Үкімет • 07 Қазан, 2020

Азық-түлікті молайту – басты міндет

753 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында ішкі нарықты отандық азық-түлікпен молайту, отандық дәрі-дәрмек өндірісін дамыту мәселелері қаралды.

Азық-түлікті молайту – басты міндет

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Азық-түліктің 12 түрімен қамтуда

Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бүгінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары 99,4%-ға орындалғанын мәлімдеді. Әкімдіктердің жедел мәлімет­тері бойынша майлы дақылдарды жинау жалғасуда. Республика бойынша егін жинау алаңы 15,8 млн гектарды құраған еді. Әр гектардан 12,8 центнер орташа өнімділікпен жиыны 20,1 млн тонна астық бастырылды. «Егін жинау жұмыстары өткен жылға қарағанда бір ай бұрын аяқталғанын атап өту керек. Бұған қолайлы ауа райы мен шаруалардың техникалық дайындығы ықпал етті. Элеваторларға астық жеткізу 2019 жылдың осы мерзіміндегіден 1 млн тоннаға артты. Келіп түскен астық­тың 80%-ының сапалық сипаттамалары жо­ғары болды», деді С.Омаров.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне қол жеткізу міндеті алға қойылды. Оның мониторингі азық-түлік тауарларының негізгі 29 түрі бойынша жүргізіледі. Оның ішінде 12 тауар түрі бойынша ішкі нарық 100%-ға және одан да көп мөлшерге қамтамасыз етілген. 11 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз ету 80%-дан асады. Бұл халықаралық ауыл шаруашылығы ұйымы ФАО-ның жіктемесі бойынша өзін-өзі жеткілікті қамтамасыз ету деңгейі болып саналады. Енді тек азық-түлік тауарларының 6 түрі бойынша өндірісті ұлғайту және ішкі нарықты отандық өнімдермен толық­тыру шараларын іске асыру қажет. Бұл – құс еті, шұжық өнімдері, ірім­шік пен сүзбе, алма, қант және балық. «Бүгінгі таңда министрлік ішкі нарық­ты отандық өнімдермен молайту жө­ніндегі 2021–2023 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасын дайындады. Әрбір бағыт бойынша инвестициялық жобалардың нақты пулы анықталды», деді С.Омаров.

Қазір құс еті бойынша өз өндірісіміз­дің көлемі ішкі нарық қажеттілігінің 58%-ын ғана жабады. Ішкі нарықты толықтай молайту үшін құс етін өндіру қуатын қосымша 171 мың тоннаға арт­тыру қажет. Бұл міндет жаңа құс фаб­ри­каларын іске қосу, сондай-ақ құс фабрикаларының қолданыстағы қуа­т­ын кеңейту есебінен 2023 жыл­дың соңына дейін іске асырылады. Отандық өндіріс есебінен құс еті импорты көле­мін қысқарту ел экономикасында жыл са­­йын шамамен 177 млн долларды немесе 77 млрд теңгені сақтап қалуға мүмкін­дік береді.

«Аталған міндетті орындау үшін жалпы қуаты 285 мың тонна құс етін өндіретін 19 құс фабрикасы, оның ішінде биыл жалпы қуаты 70 мың тонна болатын 6 құс фабрикасы, 2021 – 2023 жылдары жалпы қуаты 215 мың тонна болатын 13 құс фабрикасы іске қосыла­ды. Бұл ішкі нарық қажеттілі­гін толық көлемде қамтуға мүмкіндік береді», деді С.Омаров.

Сүт өнімдері импортының жалпы көлемі шамамен 500 мың тоннаны құрайды.

«Отандық сүт зауыттары бұл тауарларды өздері өндіре алады. Бұған қоса, олардың өндірістік қуаты толық жүк­телмеген. Сапалы тауарлық сүт шикі­затын өндіру көлемін ұлғайту үшін ми­нистр­лік ортамерзімді перспективада өнер­кәсіптік тауарлық сүт фермаларын іске қосу және олардың қуаттылықтарын кеңейту есебінен тауарлық сүт өндірісін ұлғайту міндетін алға қойып отыр», деді Ауыл шаруашылығы министрі аталған мәселе жайында.

Сүтті мал шаруашылығын дамытуды ынталандыру үшін министрлік мына­дай шаралар қабылдады: Сүт ферма­ларын салу кезіндегі міндетті мемлекет­тік сараптама талабы алынып тастал­ды, бұл фермаларды жобалау мерзімін алты айдан бір жарым айға дейін қыс­­қарту­ға мүмкіндік берді. Екінші дең­­гейдегі банктердің кредиттеріне қол­­жетімділікті қамтамасыз ету мақ­сатында кредит сомасының 85%-на дейін инвестордың қарыздарын кепіл­ден­діру тетігі енгізілді. Сүтті, сатып алын­ған асыл тұқымды малды субси­диялау нормативтері, инвести­ция­лық субсидиялау нормативтері қайта қарал­ды. Малдың өзін кепілге қоя оты­рып, асыл тұқымды малды сатып алуды қаржыландыру құралы енгізілді. Атал­ған өзгерістер ауыл шаруашы­лығы та­уарын өндірушілерінің іскерлік бел­сен­ді­ліктеріне оң әсер етті. Егер бұ­дан бұрын жылына 3-5 өнеркәсіптік сүт фер­масы іске қосылса, биыл 33 сүт фер­ма­сы­ның жобасы іске асырылуда.

 

Алма бақтарын арттыру қажет

Отандық шұжық өнімдерімен ішкі нарық 62%-ға қамтамасыз етілген. Оның импорты 33,3 мың тоннаны құрай­ды. Мұның 85%-ы көрші Ресейден әкелі­неді. Жалпы, ішкі нарықты шұжық өнім­­дері­мен молайту жөніндегі міндет ет өңдеуші кәсіпорындардың айналым қар­жыларын толықтыру және фермер­лер­ді малды союға өткізуге ынталандыру есебінен іске асырылады. Сондай-ақ қуаты 103 мың тоннаны құрайтын ет өңдеуші кәсіпорындарды салу бойынша 9 жоба іске асырылуда.

Министр атап өткендей, қазіргі уақыт­та республикада жалпы алаңы 35,1 мың гектар жерде 216,5 мың тонна алма өндіріледі. Бұл іспен 34 ірі компания, 195 орта, 1 370 шағын шаруашылық және жеке қосалқы шаруашылық айналысады. Өнеркәсіптік қарқынды бақтарда алманың түсімділігі гектарына 40-45 тоннаны, ал ұсақ және жеке қосалқы шаруашылықтарда гектарына 7-10 тоннаны құрайды. Сондықтан алма бақтарының алаңдарын ұлғайту бойынша басты назарды ірі және орта шаруа­шылықтарға аударып, ұсақ шаруа­шы­лықтар мен жеке қосалқы шаруашы­лықтарды кооперативтерге біріктіру қажет.

«Алманы жалпы тұтыну көлемі 344,3 мың тоннаны құраса, оның импорты – 128 мың тонна. Ішкі нарықты аталған өніммен молайту үшін 6,6 мың гектар жерге жаңа қарқынды бақтар отырғызу қажет», деген С.Омаров оларды бақ шаруашылығымен бұрыннан айналысатын Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарына, Шымкент қала­сына шоғырландыруды ұсынды. Бұл өңірлерде қазірдің өзінде алаңы 5,5 мың гектар болатын жобалар пулы бар.

Соңғы 5 жылда қант қызылшасы егістік­терінің алаңы 9,8 есе, қант қызыл­шасының өнімділігі 1,3 есе, ал жалпы жиыны 20 еседен астам ұлғайды.

«Бұл фактілер отандық қант саласы­ның даму әлеуеті мол екенін растайды. Енді қант қызылшасының егіс алаңын ке­мінде 2 есе ұлғайту қажет. 90-шы жыл­дары республиканың 13 өңірінде қант қы­зыл­шасы отырғызылғанын ескере оты­рып, бұл жұмысқа әрбір облыс қаты­суы тиіс деп есептейміз», деді министр.

Қазіргі уақытта отандық өндіріс қанты­ның тапшылығы 240 мың тоннаны немесе қажеттіліктің жартысынан көбін құрайды. Қант қызылшасы егістерін ұлғайту, заманауи агротехнологияларды, сапалы тұқымдарды пайдалану және техникалық қайта жарақтандыру есебінен оның өнімділігі мен сапасын арттыру арқылы ішкі нарықты молайту болжанып отыр. Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған 4 қант зауытын жаңғырту, сондай-ақ Жамбыл және Павлодар облыстарында жаңа қант зауыттарын салу жобаларын іске асыру қосымша 180 мың тонна қант өндіру арқылы тапшылықты қысқартуға және қамтамасыз ету бо­йынша 80%-ға шығуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде инвестициялық субсидиялау, өңдеуге тапсырылған қант қызылшасының әр тоннасын субсидиялау түріндегі саланы қолдау шаралары қабылданды.

«Агроөнеркәсіптік кешен өнімдері­нің экспортын ұлғайту және ішкі нарық­­ты молайту мақсатында Ауыл ша­­руа­­­шы­лығы министрлігі алдағы бес жылда трансұлттық компаниялар қаты­сатын жобаларды қоса алғанда, 380 инвес­ти­циялық жобаны іске асыруды жос­пар­лап отыр. Олардың айналасында агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыт­тары бойынша 7 экожүйе қалып­тасты­рылатын болады. Салаға 5 трлн теңгеге жуық инвестиция тарту жоспарланып отыр», деп түйіндеді сөзін С.Омаров.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин ауыл шаруа­шылығының барлық қызметкерлеріне пандемия жағдайында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізгені үшін алғыс білдірді, бұл өткен жылғыдан жоғары өнім жинауға мүмкіндік берді.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруа­шы­лы­ғ­ы ұйымының (FAO) болжамдары бойынша Қазақстан АҚШ, Аустралия, Бразилия және Аргентина елдерімен қатар әлемдік азық-түлік хабтарының біріне айналу үшін үлкен әлеуетке ие. Мемлекет тарапынан АӨК-ті қолдаудың барлық қажетті шаралары көрсетіледі, субсидиялар беріледі (16 бағыт бойынша субсидиялардың 47 түрі), жеңілдікпен несие беру және салық преференциялары көзделген. 2020 жылдың 8 айында қабылданған шаралардың нәтижесінде азық-түлік өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 25,4%-ға, 54,7 млрд тең­геге дейін ұлғайды.

Құрылатын Ұлттық тауар өткізу жүйесі ауыл шаруашылығы өнімдерін сақ­тау жағдайларын жақсартуға, оның өндірісі мен маусымаралық кезеңде нарықтағы көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ экспортты едәуір арттыруға жол ашады. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған Нарықты отандық азық-түлік тауарларымен молықтыру жөніндегі 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 5 трлн-нан астам теңге инвестиция тарта отырып, 380 инвестициялық жоба іске асырылатын болады, бұл азық-түлік тауарларының маңызды түрлері – ет, балық, жемістер мен көкөністер, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдері бойынша 7 экожүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Ішкі нарықты отандық азық-түлік­пен молықтыру – Үкіметтің страте­гия­лық міндеті» деген А.Мамин, Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне бір ай ішін­де Нарықты отандық азық-түлік тауар­ларымен молықтыру жөніндегі ке­шенді жоспарды қабылдауды тапсыр­ды. Ауыл шаруашылығы министр­лігі­не Экология, Ұлттық экономика, Қар­жы министрліктерімен бірлесіп, ішкі нарық­та жетіспейтін өнімдер өндірі­сін мем­лекеттік қолдау және ынта­лан­дыру шараларын кеңейту мәселе­лерін пысықтау, бұл ретте балық шаруашы­лығы саласын да­мыту жоспарларын ескеру тапсырылды. Өңірлердің әкім­деріне АӨК-те жоспарланған жобалар­дың іске асы­рылуын жеке бақылау­ға алу және қажет­ті инженерлік инфра­құрылым­дарды жүр­гізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ инвес­торлармен шикізаттан бастап экс­порт­қа дейінгі бүкіл тізбек бойынша бар­лық мәселені пысықтау міндеттелді. Сон­дай-ақ Премьер-Министр қажетті логис­ти­каны қамтамасыз ету және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі және сырт­қы нарықтарда өткізуді ілгерілету жө­нін­дегі шараларды қабылдауды тапсырды.

 

Фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту

Сондай-ақ Үкімет отырысында Фар­мацевтика өнеркәсібін дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары қаралды. Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрі Б.Атам­құлов, Денсаулық сақтау министрі А.Цой, «Химфарм» АҚ директоры А.Исенова, «Dolce-pharm» ЖШС ком­мер­ция­лық директоры Б.Демеуова, Қазақ­­стан­ның фармацевтикалық және меди­ци­на­лық өнімдерді өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Г.Манақпаеваның баяндамалары тыңдалды.

2020 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша еліміздің фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 34,1%-ға немесе 81,5 млрд теңгеге дейін, инвестициялар 5,2%-ға немесе 4,1 млрд теңгеге дейін өсті. Белгілі компаниялардың қатысуымен 41 жоба іске асырылды, олардың ішіндегі ең ірілері – антибиотиктер, алколоидтер, антисептиктер («Химфарм» АҚ, «Нобел АФФ» АҚ, «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС), сондай-ақ жеке қорғаныш құралдары мен хирургиялық мақта («Kelun Kazpharma» ЖШС, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС, «Dolce» ЖШС) өндірісі бойынша жобалар.

5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алудағы отандық өн­дірушілердің үлесі 30%-ға дейін артты және тұрақты түрде өсу үстінде (5 мың­нан астам атау бойынша 88 шарт жасалды).

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның бағалауы бойынша елдің дәрілік қауіпсіздігі меншікті фармацевтика өндірісі болған жағдайда кемінде 30% қамтамасыз етіледі, ал Қазақ­стан 2025 жылға қарай өз өндірісінің үлесін заттай мәнде 50%-ға дейін жеткізу­ді көз­деп отыр. Осылайша, Фармацев­тика­лық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес 77,8 млрд теңгеге 30-дан астам жаңа ірі фармацевтикалық өндіріс іске қосылады, бұл дәрі-дәрмек өндірісінің көлемін 2,5 есеге (92-ден 230 млрд тең­геге дейін), экспортты 3 есеге (25-тен 75 млрд теңгеге дейін) ұлғайтуға, 2 мың­нан астам жоғары білікті мамандарды даяр­лауға және оларға арнап тұрақты жұмыс орындарын құруға жол ашады. 

Үкімет басшысы отандық фармацевтика өндірісі үшін, әсіресе клиникалық және клиникаға дейінгі сынақтарды ынталандыру тұрғысынан мемлекеттік қолдау шараларын ауқымды түрде кеңейт­уді тапсырды. Индустрия, Ден­са­у­лық сақтау және Сыртқы істер ми­нистр­­ліктеріне дәрілер өндірісін елі­мізде жер­гіліктендіруге Big Pharma – Top-50 тізімінен әлемдік фармацевтика өн­дірушілерді таргеттеу бойынша ұсы­ныстар енгізу тапсырылды. Ден­сау­лық сақтау министрлігіне ұзақ­мер­зімді келісімшарттарды іске асыру те­тік­терін кеңейту, елдегі дәрілік зат­тар­дың қажеттілігін нақты жоспарлау мен айқындауды қамтамасыз ету, меди­циналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектер­ге сынақтар жүргізетін зертхана­лар­дың материалдық-техникалық базасын күшейту, кешенді жоспарды іске асыруды ескере отырып, фармацевтика саласы үшін білікті кадрлар даярлау жөнінде шаралар қабылдау міндеті жүктелді. Облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне жергілікті жерлерде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде жергілікті қамту бойынша нысаналы индикаторларды (KPI) бекіту міндеттелді. «Фармацевтика өнеркәсібі – экономиканың өте маңызды секторы және халықтың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің негізі», деп түйіндеді сөзін А.Мамин.