Өнер • 05 Қазан, 2020

Күй құдіреті қанат бітіріп...

377 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түсініп-түйсіне білген адамға күй құдіреті дегеніңіз тілмен сипаттауға еш мүмкіндігіңіз жетпес ғаламат екендігі даусыз. Көк­шетаулық ұстаз, дәулескер домбырашы Бақтыгүл Дәулет­жано­ваның да жанына шуақ құйып, жолын ашқан сазды әуен.

Күй құдіреті қанат бітіріп...

 

Алғаш тартқаны Жантөренің «Шалқымасы». Бойындағы талабын анық бағамдаған ұстазы, марқұм Манарбек Бексейітовтен қалған мұра. Өміріне серік болып, өнеріне шапағат болып өзімен бірге ғұмыр кешіп келеді. Күй сазын көкірегіне құйған ұла­­ғатты ұстаз тарихын қоса баян­­даған. Ақбас толқындарын аспанға атқан Жайық өзені. Қос қапталы сыңсыған ел. Көкорайлы көктем келіп, жұрт жадырап, ел жаңарып жатқан уақытта ауыл-аймақ мыңғырған төрт түлік малымен Жайықтың арғы бетіне өтпек. Жазғы жайлауға. Сондай бір масайрай мамырлаған, тұмса табиғат жаңарып-жасарған шақ екен. Жайық өзенінің жағасы маңыраған қозының, кісінеген құлынның, боздаған ботаның үніне толыпты. Кең даланы кернеген, құлаққа соншалықты сүйкімді жаңағы үнге  жүйрік, жорға мінген жігіт-желеңнің, қыз-келіншектің сыңғырлаған күлкісін қосыңыз. Даладағы жүз сан құс та көмейіне күй толтырып, құйқылжыта жырлайды. Жалпақ жонның сәні мен салтанатын айтатын тәрізді, әдемі шақтың әсерін бір-бірінен асыра толғайтын іспетті. Қандай ғажап мына шақ, неткен сұлулық, ажарлы әдемілік еді!..

Даланың өзі мың сан дыбыс­пен тебірене толғанып, тама­ша күй шертіп тұрғандай. Бей­біт өмірдің берекесі, сәулетті шақ­тың сыбызғының дауысындай бо­лып толғанған саумал үні. Көк­темде қалың ел Жайықтың арғы бетіне өткен. Елдің игі жақ­сылары Жантөренің ауылына жиналыпты. Биік жардың басына қалы кілем мен оюлы текеметтер төселген. Жасынан өте зерек, сөзге ұста, он саусағынан күй сор­ғалаған Жантөре жаңа бір сазды әуенді толғаса керек. Естіген жанның жан дүниесін шаттық билеген. Жалаулы жасыл дүниенің жан тебірентер қызығына елітіп, қорғасындай балқыса керек. Шы­райлы да шұрайлы, көкі­рек­тегі бұйығып жатқан бұла се­зім­дерді шымырлаған нәзік ды­быс­тармен оятып алып, өмірде ғашық ететін ғажайып әуен.

Осы күй өмір бойы жанын теб­ірентіп келеді. Өзін ғана емес, шәкірттерін де. Олар да ұлты­мыздың киелі аспабын насихаттап жүр. Құрметбек Нұрғиса, Марат Жайнаған, Досжан Еркін қазақ ұлттық өнер университетін домбыра класы бойынша бітіріп, енді өздері шәкірт тәрбиелеуде.

– 2011 жылдан бастап Ақан сері атындағы мәдениет кол­леджінде жұмыс істеп жүрмін. Бір қуа­ныштысы, дарынды, талантты балалар өте көп. Колледжде домбыра пән ретінде тереңдетіліп оқытылады. Ұлттық өнерге ай­рықша мән берілгендіктен, – дейді Бақтыгүл Серікбайқызы, – домбырамен қоса, аспаптандыру пәнінен сабақ беремін. Білім алушыларға шығарманы ансамбльге, оркестрге лайықтап партитура жа­сау­ға баулимыз. Фортепиано, қо­быз, гитара аспаптарының сүйе­мелдеуімен «Сыған серенадасы», «Сенім шырағы» әндерін дайын­дап, облыстық деңгейде өте­тін ме­рекелік концерттерге үзбей қа­тысып келеміз.

Шығармашыл жастардың басын құраған «Нәзік сезім» ан­сам­блі көкшелік өнерсүйер қа­уым­ның құрметіне бөленген. Об­лыстық «Екі жұлдыз» жобасын­да қатарынан екі рет бас жүлдеге ие болды. Қалалық онлайн кон­курстарға да белсене қатысып, жүл­делі орындарға ие болған.

«Шалқыманың» адам бойын қорғасындай балқытар шұғылалы шуағы есіп тұратын шаңырақта шаттық аз емес. Қызы Мақпал Қаза­қ ұлттық  өнер университетінің фор­тепиано класын аяқтап, Мәс­кеудегі мемлекеттік өнер және мәдениет университетінде «мәде­ниеттанушы» мамандығын алған. Екінші қызы Нұргүл облыстық филармонияның әншісі, баласы Олжас та музыкалық колледжде домбыра класында оқиды. Кіш­кентай қызы Айша – «Гәкку» би ансамблінде.

Ұлағатты ұстаздың өзі болса, ұрпағының музыка әлеміне ғашық болу бесікте жатқанда даңқ­ты күйші Жантөренің «Шал­қымасымен» уанғанынан дейді.  Бәлкім солай болуы да...

 

КӨКШЕТАУ