Елорда • 03 Қазан, 2020

Елордада Қарағанды және Қостанай облыстарының жәрмеңкесі өтті

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада Қарағанды және Қостанай облыстарының ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Елордада Қарағанды және Қостанай облыстарының жәрмеңкесі өтті

"Хан Шатыр" СОО жанындағы алаңда кезекті ауыл шаруашылық жәрмеңкесі болды. Қарағанды және Қостанай облыстарының кәсіпкерлері өз өнімдерін елордаға әкелді.

Қарағанды облысынан жәрмеңкеде тоғыз аудан мен Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран қалаларынан 170-ке жуық кәсіпорын өз тауарын ұсынды.

"Біз жалпы сомасы 700 млн теңгеге 600 тоннаға жуық өнім әкелдік. Соның ішінде қой еті, шошқа еті, сиыр еті, жылқы еті, 350 тонна картоп, 100 тонна көкөніс және басқа да азық-түлік өнімдері бар. Қазір қысқа дайындық маусымы басталды, негізінен ет, картоп, көкөніс жақсы сатылды", деді Қарағанды облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асқар Санаубаров.

Қостанай облысынан 50-ге жуық өндіруші өз өнімдерін әкелді. Нұр-Сұлтандағы жәрмеңкеге 14 аудан мен үш қала келді. Тауардың жалпы көлемі 380 тоннаны құрады.

Барлық ұсынылған өнімдердің бағасы нарықтық бағадан 10-15% төмен. Сонымен, сиыр етін 1700 теңгеге, жылқы етін – 1800-2000 теңгеге, қой етін – 1800 теңгеге, шошқа етін – 1200-1600 теңгеге, картопты – 70-75 теңгеден сатып алды.

Жәрмеңке барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді.