылдам өтетінін мәлімдеді. Осылайша, Грузияда билік толық­тай жаңарды.

 

Сенгенің қылмыскер болса, сол жаман

Қазан айының соңғы күні Мәскеуді шулатқан бір оқиға болды – АҚШ қаржы министрлігі халықаралық ұйымдасқан қылмыскерлер қатарына Ресейдің, ең алдымен, президент Владимир Путиннің сүйікті әншісі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, композитор, продюсер Григорий Лепсті қосқан екен, сол күні-ақ елдің ресми орындары оған қарсылық білдіріп, мәлімдемелер жасап үлгерді.

01-Григорий Лепс 1Әрине, бұл шу әңгіме ел президентіне жақын адам жайында болған соң шықты. РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеудің Вашингтоннан Лепстің «кара тізімге» қалай қосылғанына түсінік беруді талап еткенін хабарлаумен қатар, өзінің біраз ашу-ызасын білдірді. Лепс – Ресей президентінің және көптеген ресейліктердің сүйікті әншісі, 2012 жылғы президенттік сайлауда Владимир Путиннің сенімді өкілі болғанын айтты. Рас, Орталық сайлау комиссиясының тізімінде Путиннің сенімді өкілдері қатарында Лепстің аты жоқ көрінеді. Сөйтсе де, Песков та жайдан-жай айтпаса керек, онда болмағанмен, бейресми тізімге қосылған шығар.

Әйтеуір, Лепске ара түскендер бұл хабар естілісімен белсенді іске кіріскен. Алдымен сыртқы істер министрлігі Вашингтоннан түсінік талап етсе, сол СІМ-нің адам құқы жөніндегі өкілетті өкілі Константин Долгов оларды біраз сынап та алады. «Ресей СІМ-і ресейлік азаматтардың бір нәрсеге айыпты екен-еместігін өз елімізде ресейлік сот-құқықтық жүйесі шеңберінде қаралуы керек деген тұжырымға сүйенеді, – деді Долгов. – Сондықтан бұл рөлді АҚШ-тың иемденуі жөн емес». Ресейдің азаматына кінә тағар болса, олар ресейлік заң орындарына жүгінсін, өздерінің ұлттық заңын қолданбасын, дейді құқық қорғаушы.

Қисықтау қисын. Ресейлік заң орындары айыптамаса, халықаралық ұйымдасқан қыл­мыскер тобына қатысқан ресей­ліктер қылмыскер саналмауға тиіс көрінеді. Бұл енді ақылға сыя қоймайды. Сонда халықаралық қылмыстық топқа қатысып қана қоймай, оған басшылық та жасап жүргендердің әрекеттеріне басқалар қарап отыруға тиіс пе? Әрине, бұған басқалар, сонымен бірге, АҚШ та көнбейді.

АҚШ президенті Барак Обама өзінің №13581 нұсқауымен ел қауіпсіздігіне қауіпті деген әлемдік төрт қылмыстық топқа қарсы санкция енгізді. Олар – италиялық каморра, жапондық якудза, мексикалық «Лос-Сетас» және МS – 13, сондай-ақ, еуразиялық «Туыстық шеңбер» тобы. Соңғысы кешегі КСРО-дан шыққан елдердің қылмыскерлерін біріктіретін көрінеді. Григорий Лепс (шын аты Лепсверидзе) соларға қосылады екен. Сол топтың бір басшысы Владислав Леонтьевке ақша таситын курьері санатында көрінеді.

«Туыстық шеңбердің» бүлдір­гені көп. Оның бір басшысы «ресейлік қылмыстық әлемнің генералы», «заңдағы ұры» Захарий Калашов 22,5 миллион еуро айып төлеп, 9 жыл арқалап, Испанияның түрмесіне қамалған. Оның жақын серігі Лаша Шушанашвили биыл Грекияда 14 жылға сотталды. Бұл елдер оларды соттағанда Ресейден рұқсат сұраған жоқ, олардың заңына жүгінген де жоқ.

АҚШ қаржы министрлігі бұл топтың Ресейде, Қырғызстанда, Өзбекстанда және БАӘ-де әрекет етіп жүрген жеті басшысын атаған. Олар – Василий Христофоров (лақап аты – Воскрес), Қамшыбек Көлбаев (Камчи Бишкекский, Коля-киргиз), Владислав Леонтьев (Белый), Александр Мануилов (Саша Самарский), Гафур Рафимов, Лазарь Шайбазян және Алексей Зайцев. Бұлардың әрқайсысының атқаратын «шаруалары» бар. Леонтьев пен Христофоров есірткі бизнесін қадағалайды, Рахимов Өзбекстанда сол есірткі өндірісіне маманданған.

Енді Лепске келсек, Мәскеу оның Леонтьевтің қаржы курьері екенін дәлелдеңдер дейді. Оған АҚШ жауап бере жатар, ал оның Ресейде ең бай әнші екені (былтырғы жылғы табысы 15 миллион доллар болған), Таиландта үйі барлығы, бірақ онда тұрмайтыны, миллиардерлер Искандер Махмұ­дов, Андрей Бокаревтермен іш-қарындары араласқан дос екені анық. Лепс былай дейді: «Менің өз мемлекетім – Ресей, өз үкіметім бар. Олар маған кінә тақпайды, ал басқа ел үкіметінің айтқанына пысқырмаймын да».

Ресейдің ресми орындары да сондай пікірде.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар