Абай • 07 Қазан, 2020

Ұлы ақынның сөздері бесік тербеген әлдимен бірге құлаққа сіңді - Нұрсұлтан Назарбаев

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Абайды тануы әуелде неден басталғаны жайында айтып берді. Бұл туралы ол "Egemen Qazaqstan" газетінде жарияланған "Абай аманаты" атты мақаласында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлы ақынның сөздері бесік тербеген әлдимен бірге құлаққа сіңді - Нұрсұлтан Назарбаев

"Байқауымша, ұлылықты ұғыну бір бөлек те, онымен табысу және тоғысу, яғни түпсіз тереңіне бойлап, жеке болмысыңа жарату – өз алдына қырық қатпар құбылыс. Осыған орай "Менің Абайды тануым әуелде неден басталды?" деген сауалға ден қойғанда, әлбетте ұлы ақынның сөздері бесік тербеген әлдимен бірге құлаққа сіңді десем, асыра айтқандық бола қоймас. Рас, өлең сөзге жүйрік, ел әдебиетіне қанық әжем Мырзабала мен анам Әлжан кішкентай күнімде тіні үзілмеген дәстүрлі тәрбие аясында халқымыздың ертегі, аңыз, қиссаларын жадыма барынша сіңірді. Бұл Абай әлеміне апаратын жолдың бастауы болатын", деп жазды Елбасы.

Оның айтуынша, келешегіне алаңдаған анасы оны тоғызыншы сынып бітірген соң Қаскелеңге өз қолымен жетектеп апарып, Абай атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығынан аттатқан. Сонда оның алдынан мүлде басқа әлемнің есігі ашылған-ды.

"Ұлы ақынның есімін иеленген оқу ордасының шәкірті болудың өзі бір жағынан мақтаныш, екінші жағынан жауапкершілік екенін ұқтым. Әрине, біз Абайдың мектеп жасына лайықталған оқу, ғылым, адамгершілік, табиғат тақырыбындағы хрестоматиялық өлеңдерін жұрт қатарлы жатқа айтатынбыз. Әсіресе өзім ақынның философиялық астарға толы "Ескендір" поэмасын қайта-қайта құмарта оқығаным есімде. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғаббас Бейсенбетовке түсінбеген жерлеріме қатысты тосын сұрақтар қойып, соңынан қалмайтынмын. Бұл ынтызарлық менің көне грек әлеміне, оның билік пен даналық жүйесіне балалық қиялмен сапар шегіп, ойымның өрісі кеңеюіне едәуір септігін тигізді", деп еске алды Н.Назарбаев.