Депутаттар 2020 жылғы 8 қазан бейсенбіде Сенат отырысында "Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобасын қарайтын болды.
Бюро мүшелері Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті отырысының қорытындысы бойынша ақпаратты тыңдады, онда депутаттар еліміздегі медициналық қызметтердің сапасы, қолжетімділігі және даму келешегі мәселелерін талқылаған болатын. Сенаторлар Қаржы және бюджет комитеті мүшелерінің "Төртінші деңгейдегі бюджет және жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық тұрақтылығы: проблемалар және оларды шешу жолдары" тақырыбы бойынша дөңгелек үстелге дайындық аясында Ақмола облысына сапарының нәтижелерін жеке талқылады.
Сенат Бюросының отырысында Мәулен Әшімбаев 2020 жылғы 16 қазанда "Білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту салаларындағы цифрландыру: жай-күйі, қолжетімділігі және қауіпсіздігі" тақырыбы бойынша маңызды Үкімет сағаты шарасы өтетінін еске салды.
Сонымен қатар Бюрода Мәжілістен келіп түскен заң жобалары бөлініп берілді. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету және ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу тапсырылды.