Аймақтар • 06 Қазан, 2020

Түркістандық шаруалар техникаларын жаңартуда

350 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Келес ауданының шаруалары «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның көмегімен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуда. Мысалы, Қошқарата ауылдық округінде орналасқан «Жаңа Қоныс» ЖШС-ы лизингке 2 бірдей трактор көлігін агрегаттарымен алған.

Түркістандық шаруалар техникаларын жаңартуда

"Биыл елімізде құрастырылып жатқан «LOVOL - 904» деп аталатын техникаларды алдық. Әрқайсысы 10 млн теңгеден болды. «ҚазАгроҚаржы» ұйымының көмегімен лизинг бойынша алынған тракторлардың 15 пайызын бастапқы жарна ретінде өзіміз төледік. Қалған 85 пайызын «ҚазАгроҚаржы» төлеп берді. Енді 7 жыл ішінде несиемізді төлеп, құтыламыз деген жоспарымыз бар. Жалпы біздің мекемеде 7 техника бар, 10 азамат тұрақты жұмыс істейді. Сондай-ақ, 750 гектар жайылым, 129 гектар егістік жеріміз бар", – дейді серіктестік директоры Құрманғали Тұрымбетов.

Жалпы Келес ауданының аумағында бүгінге дейін 1098 ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген. 2018 жылдан бері 45 техника жаңаланған. Оның ішінде биыл 12 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Ол техникалардың бесеуі «КазАгроҚаржы» АҚ компаниясы арқылы лизингке алынған. Тағы үш техникаға лизинг шарты жасалған және қараша айына дейін сатып алынбақ. Ал жеті техниканы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз қаражатына алған.

 

 

Түркістан облысы