Саясат • 05 Қазан, 2020

«Қызыл куәлікпен» әлі қоштаса алмай жүр

393 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Он алты жасқа толып, жеке куәлікке қолы жеткен күнді көп адам ұмыта қоймайды. Себебі есеюді, азамат болуды ең алдымен осы құжат куәландыратындай еді. Ол ол ма, осындай куәлік алған азамат ел мен жер алдындағы қандай да бір жауапкершілікті, азаматтықты сезіне бастайды ғой. Бақсақ, мұндай сезім барлық адамға тән емес сияқты. Өкінішке қарай, азат елдің азаматтығын айғақтайтын құжатсыз жүргендердің саны өткен сегіз айда 867-ге жетіп отыр.

«Қызыл куәлікпен» әлі қоштаса алмай жүр

 

Алдағы жылы амандық болса еліміздің егемендікке қол жеткізгеніне 30 жыл толады. Тәу етер тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы! Яғни отаны одақтас елдің құрамында болған жерлестеріміздің Қазақстан азаматы атанғанына отыз жыл болады деген сөз. Баяғыда бір әжеміз қай ауданнан боласыз деген сұраққа «шырағым, мен туған аудан да, аудан былай тұрсын мемлекет те бүгінгі дүниежүзілік саяси картада жоқ», деп жауап берген екен. Кеңес өкіметі құрдымға кетіп, ауылдық аудандардың біріктірілгенін меңзеп отыр ғой, баяғы. Бір таңғаларлығы, заман өзгеріп, Кеңес өкіметінің өзі келмеске кеткенімен сол дәуірдің «қызыл куәлігін» қойнына басып жүрген жандар арамызда әлі де бар. Бар болғанда да бірен-саран емес, көптеп кездесіп жүр. Сонда дейміз-ау, жаңа дәуірге қадам басқан жандардың жаңа куәлікті менсінбегені қалай? Әлде, ел егемендік алдық деп бөркін аспанға атып жатқанда қыжылын «қызыл куәлік» қыздырып жатқандар да аз болмады ма екен?

Оны білмейміз. Білетініміз, елімізде құжатсыз тұрып жатқан адамдардың анық­­­талуы жылдан-жылға жиілеп бара жатқан­дығы. Бұл ретте құқық қорғау органдары биыл қолданыстан шығып қалған құжатпен жүрген азаматтарды анықтау бойынша арнайы акция өткізіпті. Бұл акцияны өткізуге себеп те бар. Мәселен, өткен жылы «қызыл куәлікпен» жүрген 1727 адам құжаттандырылса, биылғы сегіз айда 867 адам анықталып, жаңа құжат беріліпті.

Айтайық, Қостанай облысында ер адам 30 жыл бойы құжатсыз өмір сүріп келген көрінеді. Бұл жағдайды құқық қорғау органдарының қызметкерлері анықтап, тиісті көмек беріп, ол азамат жаңа куәлік алды. Ал Қарағанды облысында ұзақ уақыт бойы жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрып жатқан 46 жастағы әйел мен оның ұлы анықталыпты. Бүгінде полиция қызметкерлері тиісті сұрау хаттарын жолдап, азаматтардың туған, тұрған мекенжайларын анықтап жатыр. Сондай-ақ Алматы облысындағы көші-қон қызметінің мамандары осы өңірде тұрып жатқан үш қарияға жеке куәлігін алғаш рет табыстап отыр. Олардың біреуіне егемен еліміздің тұрғыны екенін дәлелдейтін құжат берілсе, екіншісіне азаматтығы жоқ екені туралы куәлік ұсынылыпты. Үшінші қария байырғы құжаттарын тексере келген кезде Ресей азаматы болып шыққан көрінеді. Оған ықтиярхат беріліпті. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Кей азаматтар жаңа құжат алу үшін арнайы өтініш жазып, құқық қорғау органдарына өздері келетін болса, кейбіреуі тәртіп сақшылары ұйымдастыратын түрлі шаралар, акциялар кезінде анықталады екен.

Осы мәселеге халықаралық ұйымдар да назар аударып отыр. Сондай ұйымның бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар жөніндегі басқармасы. Аталған ұйым екі бағытта жұмыс істейді. Алғашқысы – босқындарды қорғау болса, екінші бағыты – азаматсыздықты жою. 2014 жылы дүние жүзінде азаматтықты жоюға бағытталған «І belong» (мен тиесілімін) атты жаһандық науқан жарияланды. Бұл науқан ең алдымен адамдарға азаматтық құқықты беруге бағытталған еді. Яғни әр азамат мемлекетке тиесілі болуын, сол арқылы елдің құқықтарына, берілетін мүмкіндіктеріне, әлеуметтік көмектеріне ие болуын (өмір сүруге, білім алуға, жұмыс істеуге) көздейді. Осылайша БҰҰ-ның босқындар жөніндегі басқармасы мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, азаматсыздықты жоюға ұмтылады.

«Бұл бағытта өз елімізде де елеулі өз­ге­рістер жасалып жатыр. Мәселен, өткен жы­лы Қазақстанның «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, еліміздегі жаңадан туған әр бала туу туралы куәлік алуға құқылы. Мұны да жақсы қадам деп бағалауға болады. Бүгінде біз ішкі істер органдарымен тиімді жұмыс жасай келе азаматсыздықты жоюға, азаматтығы, жеке басын куәландыратын құ­жаты жоқ тұлғаларды анықтауға қатысты қолданысқа енгізілген механизмдерді жоғары бағалаймыз», деп отыр БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары басқармасының құқықтық мәселелер жөніндегі қызметкері Шолпан Олжабаева.

Аталған халықаралық ұйым Адам құқық­тары жөніндегі бюро, еліміздің оңтүстік өңі­рінде қызмет ететін «Сана сезім» ұйымы сынды серіктес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істей отырып 2014 жылдан бері 6000-ға жуық адамның азаматтығы жоқ екенін анықтап отыр. Олардың арасында «қызыл куәлікпен» жүргендер де баршылық екен. Зерттеп, зерделей келгендей анықталғандардың 60%-ы Қазақстан азаматтары болып шықса, қалған 40%-ы әлденеше жыл бұрын шекара асып келген мигранттар, яғни шетел азаматтары екені белгілі болыпты. Өкінішке қарай, құзырлы органдардың, халықаралық және жергілікті ұйымдардың осындай ауқымды жұмысына қарамастан бүгінде Қазақстанда қанша адамның әлі де «қызыл куәлікпен» жүргенін айғақтайтын нақты сан да, статистика да жоқ.  Себебі мұндай азаматтардың көбісі жаңа куәлік алу бойынша тиісті органдарға уақтылы жүгінбейтін көрінеді. Сондықтан БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі басқармасы Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған осындай акцияларды алдағы уақыттарда да жалғастырып, баспасөз мәслихаттары, түрлі хабарламалар, бейнебаяндар, БАҚ өкілдері арқылы шағын ауылдарда, қыстақтарда тұрып жатқан азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды көздеп отыр.

«Азаматсыздықты жою мәселесі Қазақ­станды ғана толғандырып отырған жоқ. Сондықтан елімізде осы бағытта жасалып жатқан қандай да бір қадамдардың бары қуантады. Осы мәселемен айналысып келе жатқанымызға 10 жылға жуық уақыт болды. Бұл жылдар аралығында аза­матсыздық мәселесіне қатысты ерекше мән беріп келеміз. Себебі азаматтығы, жеке бас куәлігі жоқ адамдар шындығына кел­генде көрінбейтін тұлғалар саналады. Ондай адамдардың бар-жоғы туралы мемлекет те білмейді. Бұл өз кезегінде ұлттық қауіпсіздігімізге де сын келтіреді деген сөз.­­ Мұндай салғырттыққа барған адамдар­ же­ке бас куәлігін жаңартпаудың зарда­бын күндердің күні қайтсе де тартатыны бел­гілі. Себебі жеке бас куәлігінсіз өзге құ­жаттарды рәсімдеу мүмкін емес. Сон­дық­тан жаңа куәлік алмаудың кесірі ең алдымен ондай адамдардың өзіне тиеді», дейді Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының орынбасары Денис Дживага.  

Оның айтуынша, мұндай адамдар балаларын мектепте де, жоғары оқу орындарында да заңды түрде оқыта алмайды. Қандай да бір әлеуметтік көмектен де қағылады. Сондықтан бұл өте үлкен мәселе. Ал оның түп-тамыры Кеңес өкіметінің құруынан бас­тау алады десек қателеспейміз. «Кей адамдар тіпті бұрынғы одақтас мемлекеттердің арасында шекара пайда болғанынан да ұзақ уақыт бейхабар болып келіпті. Сондықтан жуық арада бұл мәселені түп-тамырымен жою аса қиынға соғады. Бірақ бізге өтініш жасап келген азаматтарға қолұшын созуға қашан да дайынбыз. Қазақстанның азаматы екенін растайын жеке бас куәлігі жоқ болса ол адамды Ішкі істер министрлігіне апарып, құжат алуына көмектесеміз. Өзге мемлекеттердің азаматтары болып шыққан жағдайда елшіліктер мен консулдықтарға хабарласып, азаматтықсыз, құжатсыз жүрген жанның мәселесін шешуге тырысамыз. Консулдықтардың жарнасын төлеу кезінде де қолұшын созамыз. Себебі әр консулдық анықтама мен жеке бас куәлігін беру кезінде жарна талап етеді. Оны төлеуге көп адамның қалтасы көтере бермейді. Себебі азаматтығы жоқ адамдар ресми түрде еш жерде жұмыс істей алмайды ғой. Жұмыс істей алмаған соң дайын тұрған қаражат та табыла бермейді», дейді Д.Дживага.

Иә, заманауи әлемде куәлігі жоқ адамның мүмкіндігі жыл санап азая түсетіні айтпаса да белгілі. Ондай азаматтар қылаяғы ем­ха­надан да заңды қызмет ала алмайды. Мәселен, пандемияның салдарынан жұрт жұмысынан айырылып жатқан кезде үкімет 42500 теңгеден төлеген еді. Оны алу үшін қандай да бір есепшот, жеке куәлік керек болды. Яғни жеке куәлігі жоқ адамдар осындай әлеуметтік көмектен де қағылды деген сөз. Себебі мемлекет ондай азаматтың жұмысынан айырылғанынан да, қала берді өмірде бар-жоғынан да бейхабар болатын.

Құжатсыз жүруге кей адамдарды салғырт­тықтан бұрын жеке куәлік алу мәселесінің күрделілігі итермелейтін сияқты. Алайда олай жүре берудің жөні жоқ. Себебі мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру Ішкі іс­тер министрлігі жұ­мысын бүгінде 82%-ға жеткізсе, алдағы жылы бұл көрсеткішті 91%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Осы күні құқық қорғау органдары жеке куәлікті электронды үкімет порталы арқылы ауыстыруға негіз болатын жағдайлар ауқымын кеңейту жөнінде Жол картасын әзірлеп жатқан көрінеді.

Бүгінде елімізде төлқұжатты ауыстыру кезінде төленетін мемлекеттік баждың құны 20 мың теңгеге жуықтайды. Алайда бұл жарнаны барлық отандасымыз төлейді деген сөз емес. Бірқатар жеңілдіктер де қарастырылған. «Қазақстанның «Салық туралы» Кодексінде мұндай мемлекеттік баж төлемінен босатылған азаматтар санатының тізілімі көрсетілген. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» медальдарымен марапатталған көпбалалы Батыр аналар, жетім балалар, ата-анасының қарауынсыз қалған балалар және тағы басқалар бар. Төлқұжатты алу-алмау әр азаматтың өз еркі. Себебі төл­­құжат көп жағдайда шетелге шығу ке­зінде ғана талап етіледі. Ал баж төлемінің құны небәрі 500 теңгені құрайтын жеке куәлікті алуға әр отандасымыз міндетті», дейді Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов.

 

P.S. Иә, отыз жылға жуық уақыт өтсе де «қызыл куәліктен» біржола құтыла алмаған екенбіз. Бодандықтан босап шығып, жеке куәліктен жеңіліс табамыз деп кім ойлаған? Кеңес өкіметі құрығанымен содан қалған құжат құрымай тұр. Санда бар деп жүргеніміз санақта жоқ болып шықты. Бүгінгінің шырылдап тұрған шындығы – осы! Енді қайтпек керек? Ойланарлық жайт...