Аймақтар • 05 Қазан, 2020

Құм да, тұз да себілмек

345 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алдағы қысқа дайындық сан тарау мәселені қамтиды. Соның ішінде жол да бар. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиевтің мәліметіне сүйенсек, мұнайлы өңірдегі жолдың ұзындығы 3 047 шақырымды құрап отыр. Оның ішінде республикалық маңыздысы – 1 120 шақырым. Ал 838-і – облыстық, 1 089-ы аудандық деңгейдегі жолдар.

Құм да, тұз да себілмек

Әрине жолға да күтім керек. Әйтпесе жолдың бүлінуіне күн райы да, ауыр жүк көліктерінің салмағы да әсер ететіні даусыз. Сол себептен өңір жолдарына күтім жасау үшін 2020-2022 жылдарға арналған конкурс өтіп, мердігерлер анықталыпты. Мәселен, Құрманғазы ауданындағы жолдың ұзындығы 330 шақырымды құрайды. Бұл жолдың бүлінбеуін «Құрманғазы жолдары» ЖШС міндетіне алып отыр. Қазір аталған серіктестікпен екіжақты келісімшарт жасалды. Соған сәйкес серіктестік қыста жолды қардан тазалау үшін автогрейдерлер, тиегіш машина, өзге де техникаларды, 50 тонна жанар-жағармай қорын дайындапты.

Ал Қызылқоға ауданындағы 244 шақырымдық жолдың күтімі «Жаңа арна» ЖШС-не жүктеліпті. Бұл серіктестік те алай-дүлей боран, қалың қар секілді табиғаттың тосын құ­бы­лысы кезінде жол тазалайтын арнайы техникалармен қам­ты­лыпты. Сондай-ақ Индер, Махамбет, Исатай, Жылыой, Ма­қат аудандарының аумағымен өтетін облыстық маңызы бар жол­дардың күтімін «QENES ENGINEERING» ЖШС жүргіз­бек. Осыған орай серіктестік ұжымы қар тазалауға қажетті арнайы техникалар мен жолға себетін 500 кило тұз, 40 тонна құм, 35 тонна қиыршық, малта тасты дайындап отыр.

Батыс өңірдегі халықаралық маңызы бар жолдың бірі – «Ақтөбе – Атырау – Ресей шекарасы» бағытындағы жол. Бұрын бұл жолмен жүрудің азабы көп еді. Өйткені жол әбден тозып, көліктің жүруіне кедергі көбейді. Оның үстіне жол апаты жиілеп, жолаушылардың зардап шегуі жиілеген болатын.

– Қазір «Ақтөбе – Атырау – Ресей шекарасы» жолының 424 шақырымына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің филиал аталған жолдың 699 шақырымын қадағалауға алып отыр. Биыл көліктердің үздіксіз әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 456 шақырым жолдың жиегінде өскен шөп шабылды. Сондай-ақ 21 123 шаршы метрді құраған жол шұңқыры бітелді. Жол бойында 20-30 шақырым сайын ескерту белгілері орнатылды. Бүгінде жол бойында осындай 104 белгі бар, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Жаңабай Башаров.

 

Атырау облысы