Жуырда аудан орталығында Дихан ауылдық округінің тұрғыны Шолпанғали Керімбеков ағамызбен әңгімелескенімде «көше бойынан трактордың дауысы естілсе болды, осы тракторды бір жүргізсем деп тұрамын», деп бұрынғы рөлге отырған кезі ойына түсіп кететінін сағынышпен айтты. Өзі еңбек жолын «МТЗ-50» тракторынан бастап, ұзақ жылдай техниканың төресі К-701 тракторын айдағанын айтып, әрі К-701 тракторын жекеменшігіне алып, біраз жылдай осы тракторымен шаруашылықтардың (шаруашылық басшылары Жапар Дидарбеков, Сәтбай Әбіқұлов, Файк Гаджиев, Мехия Раджамов) тапсырмасымен әрі ауыл тұрғындарының жерлерінде де үзбей еңбек етіп, халықтың ризашылығын алғанын еске алды. Жамбыл облыстық Казсельхозхимия (басшысы А.Карентаев) кәсіпорнында К-701 тракторын жүргізіп, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов, Жамбыл, Сарысу, Жуалы, Байзақ аудандарында және көрші Қырғыз Республикасы Талас облысының да жерлерін барлық талапқа сай жыртып, Көделі, қысқы Мойынқұм жайылымдарына да жемшөп тасып, жоғары еңбекақы алғанын және біраз Құрмет грамоталарымен марапатталғанын еске алды.
«Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай – ізет» дегендей, бүгінде бір кәсіпорында қарауылдық жұмысын абыроймен атқарып, бүгінгі жастарға ағалық ақылын үзбей айтып отырады. Алдағы жылы абыроймен зейнетке шықпақ ойы бар.
Бұрынғы Ленин колхозындағы МРСХО-да 1990-1993 жылдары бас инженер қызметін атқарған, ауданның құрметті ардагері, зейнеткер Серік Ешенбаев та шаруашылықтағы тракторшылар Қалдыхан Дидарбеков, Тәттіқұл Ермұратов, Шолпанғали Керімбековтер уақытпен санаспай жұмысты артығымен орындайтынын жеткізді. Әсіресе барлық жұмысты мерзімінде тиімді атқарып, қоғамдық жұмыста да көзге түскен Шолпанғали Оралбекұлы бүгінде жұбайы Қымбаткүл екеуі 2 ұл, 1 қыздан 5 немере сүйіп отырған отбасы әрі халықтың ризашылығын алған ауылдың сыйлы азаматтарының бірі екенінін ерекше атап өтті.
Шолпанғали ағаның айтуынша, бүгінгі жастардың ауылдық жерде жұмыс істеуге ынтасы болса, жұмыс табылады. «Малшы, сушы, тракторшы сияқты жұмыстар жетерлік, қай жұмыс болса да жастар ауылдағы халықтың құрметіне бөленсе» дейді.
Төле НАРЖАНОВ,
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы