Биылғы ауа райы дәнді дақылдың ойдағыдай өсіп-жетілуіне қолайлы бола қоймады. Жаз маусымында апталап аптап ыстық тұрып алды. Өткінші нөсердің өрекпіп келіп анда-санда бір бүркіп өткен болмаса, мандытып жаңбыр да жаумай қойды.
"Соған қарамастан, саланы цифрландыру арқылы және жетілген жер игеру технологиясының нәтижесінде жер қыртысында астыққа жеткілікті мөлшерде ылғал сақталып, облыстың ауылшаруашылық құрылымдары 4,1 млн тонна астық бастырып алды. Биылғы өнім шығымы орташа есеппен гектарына 10,2 центнерден келеді. Жалпы өнімнің көлемі былтырғы көрсеткіштен 1 млн тонна артық", деп мәлімдеді ауыл шаруашылығы басқармасы.
Бүгінге дейін облыс аумағына орналасқан астық қабылдау мекемелеріне 871 мың тонна бидай келіп түскен. Оның 82%-ы 3-сұрыпты бидай. Элеваторларға жиналған бидайдың 60%-дан астамының қамырлылығы 28% және одан жоғары.
Облыста өндірісті цифрландыру мен технологиялық үдерістерді автоматтандыру арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары жаңғыртылып, ірі заманауи жаңа өңдеу кешендері іске қосылуда. Осыған байланысты биыл орылған 4,1 млн тонна астықтың 60%-дан астамы, яғни 2,5 млн тонна бидай өңдеуге жіберіліп, шетелге 1,2 млн тонна ұн экспорттау жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазір шаруашылықтар "Азық-түлік корпорациясы" АҚ-на форвардық сатып алу бойынша бидай тапсырып жатыр. Алдағы көктемгі егіс науқанына қажетті 530 мың тонна бидай тұқымы дайын. Диқандар енді күздігін қамдауға кірісіп, қазірдің өзінде 1 млн гектардан астам күздік алқапқа өңдеу жүргізген.