Медицина • 05 Қазан, 2020

Індетке жұмылдырылатын дәрігерлер резервте тұр

156 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда елімізде қандай іс қолға алынса да, жаһанды бір жайпап өткен індеттен айналып өте алмайды. Қайталануы мүмкін пандемияның екінші толқыны барлық салада ескерілмек. Ал ел экономикасында елеулі орны бар, төтенше жағдай кезінде айтарлықтай шығын көрген Алматыда індет қайта өршитіндей жағдай болса, қала оған қаншалықты қарсы тұра алады?

Індетке жұмылдырылатын дәрігерлер резервте тұр

Шаһар басшысы тоғызыншы рет тұрғындармен тікелей эфирде кездесіп, қалалықтардың өзек­ті сұрақтарына жауап берді. Қа­лып­тасқан дәстүр бойынша алды­мен Б.Сағынтаев санитарлық-эпидемиялық ахуалмен таныстырып, COVID-19 пандемиясының ық­тимал екінші толқынына қала­ның дайындығы туралы баяндады.

Алматыда денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін бірқатар пәрменді шара қ­а­был­данғаны аян. Мұнда жедел қызмет пен алғашқы меди­циналық-санитарлық көмек­тің жұмысын күшейтуге басым­дық берілді. Бұдан өзге, ауру­хана­лар­дағы орын саны бір­тін­деп көбей­тіліп жатыр. КВИ-мен күрес­те ашылатын меди­циналық ме­ке­мелерді ескере оты­рып, 7 226 орынды 32 стационар дайындалған.

Бұрын жоспарланғандай, қазан айында жалпы қуаттылы­ғы 1 мың орын болатын жаңа мекемелер ашылады. Мыса­лы, 500 орынды РВ-90 жаңа инфек­­циялық аурухана дайын. 300 орын­ды екінші модульді ин­­фек­ция­лық госпиталь пай­да­лануға беріледі. Бұдан өзге, жеке инвес­тициялар есебінен 215 орын­ды екі толыққанды клиника құры­латын болады. Қала әкімі ин­фек­циялық ауру­ханалар­да жұмыс істей­тін кадр­ларды даяр­лау туралы да айта келе, Қоғам­дық даму бас­қар­масына бағынышты 74 ұйым, 20 республикалық және 93 жеке­мен­шік медициналық ме­кеме­лер бар екенін атады. Бұл ұйым­дарда 38 мың­нан астам қыз­­мет­кер жұмыс істейді.

1 тамыздағы жағдай бо­йынша COVID-19 індетін емдеуге денсаулық сақтау жүйесі­нің 27 ұйымы жұмылдырылып, 6 200 төсек-орын қойылды. Сол кезде инфекциялық стационарларда 4 035 қызметкер жұмыс іс­теді. Дегенмен, эпидемиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты көпсалалы клиникалар өз­дерінің әдеттегі жұмыс режіміне көшті. Коронавирус инфекциясын емдейтін емханаларда қазіргі кезде 93 науқас бар. Онда 400-ге жуық дәрігер, медбике мен медициналық қыз­меткер жұмыс істейді.

Пандемияның жаңа толқыны пайда болған жағдайда 5,5 мың медициналық қызметкер ре­зервте тұр. Медициналық жо­ғары оқу орындарының оқыту­шы­лары, резиденттері мен ин­терн-дәрігерлер арасынан резерв құрылды, олардың саны 450-ге жуық. Жаңа клиникаларды кадрлармен қамтамасыз ету үшін кадрлар ресурстарын жос­парлау және болжау бойынша жұмыстар жүргізілуде, жаңа­дан қосылатын инфекция­лық кли­никалардың штаттық кестесі есептелуде. Мысалы, ар­­найы әлеу­меттік қызмет көр­сету орта­лығы­ның базасында жаңадан ашылған 500 төсектік инфекциялық стацио­нардың жұмыс істеуі үшін штат кесте­сі­не сәйкес 587 штат бірлігі қажет, бүгінде оның кадрлармен жа­рақ­тануы 70%-ды құрайды. «Халық Арена» базасындағы клини­када 700-ден астам медицина қызметкері іріктеліп алынды.

Жаңадан әрі жедел салынып жатқан модульді стационарға 300 төсек-орын, 280-ге жуық медицина қызметкері қажет. Бүгінде штаттық кесте жасалып, кадрлық резерв арасынан мамандар іріктелуде. Қазіргі таңда медициналық ұйымдарға реаниматолог, инфекционист, эпидемиолог, пульмонолог сияқты мамандар жетіспейді.

Сонымен қатар қала әкімінің мәліметі бойынша ұйымдардың материалдық-техникалық базалары айтарлықтай күшейтілді. Мәселен, 52 УЗИ аппараты, 38 рентген, 269 ӨЖТ аппараты, 5 КТ, 2 МРТ аппараты сатып алынды. Бұларға қоса, көпсалалы ме­ди­циналық төсектер, 250 төсек жанындағы монитор, зерт­­ха­налық құрылғылардың 43 бір­лігі, 1050 оттегі концент­ра­торы алынды. Жедел жәрдем қыз­­меті­нің автопаркі 35 авто­маши­наға жаңарды, жыл соңына де­йін жедел жәрдемнің тағы 100 көлігі алынатын болады. Бірінші эше­лон­дағы сегіз ста­цио­нарға меди­циналық газ­дың 24 мың орындық орта­лықтандырылған жүйесі ор­натылуда. 17 стационар­да с­ток­­тарды зарарсыздандыру, ал 13-інде медқалдықтарды утили­за­­ция­лау жүйелері салынуда. Б.Са­ғын­таев мүгедек жандарға әлеу­меттік қолдау көрсету, жұмыс­пен қамтудағы әлеуметтік бағ­дар­ла­маларды іске асыру және қол­жетім­ді орта құру жө­­нін­де қойылған сұ­рақ­­тарға жа­уап берді. Тұрғындар бұдан өзге жылу маусымының бас­та­луы, қоғамдық көлік, инже­нер­лік инф­рақұрылымдар мен жол­дардың салынуы туралы сауалдарына жауап алды.

Тікелей эфирдің алдыңғы сегіз бағдарламасы барысында қала әкімі 129 сұраққа жауап берді. Сондай-ақ «Алматы» телеар­насының Akimat Live бағдар­ламасының тікелей эфирі редак­ция­сына түскен 226 сұраққа нақ­тылы жауаптар беріліп, олар атал­ған телеарна сайтында, «Вечерний Алматы» және «Алматы ақшамы» газет­терінде жарияланды.

 

АЛМАТЫ