Әдебиет • 05 Қазан, 2020

Ойдан шыққан онлайн пікірталас

495 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әдебиет төңірегіндегі әңгіме­нің ұштығын шығарсаңыз бітті, қызуы бет шарпитын пікірталас бірінен бірі «қуат» алып, өздігінен жалғасып жүре береді. Бір топ – қазақ әдебиетінің қазіргі заманғы бағыт-бағдары әлемдік деңгейдегі шығармашылық әлеуетімен иық теңестіреді, насихат жағынан кемшін түсіп жатқаны болмаса туған әдебиеттің өркендеу өрісі талайларды шаң қаптырып кетеді деп бір қайырады; екінші топ – кітап дейтін құндылықтың құнын түсіріп алдық, бүгінде қалам ұстағанның бәрі жазушы, баспалар шаш етектен, пәсін төлесеңіз, жинағыңызды алтынмен аптап, күміспен күптеп шығарып беруге дайын-ақ, «жақсы мен жаманды айыратын әдеби сыншылар самарқау, онсыз да кітап оқуға құлшынып тұрмаған оқырманды одан әрі шатастырып біттік» деп зар қағады... Пікірталастың соңы көпшіліктің пайдасына шешіліп жатса, кәнекей! Бір өкі­ніштісі, осындай екіұдай тар­тыстың әлі күнге дейін демін ба­сып, бір тоқтамға келетін түрі бай­қалмайды. Кез келген әдеби бас­қо­суларда осы мәселелер белсеніп алға шығады да, айтылған ойлар­ ай­тылған жерінде мәреге жете алмай ұмытылып қала береді. Де­ген­мен, «сен тимесең, мен тимен ба­дырақ көзден» гөрі толғақты ой­лардың ортаға салынғаны, іш­те­гі пікірдің сыртқа шыққаны оңды.

Ойдан шыққан онлайн пікірталас

Жақында Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты ко­митеті көптің көкейінде жүрген  тосын бастаманың ұйытқысы болды. Мемлекет қаржысымен соң­ғы жылдар бедерінде жарық көр­ген кітап авторлары мен сын­шы­ның онлайн пікірталасын ұйым­дастырды. Бүгінде онлайн­ жүздесу біздің күнделікті тір­лі­гімізге де біртіндеп сіңісе бас­та­ды ғой. Пікірталастың негізгі мақсаты – жаңа кітаптарды көп­ші­лікке кеңінен насихаттау, оның жетістіктері мен кемшіліктерін әдеби сыншы көзімен елдің санасына сіңіру, кітап оқуды заман талабына сай қайта жаңғырту, кенжелеп қалған балалар әде­бие­тіндегі олқылықты тың дү­ние­лермен толықтыру, сөйтіп әдеби шығармаларды біздің өмірлік болмысымызға айналдыру үшін біз не істей аламыз деген толғақты пробламаға жұрттың тағы бір назарын аудару еді.

Пікірталасқа Қазақстан Жа­зу­шылар одағы, Ұлттық мемле­кеттік кітап палатасы, Л.Н.Гуми­лев­ атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология, жур­налистика факультетінің сту­денттері, жер-жердегі оқырман­дар, барлығы екі жүздей әде­биет сүйер қауым қатысты. Ал­ғашқы сөзді Тіл саясаты коми­те­тінің төрағасы Әділбек Қаба алып, «Мәдениет және өнер са­ласындағы бәсекелестікті жо­ға­рылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және та­рату» кіші бағдарламасы бо­йын­ша жүзеге асып жатқан ша­ра­ларға кеңінен тоқталып өтті. Са­­раптамадан өткен, оқырман қауымға берері мол, жастарымызды рухани жағынан жетілді­ріп, отансүйгіштікке тәрбиелейтін әдеби шығармаларды басып шы­ғарып, тарату шаруасы одан әрі жалғаса беретіндігін нақты дә­лел­дермен түсіндіріп берді. Сөйтіп пікірталастың күн тәртібіне қо­йыл­ған тақырыбына ойыс­ты. Өткен жылы жарық көрген  белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш», Халықаралық Қазақ ПЕН-клубы сыйлығының лау­реаты Қуаныш Жиенбайдың «Күздің жылы жаңбыры» атты прозалық жинағы мен жазушы Зария Жұманованың «Ақбота» атты балаларға арналған кітабы талқыланды. Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, бел­гі­лі әдебиет сыншысы Әлия Бө­пе­жа­нова екі жинақты бастан-аяқ оқып шығып, шығармалар жайлы пікірімен бөлісті: «Қуаныш Жиенбай – менің замандасым, бір кезде «Қазақ әдебиеті» газе­тінде біраз жыл бірге қызмет іс­тегенбіз. Яғни бұл азаматтың шы­ғармашылығынан толықтай хабардармын. Менің бұл ойыма өзгелер де қосылатын шығар, Қуа­ныш қазіргі қазақ прозасын­да өзіндік беталысы, жазу мәнері қалыптасқан және өнімді жазатын қаламгер. Оның туындыларында қазіргі уақыт пен өткен ке­ңестік кезеңдегі адамның тыныс-тіршілігі, қоғам мен адам, адам мен табиғат арасындағы байланыс, одан туындайтын күрделі мәселелер кейіпкер болмысымен біте қайнасып, оқырманға көркемдік әлемінің есігін ашады. Жазушы қиыннан қиыстырып, адамның қолы жетпейтін жағ­даят­­тарды сөз етпейді, өзіміз күнде көріп, күнде араласып,­ тір­ші­лік ауанында күнде кездесіп жүрген қарапайым адамдардың жан-дүниелеріне тереңірек үңіле біледі, олардың арман-мақ­саттары, алдан күткен үміттері шы­найы суреттеледі. Осы жинақ­қа енген «Тосқауыл» және «Қия­ли» әңгімелерінің жазылу стилі маған қатты ұнады. Оның алдағы уақытта да осы шабысынан тан­байтындығына сенімдімін...

Ал Зария нағыз бала жанын түсінетін, нәзік иірімдерін тап басуға шеберленген қаламгер екен. Балалар әдебиетіне жана­шыр әрі жаңашыл жазушы келгеніне қуаныштымын. Зарияның кейіп­керлері өзінің немерелері, со­лардың тілі, солардың талғам-түсінігі сол күйі қағаз бетіне түсіп отыратын тәрізді. «Жалмауыз кемпір» әңгімесінің құрылымы қандай тартымды. Біздің аңыз-ертегілеріміз, сондағы ғажайып кейіп­керлер әлі бала санасына сіңірілген жоқ. Сірә, сол олқы­лықтың орнын Зария толтыратын болар... Бүгінгі алғаш ұйым­дастырылған пікірталастың формасы маған ұнады. Жанды, тірі әңгіме болды. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тапса игі...».

Қазақстан Жазушылар ода­ғы басқарма төрағасының орын­басары, ақын Бауыржан Жа­қып Қуаныш Жиенбайды бұ­рыннан оқып жүретіндігін тілге тиек етті: «Осы жинаққа аты берілген «Күздің жылы жаң­быры» атты әңгімесін бір деммен оқып шықтым. Жастар ара­сындағы махаббат тақырыбы. Жазушы «күйдім, сүйдімнен» мүлде аулақ, екі жастың махаббат сезімдерін қарапайым тілмен әдемі жеткізе білген... Зарияның мына жинағымен әлі таныс емес екем. Енді оқып шығамын. Тіл сая­саты комитеті бұл пікірталасты жалғастыра бергені абзал».

Кітаптары талқыланған жазушылар оқырман сұрақтарына жауап берді. Сыншы Ә.Бө­пе­жанова қазақ әдебиетінің те­ге­урінді, тіпті жазу мәнерлері мүлдем бөлек жас қаламгерлер мен жас­ сыншылардың қаулап өсіп келе жатқандығын сөз ет­ті. Тек солар­ға мемлекет тара­пы­нан мән­ді қолдау болса кә­не­кей деді. Жер­гілікті жердегі қаламгерлер сөз­ алып, оларға қам­қорлықтың же­тіспейтіндігін, кітаптарын өз қара­жаттары­на шығаратындығын, насихат жа­ғынан да ақсап жата­тын­ды­ғы­на ел назарын аударды.

Екі-үш сағатқа созылған пі­кірталасты Әділбек Қаба қоры­тындылап, жиналған жұрт­шы­лық­қа алғыс сезімін білдірді.

 

Гүлзия АЛШЫН