Туризм • 05 Қазан, 2020

Сарқырамалар сарыны

1792 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлемдегі ең ірі және танымал сарқыраманың бірі саналатын Ниагараны білмейтін адам кемде-кем шығар. Негізі үш сарқыраманың қосындысынан тұратын бұл ғажайып нысанға жыл сайын 14 миллионға жуық турист келеді екен. Осындай атақты сарқыраманы бір көру – Жер шарында өмір сүріп жатқан көптеген адамның арманы екені белгілі. АҚШ пен Канаданың шекарасында орналасқан сарқыраманы көру бақыты бәріне бұйыра бермес, алайда сұлулығы жағынан одан кем түспейтін сарқырамаларды қазақстандықтар еліміздің кез келген аймағынан көре алады.

Сарқырамалар сарыны

 

Елімізде ірілі-ұсақты сарқы­­ра­ма­­лардың көптігі сонша, біразына әлі күн­ге дейін атау да берілмеген. Сұ­лу­лы­ғын сөзбен айтып жеткізе алмайтын сарқырамалардың небір кереметін Шы­­ғыс Қазақстан­­ның тау соқпақта­ры­нан кездестіру­ге болады. Шығыстағы Катонқарағай немесе Алтай туралы сөз қозғағанда, көз алдымызға бір­ден бұлт­­­тармен таласқан Мұз­таудың бей­не­сі келеді. Қос шыңды таудың атағы елі­­мізден шет аймақтарда да асқақтап тұр. Бұл – Өр Алтайдың басты болса да, жалғыз мақтанышы емес. Аймағы 643 477 га тең ұлттық саябақ кең-байтақ аң­­ғарларға, тасыған тау өзендері мен айдын көлдерге, қуатты сарқырамаларға бай.

Көккөл сарқырамасы. Алтай­дың ең ірі сарқырамасы Үлкен Көккөл өзенінің сағасында ор­на­ласқан. Маңғаз Мұзтауға кө­терілуге ниеттілердің барлы­ғы дер­лік Көккөлдің кереметіне куә болып, жол-жөнекей атақ­ты сарқырама жаққа ат басын бұр­май кетпейді. Қанша дегенмен, Көккөл онсыз да танымдық туризмнің дараланған, маңызды нысаны саналады. Биіктігі 60 метр, ені 10 метрге дейін жететін тік жартастан арқырап аққан алып су ағыны мен сарқыраманың бар кеңістігін жайлаған майда су тозаңының күн шуағына ша­ғылысқандағы көрініс ғажап.

Сарқырама, тау шатқалы, шыр­шалы-қарағайлы аралас орман-қиялдағы ертегі әлемінің есігін ашады. Ал табиғат-ана сыйлаған шолу алаңында осы ертегіге қанық болып, естелік болар әдемі фотосурет жасау үшін барлығы алдын ала ойластырылып қойғандай.

Көккөлге тек екі жолмен: жаяу не салт атпен жетуге болады. Сарқырама бойымен өтетін туристік соқпақ Берел мұздығына жол тартқан саяхатшылар арасында да аса танымал. Жалпы Мұзтауға қарасты өзен алапта­рында ұзын саны 162 тау мұз­дығы бар.

Қаракөл сарқырамасы. Қа­ра­көл кө­лінің жағалауынан да мұ­­нарлы Мұз­таудың әсем кө­рі­ністері ашылады. Осы айдын­ды мекен еткен аққайран балыққа байла­ныс­­ты орыс тілінде Қаракөлді «Язе­вое» деп атаған. Көл теңіз деңге­йі­нен 1656 метр биіктегі аңғар­да орналасқан. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, бұл өңір­де Қа­тын мұздығының тармағы өтіп, кейіннен орнында өзен ағысы­мен шайылып кеткен шағын морена­лар ғана қалған. Көлден 5 шақы­рым қашықта, ғасырлар әлдилеген 20-25 метрлік ағаштардың ара­сымен өтетін бағдарды бас­шылыққа алсаңыз, көлмен аттас Қаракөл сарқырамасына да жетесіз. Мұндағы он шақты жар­тастың ортақ биіктігі 10-12 метр. Сарқыраманың тө­менгі жа­ғындағы қуатты су ағыны әуес­­қой балықшылардың қарауыз ба­лық­ты олжалап қайтуларына таптырмас мүм­кіндік береді.

Арасан сарқырамасы. Мұз­тауды ізде­сеңіз, Арасан өзенінің аңғарындағы «Рахман бұлақта­ры» курорттық айма­ғынан жаяу экосоқпақпен серуенге шық­са­ңыз, қарға оранған қос шыңға кө­зіңіз жетеді. Бұл маңда адасып кету қаупі жоқ. Жалғыз жол Арасан кө­лінің батыс – оңтүстік-батысынан өтіп, әрмен қарай Бе­релге апарады. 3 ша­қырымдық жол ашық күні Мұзтауды анық көруге болатын, ақпараттық тақта мен демалыс күркелері құрылған шолу алаңына жеткізеді. Тағы 1 шақырымды еңсере алсаңыз, Арасан сарқырамасының дәл өзі көз алдыңызға келеді. Ара­санға апа­рар жолда ағаш баспал­дақтармен жаб­дықталған тік еңіс­тікке салынған соқ­пақ бар. Биіктігі 5-6 метрге жететін сарқырама шағын жартаспен екіге бө­лінген. Өкінішке қарай 2007 жылы бұл жердің табиғи игілігі отқа ора­нып, әлі күнге дейін қалпына келтірі­ліп жатыр.

Рахман сарқырамасы. «Рах­ман қай­нары» курортының ма­ңында, Арасан өзе­нінің аңға­рында, оңтүстік-шығысқа қа­рай 1,8 шақырым жерде Рахман сар­қырамасы бар. Ел арасында сарқыраманы арудың сүмбіл шашына ұқсатқан көркем теңеулер де кездеседі. Биіктігі 30 метрге жететін Рахман сарқырамасы кішігірім биіктаулы мореналық көлден (теңіз деңгейінен 2265 метр биікте) бастау алатын бұ­лақтан қалыптасып, Рахман көлі­не құяды.Туристерге келесідей бағ­­дар ұсынылады: қайықпен көл­дің арғы бетіне өтіп, ағаштан со­ғылған соқ­пақпен сарқырамаға қарай қозғалу. 4 ша­қырымдық соқпақ ну орманның орта­сынан сарқырамаға ауқымды көрініс ашы­латын шолу алаңына жол салады. Су гранитті және тақтатасты үш деңгейлі тік жартастардан жіңішке ағындар түзе төмен қарай құлайды.

Пиала сарқырамасы. Теңіз дең­­гейінен 2370 метр биікте орна­лас­қан Пиала сарқырамасына Катонқа­рағай ұлттық саябағы бойынша ұйым­дастырылған 22 шақырымдық «Са­рымсақты» турына қатысу арқылы жете аласыз. Тастан салынған атты жүріс соқпағы Сарымсақ өзені бойы мен әсем балқарағай орманы арасынан Қызылқұм өткеліне дейінгі аралықты қамтиды. Жол­шыбай ала тышқан, Алтайдың ши­қыл­дақ торғайы, тиіндерді көптеп кездестіруге болады. Одан бөлек, балқарағай торғайы, жор­ғаторғай, байғыз сияқты құстар мен мұндағы жаңғақтарды қорек ететін жабайы қабандар мен аюларды көріп қалуыңыз ғажап емес.

Шамамен орта жолда негізгі маршрут үш радиалды бағытқа тармақталады: Біріншісі, Тоқтағұл шатқалы, Жоғарғы Маралё­нок-Қарлығаш көлдері, бағдар ұзын­дығы 5 шақырым. Екіншісі, Тұр­пан көлі және үшіншісі Пиала сар­қы­рамасы. Сарқырама биіктігі 5-6 метр. Айтарлықтай ірі болмаса да, оны қор­шаған табиғаттың кереметіне еш талас жоқ. Тау өзені жартастан пішіні кесеге ұқсайтын кішігірім көлге әкеп құйып, әрі қарай 1 шақырымдық жерде Сарымсақты өзеніне қосы­лады. Құлаған судың дыбысы сарқырамаға жақындамастан-ақ естіліп тұрады. Туристік бағдар желісі одан кейін де Сарымсақ өзені аңғарымен жалғасады.

Жоғарыда атап өткендей, бұл өңірде атау алмаған сарқырамалар да жетерлік. Осы орайда Бел­қарағай (Медведка) ауы­лы мен «Ясная поляна» маңындағы сар­қырамаларды да атап өтуге болады.

Катонқарағайдың қай тарапына тоқ­тасыңыз да, жергілікті тұрғындар­дан сар­қырамаларға шағын саяхат ұйым­дас­тырып беруін сұрап көріңіз. Ал­тайдың қонақжай халқы келген мей­ман­ның бетін қайтармай, қашанда кө­мек қолын созуға әзір тұрады. Егер өз саяхатыңызды сауатты жоспарлап, Ка­тонқарағайдың бар көрнекті орындарын аралап шығуды мақсат етсеңіз, ойланбас­тан туристік агент­тіктер қызметіне жү­гінуге кеңес береміз.