Аймақтар • 05 Қазан, 2020

Шымкентте педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысы екі есеге артты

533 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған жолдауында білім мен ғылым саласын дамытуға ерекше ден қойып келеді. Соның бірі – педагогикалық мамандықтарға түсетін абитуриенттерге қойылатын талаптарды арттыру және стипендия мөлшерін ұлғайту болатын, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысы екі есеге артты

Президенттің бұл тапсырмасын Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті алғашқылардың бірі болып жүзеге асырды. Бұл жоғары оқу орнында білім алатын болашақ педагогтер 42-48 мың теңге көлемінде стипендия ала бастаған.

Қазіргі таңда университетте 4 мыңға жуық студент педагогикалық мамандықта білім алады. Солардың бірі Жанерке Досбол. Ол филология факультетінің 2 курс студенті. Екі шет тілі мамандығы бойынша білім алады.

"Ұстаздар мерекесі қарсаңында шәкіртақымыз еселене түскені мамандығыма деген құрметімді одан сайын жоғарлатты. Бұл педагог боламын деген жастарға стимул", дейді ол.

Айта кетейік, елімізде маусым айынан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу үшін шекті балл бірден 70-ке дейін көтерілген. Биыл "Алтын белгі" төсбелгісі иегерлерінің арасында педагогикалық мамандықты таңдағандар саны 1,7 есе артқан. Сондай-ақ докторанттардың стипендиясы 102 мыңнан 150 мың теңгеге дейін өскен. Мұндай шара жас ғалымдарды қолдау үшін өте маңызды.

"Күні кеше ғана телефонымызға шәкіртақы жайында смс келді.48 мың түсті деп. Өзім жақсы оқимын. Қатты қуандық шынына келгенде. Бұл мамандықты таңдауда басты мақсатым, саналы ұрпақты тәрбиелеуге өзімнің үлесімді қосқым келген болатын. Кішкентайымнан мұғалім болуға бет бұрып жүргенмін. Біздің мамандыққа осындай мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанға біз студенттер дән ризамыз", дейді М.Әуезов атындағы ОҚУ 2 курс студенті Жанерке Досбол.

М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Дария Қожамжарованың айтуынша аталған іргелі оқу орнының профессор тобының жалақысы да өскен.

"Президентіміздің жолдауына сәйкес, біз М.Әуезов атындағы университетінің оқытушы профессор тобының жалақысын 30 пайызға көбейттік. Ал педогогикалық мамандықты таңдаған студенттеріміздің екі есеге шәкіртақысы көтерілді. Бұдан балаларымыз өте ынталанып, еекіншіден өзінің педагог мәртебесінің бар екендігін түсініп ұғынып оқи отырып жаңа мамандықтарды да игеруді көздеп отыр", дейді университет ректоры.