Саясат • 05 Қазан, 2020

Праймериз қатысушыларына дауыс беру аяқталды

378 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осы жылы тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Nur Otan пар­тиясында елімізде бұрын-соң­ды болмаған жаңа формат­тағы ішкі іріктеу – праймеризге қатысушыларды тіркеу бас­талған еді.

Праймериз қатысушыларына дауыс беру аяқталды

Кеше елорда уақыты бойынша сағат 14.00-де партияның әр өңірде өткізетін ішкі сайлауы аяқталып, үміткерлерге дауыс беру тоқтатылды.

Бұл іріктеу ең алдымен Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді көшбасшыларды анықтау мақсатында ұйымдастырылған болатын.

Елбасы праймериздің басталуына байланысты үндеуінде «Барлық партия­ластарды, Nur Otan жақтастарын еліміз үшін осынау маңызды саяси оқиғаға барынша белсенді қатысуға шақырамын», деген еді. Партия төрағасы өзгелерді шақырып қана қоймай, үлгі көрсетіп, өзі де онлайн дауыс бергенін айта кету қажет. Дауыс беру кезінде Елбасы ішкі партиялық іріктеуге қатысушылардың үгіт-насихат жұмыстарын және қо­ғам­дық пікірталастарды мұқият бақы­лағанын да атап өтті.

Осындай үлгілі істі партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те жасады. Ол сайлау учаскесіне барып, өзі де дауыс берді. Сонымен қатар дауыс беру процесінің ұйымдастырылу деңгейімен таныс­ты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі жеке парақшасында «Партия Лидері Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Nur Otan-ның партияішілік сайлауы еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық ауқымда өтуде. Бұл – Елбасы бастамасымен қолға алынған партияны «қайта жандандыруды» түйіндейтін кезеңнің бірі. Бүгінгі таңда адамдар қоғам өміріне белсенді атсалысқысы келеді. Өзгерістерге, жаңа тұлғалар мен тың идеяларға деген сұраныс арта түсуде. Еліміздің жетекші саяси күші ретінде Nur Otan партиясы ел сұранысын дер кезінде қанағаттандырып отыр. Бас­тапқыда туындаған күмәнға қарамастан, бүгінде праймериздің өз деңгейінде өтіп жатқанын нық сеніммен айтуға толық негіз бар. Жария түрдегі партияішілік іріктеу еліміз үшін соны саяси жаңалық ретінде жұрт қызығушылығын туғызып, 10 мыңнан астам қатысушы 60 мыңнан астам кездесу мен пікірсайыс өткізді. Іс-шаралар барысында 1,4 млн адам қамтылды», деп жазды.

Оның айтуынша, ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында әрбір өңір, қала мен аудан бо­йынша жарияланған 216 сайлауалды бағдарламаның жобасына қатысты 20 мың ұсыныс жиналыпты. Тұрғындарды толғандыратын тақырыптардың алғашқы бестігіне – тұрғын үйдің қолжетімділігі, жолдарды жөндеу, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау мен білім салаларының деңгейін арттыру мәселелері кіріп отыр. Елбасы тапсырғандай, барлық көтерілген мәселелерді партия ерекше бақылауға алады.

Ал партияның хатшысы Әлібек Әлденей Facebook-тегі жеке парақша­сында «3 қазанда 08:00-ден 14:00-ге дейін интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ 643 елді мекенде қағаз бюллетеньдер бойынша дауыс беру өтті. Бұл елді мекендер республикалық дең­гейдегі қалаларды қоспағанда еліміз­дің барлық өңірлеріндегі шалғай аудандарда орналасқан. Бұл Nur Otan партиясының барлық мүшелерінің сайлау құқығын іске асыру үшін жасалды» деген жазба қалдырыпты. Яғни, шалғай елді мекен тұрғындарының тілек-ниеті де ескерусіз қалған жоқ.

Кандидаттарға Nur Otan партия­сы ұйымының атынан немесе өзін өзі ұсыну жолымен де қатысуына мүм­кіндік берілді. Осылайша партияның құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген азамат праймеризге үміткер бола алды. Ол үшін кандидат праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін бастауыш партияның қатарына қосылуы керек еді.

Айта кетейік, елімізде кандидаттар­ды ұсыну мен тіркеу жұмыстары 17 тамызда басталып, 28 тамызға (қоса есептегенде) дейін жалғасқан болатын. Үміткерлерге үгіт-насихат жұмыс­тарына дайындалу үшін 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін 7 күн уақыт берілді. Кейін, 7 қыркүйектен 3 қазанға дейінгі аралықта үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары, соның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында жария пікір­­сайыстар ұйымдастырылды. Бұл пікір­­сайыстар «Праймериз» арнайы ақ­параттық жүйесі арқылы өтіп, партия­ның ресми аккаунттарында жарияланып тұрды.

Тағы бір айта кетерлігі, партия Төр­аға­сының тапсырмасы бойынша үміт­керлерге онлайн-форматта дауыс беру үшін арнайы платформа да әзірленген болатын. Осылайша «Праймериз» жүйе­­сі тұрғындармен кері байланысты барынша күшейтуді, жалпы жұртшы­лықтың пікірлерін ескере отырып, түрлі бастамалар мен заң жобаларын онлайн-талқылау мүмкіндігін көздеген еді.

Сөйтіп тамыздың бел ортасында басталған іріктеу 1-4 қазан аралығында мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды дауыс берумен түйінделді. Дауыс берудің соңғы күні партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылды. Интернет желісі жоқ елді мекен тұрғындары сайлау учаскелеріне келіп, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс берді.

Бұған дейін Nur Otan партиясы праймериз өткізу, сондай-ақ кандидаттарға ұйымдастырушылық және құқықтық қолдау көрсету мәсе­ле­лері бойынша 8 (800) 080 4441 арнайы желіні іске қосқан болатын. Соны­мен қатар арнайы primaries.kz веб порталы да қатысушылар мен дауыс берушілердің кәдесіне жарады. Осы­лайша https://vote.primaries.kz веб-сайты және мобильді қосымша арқылы онлайн дауыс беру мерзімі тура бір тәулік­ке, яғни 4 қазан күнгі сағат 14:00-ге дейін ұзартылған болатын.

Кандидаттарға дауыс беру тоқта­тылғанымен, оның қорытындысы әзірге қолымызға тиген жоқ. Партия өкілдері бүгінде барлық дауысты сарапқа салып, кімнің бағы жанғанын анықтап жатыр.