Оқиға • 06 Қазан, 2020

Дәуқаралықтар да жеңіске үлес қосты

1939 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Миллиондаған адамның өмірін қиған, 1418 күнге созылған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына да 75 жыл толды. Ел шетіне жау тигенде, Отан қорғауға аттанған қазақ халқының азаматтары атақ-даңқын өшпестей етіп тарих бетінде қалдырды. Солардың ішінде Солтүстік Қазақстан (бұрынғы Көкшетау облысы) облысындағы Айыртау ауданына қарасты Дәуқара ауы­лының майдангерлері де бар. Бү­гінгі бейбіт өмірімізге жол салған дәуқаралықтар 114 болатын, бірақ өкінішке қарай солардың жартысынан көбі, нақтылап айтқанда 74 адам майданда ерлікпен қаза тапты.

Дәуқаралықтар да жеңіске үлес қосты

Суреттерде: Ұлы Отан соғы­сының ардагерлері: 1)Қыдырғали Нұрма­ғанбетов, 2) Қоңқай Жағыпарұлы, оның зайыбы, тыл ардагері Клара Жан­ұзаққызы

Ер етігімен қан кешкен соғыста дәу­­қа­ралықтар талай ерлік көрсетіп, Жоғарғы Бас қолбасшының алғысын алып, орден, медальдармен марапатталды. Мәселен, батырлық көрсеткендердің қатарында Кыдырғали Нұрмағанбетов, Баяхмет Михин, Қасен Омаров, Ақжігіт, Ахмет Қажыкеновтер, Нұрғали, Құр­манғали, Қоңқай Жағыпаровтар, Қайыр­жан Әбдешев, Жүсіпбек Махметов, Жамантай Әлмағамбетов, Шалабай Қанашев, Көшекбай Сәдуақасов, Қа­рипен Мұқажанов, Шаяхмет Шамғанов, Ақбұзау Рсаев, Қазыбай Ысқақов, Жұқыш Дүйсенов, Қабдолла Дүйсенбаев, Тұрсынхан Уәлиев, Мұхаметжан, Ерғали Әбіловтер, Молдағұл, Смағұл Қожагелдиндер, Сәмен Тілеулин, Тұрған Исатаев, Мәс Бегібаев, Көлбай Рсаев, Қайыржан Ахметов, Серкелбай Рахимов, Қайнол, Әлім Дүйсеновтер және тағы басқалар бар.

Қыдырғали Нұрмағанбетов жас­тығына қарамастан қайта-қайта майданға сұранып, қысқа мерзімде атқыштар училищесін аяқтаған соң Курск-Орлов шайқастарына взвод командирі ретінде қатысты. Жас лейтенант қиян-кескі ұрыс кезінде жеке-дара ерлік көрсетіп әрі жауынгерлерді жігерлі сөздерімен рухтандырады екен. Қыдырғали атқыштар бөлімшесін басқарып Украина, Белоруссия, Венгрия, Румыния жерлерін жаудан азат етуге белсене қатысады.

1

1945 жылы 9 мамыр – Жеңіс күнін жас офицер Аустрия жерінде қарсы ал­ды. Қыдекең ерліктері үшін орден, медальдармен марапатталады. Соғыстан кейін мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қызметке шақырылады. Осы салада генерал-майор Қ.Нұрмағанбетов жарты ғасырға  жуық қызмет етіп, құр­метке бөленді. Бүгінгі күні еліміздің астана­сын­дағы оның бұрынғы тұрған үйіне  ескерт­кіш тақта орнатылған.

Отанын жаудан қорғап, аман-есен оралған майдангерлеріміздің ішінде 88-ші атқыштар дивизиясының  жауынгері, екі рет «Даңқ» орденін алған  Баяхмет Михин де бар. Ол бір сұрапыл шайқаста батырлық көрсетіп, фашистің ДЗОТ-ын жойып, генералдың алғысын алады. Елге оралған соң, өмірінің соңына дейін колхоздың, совхоздың малын бағып, адал еңбегімен жерлестерінің сенімі мен құрметіне бө­лен­ді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілер­сің» де­гендей осындай өнегелі отбасы­нан тәрбиленіп шыққан балалары Аман­тай, Аман, Мамана, Қорғанбек, Есләмбек, Айна­гүл өмірде өз жолын тауып, бүгінде жас­тарға үлгі-өнеге болып жүр. Мәселен, Қор­ған­бек көп жылдар Әуе қарулы күште­рінде қызметін адал атқарып,  авиация подполковнигі шенінде запасқа шықты.

Соғыста қаһармандық көрсеткендер­дің қатарында «Қызыл Жұлдыз» ордені­нің иегері, жүргізуші, дәуқаралық сар­­баз Қасен Омарұлы да бар. Ол ауы­­лынан колхоздың жалғыз «ЗИС-5» автомашинасымен майданға аттанып, Ленинград майданында соғысқа қатысып, майданның алғы шебіне күні-түні көлігімен оқ-дәрі, снаряд тасып, Жоғарғы Бас қолбасшының алғысына ие болады.

Дәуқаралықтардың кейбіреулері Қиыр Шығыста жапондармен шайқасты. Солар­дың қатарында жауынгер Мұ­ха­мет­жан Әбілов те болды. Рухы мық­ты, ержүрек М.Әбілов бес-алты қа­бат­ты берік блиндаждарды жояды. Бұйрықтарды мүлтіксіз орындағандықтан  командирі «Ерлігі үшін» медалін омырауына қадайды. Еңбекқор, қадірлі жан соғыстан кейін бүкіл санаулы ғұмырын көптеген игілікті істерге арнап, ақпейіл, иманды, тылда аянбай еңбек еткен зайыбы Шайза екеуі Тұрғынбай, Бағда, Қарапа, Марал, Роза атты ардақты  ұл-қыздарын тәрбиелеп, артына елеулі із қалдырып кетті.

Соғыста Жағыпар Рысбайұлының отбасы алты азаматын майданға аттандырды. Олар: Жағыпар Рысбайұлының тепсе темір үзетін үш ұлы – Нұрғали, Құрманғали, Қоңқай, үш інісі Айт­мағамбет, Әміржан, Қайыржан. Жағы­пар­дың үш інісі 1943 жылы қырғын шайқаста ерлікпен қаза тапты. Олар қиян-кескі ұрыстарда фашист әскерлерін аяусыз оқтың астына алып, айрықша ер­лік танытқандардың арасында болыпты.

Жағыпар Рысбайұлының ұлдары Нұрғали, Құрманғали, Қоңқай майданда ауыр жараланса да елге аман-есен оралды. Құрманғали Жағыпарұлы 106-шы кавалерия дивизиясында қызметін атқарып, ерлігімен танылады. Майданда бір қолынан айырылған ол көп жылдар бойы мұғалім болып еңбек етті. Сондай-ақ Нұрғали Жағыпарұлы Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін кеңес-фин майданына қатысып, соғыстың соңына дейін майданның алғы шебінде болып, қаһарман, қайратты жігіт екенін көрсетеді.

Ал кеше ғана бізбен араласып, кез­десіп жүрген Қоңқай ағамыз да өмірден өтті. Қоңқай Жағыпарұлы Дәуқара ауылындағы ең соңғы майдангер еді.

Қоңқай Жағыпарұлы соғыс кезінде 89-шы атқыштар полкінде әскери-техника мен қару-жарақты қолдануды егжей-тег­жейлі үйренеді. Әскери дайындықтан өткен соң сержант Қ.Жағыпарұлы алғы шептегі қиян-кескі ұрыстарға қатысады. 1-ші Беларусь майданының 129-шы атқыштар дивизиясының құрамында қанды шайқастарға қатысып, Жоғарғы Бас қолбасшының алғысын алады және орден, медальдармен марапатталады.

Жеңісті Қоңқай Жағыпарұлы Берлин­нің төрінде қарсы алады. Соғыстан кейін сержант Жағыпарұлы әскери қызметін біраз жыл Самара қаласындағы артиллерия бөлімінде жалғастырып, 1950 жылы елге абыроймен оралады. Ауылға келген соң Қоңқай Жағыпарұлы колхозда бух­галтер, колхоз төрағасы қызметін ат­қарып, сонан соң «Светлый» совхозына қарайтын Дәуқара ауылын зейнет­керлікке шыққанға дейін абыройлы басқарды.

Қоңқай Жағыпарұлы отбасында да үлгілі, абыройлы әке бола білді. Сүйік­­ті жары, ақ жарқын мінезді Клара Жанұзаққызымен тату-тәтті ғұмыр ке­шіп, он бала тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қыз­дарын қияға қондырып, немере-шөбере сүйді.

Клара әже де әкесі Жанұзақ, оның інісі Есентай соғысқа аттанғанда шешесімен бірге жастайынан тылда еңбек еткен. Өмірден өткенше ақ жаулықты әжеміз, береке-бірліктің алтын діңгегі, еңбек ардагері, қадірлі зейнеткер болды. Айта кетер жайт, сыйлы Батыр анаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Алтын алқа» тапсырды.

 

Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ,

полковник, әскери журналист