Әдебиет • 05 Қазан, 2020

Жұлдыздай ағып түскен ақын

845 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мақтаарал ауданына түскен жолсапарымыздың бірінде Сырым Мүсірепұлы Жүсіпов деген азаматпен жолығудың сәті түскен. Ол «Нұр шамы» атты серіктестіктің құрылтайшысы екен. Ауылда тұратын шеберлерді іздеп келгенбіз. Ойламаған жерден мол қазынаға жолықтық. Өйткені, алдымыздағы ағамыз қазақ поэзиясының көгінде жұлдыздай жарқырап, мезгілінен бұрын ағып түскен Қосжан Мүсіреповтің туған інісі еді. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде ақиық ақынның есімі сирек аталады. Сондықтан Сырым ағадан суыртпақтап сыр тарттық.

Жұлдыздай ағып түскен ақын

– Сырым аға, қазақта «тұлпардың тұяғы», «жақсының көзі», «жақсының жалғасы» деген бар. Сол арнадан тартып сұрасақ, әуелгі әңгімені ақынның шыққан тегі, өскен ортасы, ұстаздары хақында бастағанымыз жөн шығар.

– Әуелі арнайы іздеп келгендеріңіз үшін рахмет! Біздің арғы бабамыз Қара ата кезінде Ақсақ Темірдің қорғау­шысы болыпты. Бабамыз Мұсабек Қал­дарбекұлы Қоқан хандығына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің батыры. Ағайын­ды Мұсабек батыр мен Сапақ датқа ХІХ ғасырда Ордабасы жерінде өмір сүрген, ел аузында қалған ерен тұлғалар. Сапақ би шешендігімен көзге түскен, ел арасындағы дау-дамайларды әділ шешетіндігімен аты аңыз болып сақталған. Тіпті, осы ағайынды кі­сілер жөнінде елімізге танымал ақын-жазушылар, ғалымдар бірқатар ең­бек­тер жазды. Жыр дүлдүлдерінің бірі Май­лықожаның «Датқалар туралы» тол­ғауында Мұсабек батыр туралы тарау бар. Әкеміз Мүсіреп сол кісінің не­мересі. Ал Мүсірептің әкесі Жүсіп ақын болған. Тегіне тартпай тұра алсын ба, әкеміз Ұлы Отан соғысы кезінде өз қаражатына танк жасатып, Жеңіске үлес қосқан. Сонда әкеміз 6 бұзаулы сиы­рын сатыпты. Әкеміз сұңғақ бойлы, қараторы кісі еді. Мақта өсіруден рекорд жасап, әр гектардан 42 центнерден өнім жинағаны үшін Қазақ КСР-ының Құрмет грамотасына ие болды. 1955 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесіне қатысты. Әлі есімде, әкеміз мақта жиегіне қауын-қарбыз егетін. Сол қауын-қарбызды Арыстағы балалар үйіне арбамен апарып беретін. Жалпы, әкеміз жомарттығымен танылған жан. Міне, осындай текті тұлғалардан тараған Қосжан ағаның асыл кеудесіне жыр жауһары ұялаған шығар.

– Жақсы айттыңыз. Енді сол бір кел­беті көмескі тартқан жылдарға ойыс­сақ. Қосжан аға негізінен бала­лар­ ақыны еді ғой. Бала Қосжан қан­дай еді?

– Бұл енді сарытап сағынышымды қоздатар ауыр сұрақ. Дегенмен айтып­ көрейін. Отбасымыз Арыс ауданы, «Бір­лік» кеңшары, Көлтоған деген жерде тұрды. Біздің үлкеніміз Гүлбала. Ол кеңшарда звено жетекшісі болды. Гүлбаладан кейін Қосжан дүниеге келеді. Араға 21 жыл салып өмірге мен келіппін. Абай деген інім бар. Қос­жан 1932 жылы 9 қаңтарда дүниеге кел­ген. Есімді жиғанда ол ересек азамат еді. Мені қасынан тастамайтын. Кең­шар басшылары оны кеңсесіне жиі ша­қы­рады. Қасында қоқырайып отырамын. Түнде ол мені бауырына алып жатады. Ағаның бір қасиеті ішіндегіні айтқызбай білетін. Өтірік айтқан жанды ұнатпады. Мұндайда ол бетің бар, жүзің бар демей, өтірік айтқан адамды тиып тастаушы еді.

Әлі есімде. 1955 жыл болатын. Біз онда 5 сынып оқушылары мақталықта жүргенбіз. Бір кезде оқушылар әлденеге үйі­ріліп, топтаса қалды. «Не болды екен?» деп балалар жиналған жерге мен­ де жеттім. Сөйтсем, Алматыдан ағам­ келіпті. Ол мақталыққа мені іздеп­ ке­ліп тұрған беті екен. Ағамның жүзін­де алаулаған қуаныш табы бар. Сөйт­сек,­ баспадан «Алау» атты жаңа жи­на­ғы шығыпты. Кітаптың бірінші бе­тіне «Қос қанатым Сырым мен Абай­ға!» деп­ қолтаңба қалдырыпты. Сон­да­ғы ме­нің қуанышымды көрсеңіз. «Аға­тайым­­ның жаңа кітабы шықты» деп мақ­­талықтағы сыныптастарымды түгел ара­лап шықтым. Ұстаздарыма көрсеттім. Мақта тере жүріп те кітапты парақтап кө­ре­мін, отырып алып та қараймын. Не керек, бұл мен үшін ең бақытты күн­ болды. Кешке мақта терімнен үйге­ келсем, Қос­жан аға жуынып жатыр­ екен. Мені көріп «кітабың қайда?» деп­ сұрады. Қой­нымнан кітапты суырып­ алып көрсеттім. Ағамның түрі сәл қош­қыл­­данып кеткендей. Сөйтсем, ағай-апай­­ларымызға, сыныптастарымызға қой­ным­нан кітапты суыра-суыра мұқабасын майыстырып алыппын. Бірақ, қабағы тез жадырады. «Барлығы көріпті ғой», деп қуанды.

Қосжан аға кең маңдайлы, қыр мұрын­ды, бойы ортадан жоғары, сыр-сым­баты өзіне жарасқан жігіт еді. Күзде үс­тіне сұр макентож, басына шляпа киіп­ жүретін. Оны көргендер қоғадай жа­пырылып сәлем беріп жатушы еді. Өйт­кені, оның сырт келбеті сырбаз адам­дардыкіндей жарасымды болатын.

Ауылға келгенде Бөржардағы өзен жағасында серуендеп, балық аулағанды ұнататын. Көкиірімнің тереңіне сүңгіп кеткенде қашан шыққанша жаным қалмай қорқақтап отыратыным есімде қалыпты. Ол оқуда жүргенде де, Алма­ты­да қызмет істегенде де ауылға жиі ат­басын бұрып тұрды. Сонда топ бала қа­сы­нан қалмайтынбыз. Балаларды жақсы көрді. Кейде ауыл балаларын жинап, ит төбелестіруші еді. Мұнысы бізге тым қызықты көрінетін.

Тағы да бір есімде қалғаны, бірде ауылға белгілі ақын Нартай Бекежанов келді. Қосжан ақын алдында өлең оқы­ды. Нартай ақын батасын берді. Кейін­нен ағам: «маған батаны Нартай Бекежанов пен Қасым Аманжолов берген» деп отырушы еді.

– Ағаңыз еңбекке тым ерте аралас­ты емес пе? Бұл оның еңбек­қор­лығы­нан­ ба әлде уақыт талабы солай ма еді?

– «Екеуі де еді» десем,сірә, жа­ңы­лыспаспын. 1946 жылы ол «Бірлік» жетіжылдық мектебін бітірген соң Шымкенттегі екі жылдық мұғалімдер институтына оқуға қабылданады. Бұл кезде ол небәрі 14 жаста екен. 1948 жылы өзі оқыған мектепке мұғалім болып орналасқан. Сонда 16 жасында мұғалім болып жұмысын бастап отыр ғой. Арада көп уақыт өтпей оны Арыс аудандық оқу бөліміне инспектор етіп жоғарылатыпты. Артынша оқу бөлімінің меңгерушісі лауазымына көтеріледі. Ал аудандық «Социалистік жол» газетіне редактор болып тағайындалғанда 22 жаста.

1952 жылы аға Арыс қаласында Төлебай Ысқабаев деген №22 мектептің оқушысымен көрші отырады. Сол кісінің айтуынша, әдебиет үйірмесінің жетекшісі Дүйсенбай Елібаев бірде оны редакцияға ертіп барады. Аға сол кезде газетте жауапты хатшы екен. «Осы таныстықтан соң өлеңдерім аудандық газетте жиі жарияланатын болды» деп еске алады ол. Төлебайдың естелігі бойынша, Қосжан ағам Бекен Әбдіразақов, Құрал Тұңғышбаев, Сейдалы Шопақов және Төлебай Ысқабаевтың ақындық жолға түсуіне бірден-бір ықпалшы адам. Сол Төлебай кейіннен ағарту ісінің үздігі, Арыс қаласының құрметті азаматы атанды. Көкем аудандық газетте үш жыл редактор болған соң Бекен Әбдіразақов екеуі Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға бірге аттанады. Сонда №13 мектеп-интернатта оқитын ұлы Қанат пен қызы Жанатқа қарайлай жүруді Төлебайға табыстаған екен.Университетте ол белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Өмірбек Жол­дас­беков және «Мақтаарал» газетінде 20 жыл редактор болған Кенжебай Бөген­баевпен бірге оқыған. 1964 жылы­ Арыс ауданының орнына Бөген ауданы құрылады. Жаңадан ашылған «Ком­мунизм таңы» газетіне Пайыз Кәдеев ре­дактор болып келеді. Пайыз аға Төле­бай­ды аудандық газетке қызметке ша­қы­рады. Артынша жауапты хатшы қыз­ме­тіне көтерген. Ал Пайыз аға кейіннен облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне ауысты. Бас редактордың орынбасары болды.

– Сол Пайыз ағаңыз газет жанынан Қосжан Мүсірепов атындағы әдебиет, өнер бірлестігін ашты емес пе?

– Иә, солай. Бұл 1967 жыл болатын. Бірлестікте поэзия, проза, көркем аудар­ма, халық таланттары мен музыка, драматургия, сын және библиография үйірмелері болды. Республикаға танымал ақындар Камардин Бектұрсынұлы, Нармахан Бегалыұлы, Кәрім Айнабеков, Дүйсенхан Нақымов, Төрегелді Тұяқбаев, Гүлзәкира Әбілдаева осы бірлестік аясынан шығып, өнер өлкесінде биіктерге самғады. Кейін газет «Ордабасы оттары» атанды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, халықаралық К.Симонов атындағы сыйлықтың иегері, арқалы ақын Нармахан Бегалыұлы әдеби бірлестікті сәтті сүйреледі. Бірлестік мү­шелері Қазақстандағы тұңғыш ақын­дар аллеясын жасады. Темірлан селосында бірнеше рет халықаралық ақындар айтысы дүркіреп өтті. Мұның барлығы да Қосжан ақынға көрсетілген зор құрмет деп білемін.

– Қосжан Мүсіреповтің шығарма­шы­лық жолын сізден артық білетін жан жоқ шығар. Осы жағына кеңірек тоқталсаңыз.

– 1959 жылы университетті бітір­ген­ соң ол «Қазақстан пионері» (қа­зір­гі «Ұлан»), «Жетісу» газеттері мен «Мә­дениет және тұрмыс» (қазіргі «Па­ра­сат») журналында қызмет істеді. «Со­циалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет іс­теп жүргенде ағаның үстінен арыз тү­седі. Сонда «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы Мұса Дінішев «Ауыл өмірі» атты жаңа бөлім ашып, ағамды қызметке алғаны бар. «Оңтүстік Қазақстан» га­зеті мен «Әдебиет және искуство» (қа­зіргі «Жұлдыз») журналында өлеңдері жиі шығып тұрған. Мерзімді басылымдарда жауапты қызметтер атқара жүріп, шығармашылықпен үзбей айналысты. «Менің анам-дәрігер», «Кім­ батыр?», «Арман лебі», «Менің қа­рын­­дасым», «Жалын», «Алау», «Дос­ жү­регі», «Гүлжазираның ауылы», «Рау­шан» атты өлеңдер жинағы жа­рық көр­ді. Оның жазған новеллаларын қатар­лас­тары мақтаушы еді. Қосе­кең­нің көп­теген өлеңіне ән жазылды.­ «Жәмила, жа­ңылма», «Комсомол әні», «Жайқалта же­лек тақшы, Туған өлке», «Жас спорт­шылар маршы», «Октябряттар әні», басқа да өлеңдеріне ән жазылды. «Бақыт­тымын, құрбылар» атты өлеңіне қазақтың біртуар композиторы Шәмші Қалдаяқов ән шығарды. Ақын әрі сазгер Әкім Ысқақ ағаның «Өмір сені сүйемін» өлеңіне ән жазды. «Біз көңілді ұланбыз» деген тағы бір әнге арналған өлеңі бар. Әуенін шығарған Ибрагим Нүсіпбаев. Ағам Әбілда Тәжібаев, Ғафу Қайырбеков, Садықбек Адамбеков, Шона Смаханұлы, Тұманбай Молдағалиев, Қайрат Жұма­ға­лиев, Төлеген Айбергеновпен тонның ішкі бауындай араласты.

Құдайға шүкір, бүгінде Түркістан облысында Қосжан Мүсірепов атында екі мектеп бар. Оның бірі Арыс қала­сын­­­дағы бұрын өзі еңбек еткен мектеп. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Мақ­та­­­арал ауданы, Жаңа жол ауыл окру­­гін­дегі Жеңіс ауылындағы орта мектеп­ке ақын аты берілді. Мектеп алдына ме­нің демеушілігіммен ақынның бюсті қойылды.

– Армансыз адам болмайды... Ендігі жоспарыңыз қандай?

– Көп уақыттан бері Қосжан Мүсі­ре­повтың бірде-бір жинағы жарық көрген жоқ. 2016 жылы көкемнің көзі Жанат Мүсірепова мен жиендері Руслан, Ербол Абдухмановтардың демеушілігімен «Нұр­сәт» баспасынан «Арманым едің» атты жинағы жарыққа шықты. Таралымы 500 дана ғана. Шіркін, мемлекеттік тапсырыспен өлеңдері қайта басылып шықса деймін.

Ағамды ойлағанда менің есіме Па­рижге асыққан бала Рембо түседі. Ол он тоғыз жасында-ақ өлең жазуды қойып кетіпті. Бірақ осы жасына дейін жазған өлеңдерімен-ақ әлемдік ақындардың ара­сынан ойып тұрып орын алған. Артығали Ыбыраев деген ақын небәрі 21 жасында өмірден өтті. Ташкеннен Алматыға алқына жеткен Төлеген Айбер­геновтің де ғұмыры қысқа болды. Мұ­қа­ғали да ұзақ жасады дей алмаймыз. Ал көкем ше, көкем, небәрі 35 жасында топырақ томпайтты. Жаны нәзік сыршыл ақын жүрегінің құпиясына кім терең бойлай алған. Бір өлеңін «Уақыт сөйлейді асқақ Ар атымен!» деп бастаған еді. Уақыт асқақ Ар атымен сөйлесе, менің көкемнің де аты ұмытылмас. Соны үмітімнің жібі етіп жалғап, ғұмыр кешіп келемін...

 

Әңгімелескен

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

журналист, арнайы «Еgemen Qazaqstan» үшін

 

Түркістан облысы