Руханият • 03 Қазан, 2020

Бердібек Сапарбаев тараздық 13 жастағы жетім баланы қамқорлығына алды

462 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жұма күні Тараз қаласындағы Марс Үркімбаев атындағы Жастар сарайында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдау бойынша "Мейірім" жобасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Бердібек Сапарбаев тараздық 13 жастағы жетім баланы қамқорлығына алды

Облыста 18 жасқа дейінгі барлығы 433 мың бала тұрады. Оның ішінде 1352 бала жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Осы әлеуметтік санатқа жататын 113 бала облыстың мемлекеттік мекемелерінде тәрбиеленуде.

Жобаның тұсаукесеріне келген қонақтар алдымен  Жастар сарайының фоесінде әзірленген өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау жөніндегі облыстық орталықтың балаларына арналған суреттер мен қолөнер бұйымдарының көрмесімен танысты.

– Бізде барлығы  70 бала бар, олардың 49-ы осы "Мейірім" жобасына енді, ал бүгін көмекке мұқтаж алты бала шараға қатысуда, – дейді өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Айжан Мейірханова.

1

"Мейірім" жобасының тұжырымдамасына сәйкес 134 жетім бала облыстың 87 мемлекеттік мекемесі мен ірі кәсіпорындарының басшыларына бекітілген. Мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдардың басшылары бұл балаларды одан әрі әлеуметтік қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасайтын болады. Атап айтқанда, олар балалардың тұрғын үй жинақ шоттарын кезең-кезеңімен толықтыруды ұйымдастырады және жан-жақты қолдау көрсетеді. Демеушілер балаларды тұрақты жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін шешеді.

"Бүгінгі күнге дейін әлеуметтік бейімдеу, білім беру және жұмыспен қамту, отбасын құру, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, арнайы мекемелердің түлектерін тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары өзекті болып қалып отыр", деді таныстырылым барысында өңірлік жоба бастамашысы Бердібек Сапарбаев.

Бұл ауқымды жобаның  мақсаты – әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз ету арқылы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмір сүру сапасын жақсарту. Тарихқа зер салсақ, Ұлы Далада ешқашан жетімдер болған емес, алайда, ұжымдастыру, жаппай қуғын-сүргін және халықтардың Қазақстанға жер аударылу, соғыс кезеңіндегі қиындықтар жетімдік жағдайларын тудырды.

Ал бүгінгідей тыныш әрі бейбіт, тоқшылық кезде біз балаларымыздың ешқайсысына жетімдік тауқыметін тартқызбауға тисіпіз, баршамыз бірге оларға қамқорлық тантуымыз керек.

Жобаның бастамашысы ретінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі, 6-сынып оқушысы Альбина Қадыроваға өмірлік қолдау жөніндегі әлеуметтік келісімшартқа бірінші болып қол қойды. Басқа балалар бойынша осындай келісімдерге ірі кәсіпорындардың басшылары мен аймақтағы беделді тұлғалар да қол қойды. Олардың қатарында "Қазфосфат" ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров, "Алтайс Групп" ЖШС директоры Әлімбек Жұмабаев, "Арайстроймаркет-2003" ЖШС директоры Арман Еділбаев, "Гаугартас" мейрамханасының директоры Меруерт Лештаева және тағы басқалары бар.

2

Осы келісімдер аясында бес балаға миллион теңгелік сертификаттар табысталды. Бұл ақша олардың "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-ындағы тұрғын үй және жинақ шоттарына түседі. 18 жасқа толғаннан кейін орталық тәрбиеленушілері оларды жеке тұрғын үй сатып алу үшін пайдалана алады. Оған дейін олардың қамқоршылары мүмкіндігінше осы шотты толтырып отырады.