Әлем • 06 Қазан, 2020

Қырғызстанда парламенттік сайлау өтті

267 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

4 қазанда Қырғызстанда өлкенің ең жоғарғы өкілетті органы Жоғарғы Кеңешке депутаттардың сайлауы өтті. Сайлауға тіркелген 3 523 554 азаматтың 1 982 962-сі дауыс беруге қатысты. Бұл сайлаушылардың 56,28%-ын құрайды.

Қырғызстанда парламенттік сайлау өтті

Қырғыз Республикасының Конститу­циясы бойынша республиканы басқару жүйе­сі парламенттік-президенттік болып табыла­ды. Конституцияда «Қырғыз Республикасын­да мемлекеттік билік бүкіл ел тарапынан сайланған Жоғарғы Кеңеш және Президент өкіл болған және қамтамасыз еткен халық­тық биліктің үстем­дігінің қағидаларына негізде­леді» деп жазыл­ған. Сондай-ақ Ата Заңда мемлекет басшысы президент екендігі белгіленген.

Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес сайлау партияларды таңдау жолымен өтті. Сайлау науқаны басталғанда саяси додаға қатысудан 44 партия үмітті екенін жариялаған еді. Әйтсе де, сайлауға  16 партия  ғана қатысты. «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» дегендей, осы саяси аламанда қай партияның оқ бойы озық екені анық көрінді. Бір айлық үгіт-насихат кезінде сайлаушылардың көңілінен шыққандар жеңіске жетіп, бағы жанбағандар мәреге жете алмады. Бұлай дейтініміз, соңғылары (жалпы алғанда, он алтының көпшілігі) кейінгі бес-алты айда пайда болған партиялар болатын.

Сонымен, мәреден 4 партия сүрінбей өтті. Республиканың Орталық сайлау комис­сия­сының алдын ала, 5 қазан күнгі сағат таңғы 5-тегі мәліметіне қарағанда,  «Биримдик» партиясы  – 24,51%, «Мекеним Кыргызстан» – 23,88%, «Кыргызстан» – 8,75%, «Бүтүн Кыргызстан» 7,12% дауыс алған.

Жоғарғы Кеңеш 120 депутаттан тұрады. Демек, парламентте «Биримдик» –  46, «Меке­ним Кыргызстан» – 45, «Кыргызстан» – 16, «Бү­түн Кыргызстан» 13  депутаттық мандатқа ие болмақшы.

Ескерте кетсек, бұл алдын ала берілген мәлімет. Жоғарғы Кеңешке өтудің 7% шектік ме­же­сіне 6,85%-бен өкшелеп қалған «Мекенчил» партиясы да депутаттық мандаттан үміт үзбей, соңғы нәтижені күтіп отыр.

Жаңадан сайланған Жоғарғы Кеңештің бірінші жиналысында Үкімет толық құрамда отставкаға кетеді. Бұл үкімет басшысы және үкімет мүшелерінің барлығы қызметінен кетеді деген сөз емес. Министрлік тізгінін кімдер ұстайды, жаңадан кімдер келеді, бұларды жаңадан жасақталған парламенттік көпшілік коалициясы шешетін болады. Парламентке өтетін 4 партияның біреуі «Бүтүн Кыргызстан» – оппозициялық партия. Оның лидері –  он жылдан бері оппозицияда жүрген, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Адахан Мадумаров.

Мұның алдындағы Жоғарғы Кеңештің құра­мында 3 қандасымыз болған еді. Үшеуі де осы сайлауға қатысқан-ды. Алайда олардың біреуі­нің ғана жолы болды. Ол – Гүлшат  Асыл­баева. Г.Асылбаева Қырғызстан эл ассам­блея­сы­ның құрамына кіретін Қырғызстан қазақ­тары қауымдастығының төрайымы қызметін атқарады.

 

P.S. Кеше Бішкектегі «Алатау» алаңына парламентке өтпей қалған партиялардың бірқатары, атап айтқанда «Мекенчил», «Чон казат», «Реформа», «Мекен Ынтымагы», «Бир Бол», «Респуб­лика» және «Ата Мекен» партияларының өкілдері мен олардың жақтастары наразылық шеруіне шықты. Партия лидерлері  жиналғандардың алдында сөз сөйлеп, Орталық сайлау комиссиясынан  сайлаудың «алғашқы» делінген нәтижесін жоққа шығаруды, сайлауды қайтадан өткізуді, алдыңғы орындарды иеленген 3 партиядан жақында берілетін мандаттарынан бас тартуды талап етуде.

 

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

журналист, арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін

 

Қырғыз Республикасы,

Бішкек қаласы