Кино • 06 Қазан, 2020

Киноэкранда – әйелдер фильмі

230 рет көрсетілді

Қыркүйек айының соңғы күндері FemAgora фестивалі аясында Орталық Азия елдерінің әйел режиссерлері түсірген көркем және деректі фильмдердің онлайн көрсетілімі өтті. Биылғы кино апталығының елеулі жаңалығы ретінде көркем фильмдер қатарының жылдағыдан басым болғанын атап өткен жөн. Өмірін кино өнерімен тығыз байланыстырған кинематографистер бағдарлама аясындағы көрсетілген шығармашылық ұжым фильмдерін жан-жақты саралап, авторлық және жанрлық фильм түсіруге деген талпыныстары жөнінде өзара пікір алмасты.

«Мәриям» фильмі, режиссері Шарипа Оразбаева, Қазақстан

 

Қазақстандағы Гете институтымен бірлесіп өткізілген фильм апталығында фестивальдің веб-сайты арқылы Орта­лық Азия мен Германияның әйел режис­серлері түсірген 23 кинотуынды көрер­мен назарына ұсынылды.

– Биылғы кино күндері ал­ғаш рет бір аптаға созылды. Бұрын әйел ре­жис­­­серлер деректі фильм саласында ғана төбе көрсететін еді, өйткені оның бюджеті арзанға түсетін. Биыл Ор­та­­лық Азияның әйел режиссерлері көр­кем фильм саласында белсенді екені бай­қалады. Фильмдердің үндесер тұсы – көтерілген мәселелердің Орталық Азия қоғамының ортақ мәселесі екендігі. Әйел режиссерлер көтерген тақырып аясында табиғат, инклюзия мәселесі, әйел мен еркек теңсіздігі қамтылады, – дейді FemAgora фестивалінің кураторы Молдияр Ергебеков.

Фестиваль қазақстандық режиссер Шарипа Оразбаеваның халықаралық жүлдеге ие болған «Мәриям» атты көр­кем фильмімен ашылды. Шынайы оқи­ғаға негізделген фильмде күйеуі із-түзсіз жоғалып кеткен төрт баланың анасы туралы баяндалады. Басына түскен ауыртпалықты мойымай көтерген бас кейіпкер ауыр шешімдер қабылдауға мәжбүр болып, өз-өзін тануға тырысады. Өмір шындығын арқау еткен тар­тысты оқиғалар тізбегінде бүгінгі ер мен әйел бейнесіне жаңаша шешім береді. Аталған кинотуынды Францияда өткен XXVI Везул кинофестивалінде бас жүл­деге ие болған еді, әйел режиссердің бас жүлде алуы фестивальдің 26 жылдық тарихындағы алғашқы айтулы жағдай.

– Мені адамдардың бір-біріне, айна­ласына деген қарым-қатынасы қызық­тырады. Соның ішінде әйелдің ішкі жан-дүниесіне, тұлғалық болмысына баса мән берілуіне назар аударамын. Алғашқы фильм болғандықтан ар­тық-кем тұсы міндетті түрде болады. Мә­риям – Құранда аталатын жалғыз әйел есімі, осы себепті таңдап алдым. Фильм кейіпкері Мәриям арқылы қазақ қоға­мындағы әйел рөлін терең көрсеткім кел­ді. Ол өте күшті, мінезді әйел, – дейді фильм режиссері Шарипа Оразбаева. Ша­рипаның айтуынша, Орталық Азия елдерінде, оның ішінде отандық кино өнері саласында еңбектеніп жүрген әйел режиссерлер аз емес. Алайда заманауи қазақ киносында түрлі тақырыптарды өз шығармашылығына арқау етіп, де­ректі және көркемсуретті фильмдер тү­сіріп жүрген әйел режиссерлердің қол­таңбасы көп жағдайда назарға алына бер­мейді. Ол әйелдер режиссурасының әлі де толық зерттеле қоймағандығын мәсе­ленің бір себебі ретінде алға тартады.

1

«Танбурдың жылауы» фильмі, режиссері Аниса Сабири, Тәжікстан

Қатысушылардың арасындағы ең жас режиссер, мектеп оқушысы Алты­най Таалайбек кызы (Қырғызстан). Оның «Кішкентай демократия» атты қысқаметражды фильмі ( «Үздік фильм», International Kids Film Festival, 2019 ж) өткір де күрделі тақырыпты шебер көрсете алуымен-ақ өзіне тән шығар­ма­шылық қолтаңбасы бар екендігін бай­қатты. Сондай-ақ кино күндері аясында Орталық Азияның ең алғашқы әйел кино операторы Умида Ахметова (Өзбекстан), деректі кино көшбасшысы Катерина Суворова (Қазақстан) сынды мамандар шеберлік сыныптарын өткізіп, режиссер мүмкіндігінің көркемдік суреттеу әдіс­тері жайында әңгімелеп, жаңа заман та­қы­рыбындағы замандастар бейнесі туралы ой бөлісті.

Мәселен, Молдияр Ергебековтің моде­раторлығымен өткен кезекті ашық талқылау кезінде Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан режиссерлері Орталық Азия киносындағы әйел бейнесімен ғана шектелмей, әйел режиссерлердің рөліне, олар түсірген фильмнің өзіндік формасына қатысты ой қозғады.

– Америкалық «Women Make Movies» қорының жетекшісі Дебра Цим­­мер­манның айтқаны бар. Ер адам­дар өз­дерінің артықшылығына бай­ланыс­ты көп жағдайда ер адамдар ту­ралы жақсы әңгіме айта алады, ал мұн­дай артықшылығы жоқ әйелдер екеуін де жақсы біледі. Әйел авторлар көз­қа­расында объективтілік пен жекелеген кейіп­керлерге, тақырыптарға деген жана­шырлық басым, – дейді деректі фильм­дер киностудиясының директоры, тәуелсіз кинорежиссер Катерина Суворова.

Сонымен қатар пікірталасқа қа­ты­­сушылар деректі фильм түсіру тә­жі­­­ри­бесімен бірге туындының ки­не­­матографиялық тілі, техника­лық сипат­тамалары жөніндегі көзқа­рас­та­рын ортаға салды. Фестиваль аясында көрсетілген «Мардикор» дерек­ті филь­мінің авторы, тәжікстандық жур­налист Махпора Киромова деректі фильмдегі маңызды дүние әлеуметтік қызмет деп санайды.

– Мен үшін деректі фильм журналис­тиканың жалғасы, бірақ одан да күрделі формат. Деректі фильм түсіру – бұл әлеуметтік мәні бар қадам, оның міндеті тек айтып беру ғана емес, жағдайға қалай болса да әсер ету, – деп түсіндірді Махпора. Оның айтуынша, әйел жұ­мыс­шылар туралы алғашқы деректі фильмі шыққаннан кейін жүздеген тә­жік­стандықтар фильм кейіпкерлеріне жәр­демдесе бастаған. Жан-жақты көмек ақшалай, азық-түлік, киім түрінде ғана емес, әйелдерге бұрын-соңды болмаған мамандықтарды игеруге мүмкіндік берген көрінеді.

Сонымен биылғы фестиваль әйел режиссерлер үшін кәсіби киноға барар жолдағы баспалдақ қана емес, олардың шығармашылық мүмкіндігін көрсететін, талқылайтын ашық алаңға айналғанын көрсетті. Өйткені «әйелдер киносы» ұғы­мын кең ауқымда қарастыра отырып, бүгінгі жас буын әйел режиссерлердің шығармашылығындағы жаңа тенденциялар мен даму жетістіктері хақында олардың өз аузынан естідік. Кино күн­дерінің тағы бір ерекшелігі бұдан былай Орталық Азиядан бөлек гендерлік теңдікке байланысты әлемнің үздік кинотуындылары да көрсетіліп тұрмақ.

Заманауи Ресей кинотанушысы А.Ар­тюхтің «Әйелдер кинематогра­фиясы – бұл қоғамдық маңызды құ­былыс. Бүгінде біз әртүрлі мемлекет­терден әлемдік деңгейдегі әйел режиссерлердің есімін атап қана қоймай, дүние жүзінде «Women’s Cinema» деп аталатын ба­ғыттың пайда болғанына да куәміз», де­ген пікірін ескерсек, отандық кино көшіне қосылған әйел режиссерлердің әлеуетіне қарап, бұл бағыттағы сеңнің ал­ғашқы қозғалысына куә болып отырмыз деуге болады.

 

Ая ӨМІРТАЙ

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Шаманың әні

Өнер • Кеше

Сотталған жырлар

Әдебиет • Кеше

9 ай «толғатқан» 9 пайыз

Экономика • Кеше

Атом көлге сапар

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар