Абай • 07 Қазан, 2020

Абайдың мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге қалай қол жеткізілді?

887 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Абайды дүниенің даңқты тұлғаларының тізіміне енгізіп, оның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге қалай қол жеткізілгені жайында айтты. Бұл туралы ол "Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған "Абай аманаты" атты мақаласында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Абайдың мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге қалай қол жеткізілді?

"Абайдың ойы мен сөзін күллі әлемдік ауқымда мойындату мәселесін Кеңестер Одағы әлі тарамай тұрып, 1990 жылы халықаралық деңгейде көтерген едік. Бірақ ол кезде бізге құлақ аспады. Әрине, алдымыздан шыққан басты кедергі Қазақстанның дербес мемлекет еместігі еді. Сондықтан асқақ тілегіміз егемендік алғаннан соң ғана қабыл болды. Абайды дүниенің даңқты тұлғаларының тізіміне енгізіп, 150 жылдық мерейтойын халықаралық дәрежеде атап өту жөніндегі ұсынысымды қолдаған ЮНЕСКО ұйымының сол уақыттағы бас директоры Федерико Майор мырза кейіннен мерекелік салтанатты шараларға да өзі арнайы келіп қатысты", делінген мақалада.

Оның айтуынша, бұған дейін 200, 300, 500 секілді соңы бірнеше нөлмен аяқталатын сандарға сәйкес келетін мерейтойлар ғана тізімге ілініп келген.

"Жас мемлекет үшін халықаралық ұйым тарапынан мұндай қолдау көрсетілуі ұмытылмасы анық. Абай мерейтойына әзірлік өте қиын-қыстау кезеңде қолға алынды. Экономикалық-әлеуметтік проблемалар шаш-етектен болып тұрғанына қарамастан, нар тәуекелге бардық. Арнаулы қаулы қабылдап, атқарылатын іс-шараларды тиесілі мемлекеттік құрылымдар мойнына жүйе-жүйесімен жүктедік. Мерейтойға әзірлік жөніндегі республикалық комиссия және штаб құрылып, оны қаржылық, материалдық-техникалық, инфрақұрылымдық, идеоло­гия­лық, дипломатиялық, ғылыми, мәдени тұрғыдан қамтамасыз етудің нақты шаралары бекітілді. Барлық жұмыстың барысын өз бақылауымда ұстадым", деді Н.Назарбаев.