Аймақтар • 07 Қазан, 2020

Балалар саулығы – басты назарда

124 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы кезде «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деген желеу­мен әлеуметтік желіде үрей тудыратын жалған ақпарат тарату көбейіп тұр. Сондай желдей ескен бір деректе балалар арасында жедел ішек ауруы таралғаны айтылған еді. Мұны облыстық денсаулық сақтау басқармасы жоққа шығарып, аталған мәселеге орай түсінік берді.

Балалар саулығы – басты назарда

Салалық басқарманың баспа­сөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, №2 облыстық инфек­циялық ауруханадағы жұқпалы аурулармен ауыратын балалар бөлімшесі өзге емдеу орнына көшірілген еді. Сөйтіп, об­лыс­тық балалар ауруханасында эпидемиялық стационар ретінде жұқпалы аурумен ауырған балаларды қабылдады. Аталған аурухананың бас дәрігері Нұр­қабыл Айтмұханбетовтың айтуынша, биылғы 1 тамыздан 4 қыркүйекке дейінгі аралықта 62 науқас емделіп шыққан.

– Былтыр дәл осы кезеңде жұқпалы аурумен 208 науқас қабылданған еді. Биыл науқас­тардың қатары 146-ға төмендеді. Әлеуметтік желіде балалар арасында диарея тарады деген ақ­парат жалған екені даусыз, – деді Н. Айтмұханбетов.

Дегенмен, №2 облыстық ин­фекциялық аурухананың ин­фекционист-дәрігері Айнұр Сапа­рованың айтуына қарағанда, күн суытқан кезде жедел ішек инфекциялары ротовирустық жұқпалармен қатарласа жүреді. Соның салдарынан ішек аурулары балалар арасында ауыр жағдайда өтуі мүмкін. Жалпы жедел ішек инфекциясы ауыр, орташа, жеңіл түрде өтеді. Бұл ауру ауыз қуысы арқылы ішек жолдарын зақымдайды. Науқаста құсу, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік симптомдары арқылы білінеді. Әсіресе, күз айларында ротовирусты инфекциямен қатар жүретіндіктен, ішек инфекциясы өрши түседі.

– Сол себептен, жазда басталып күзге таман өршитін ішек инфекциясын коронавируспен немесе Кавасаки синдромымен байланыстыруға еш негіз жоқ. Керісінше, өткен жылдары ішек ауруымен ауырған балалар саны артқан болса, биыл олардың са­ны азайды. Мұны біз пандемия кезіндегі карантиндік шектеу шараларымен байланыстырып отырмыз. Ата-аналар жаз айларында бұрынғыдай балаларымен қыдырып шықпай, бәрі үйінде болды, – дейді инфекционист-дәрігер А.Сапарова.

Дәрігердің айтуынша, бұл ауруды көбінесе бір жасқа дейін­гі балалар мен жасы алпыс­тан асқан ересектер өте ауыр жағ­дайда өткізеді. Ал жедел ішек инфекциясы – вирустармен, бактериялармен қоздырылатын жедел интоксикациямен, дене температурасының көтерілуімен, диареялық белгілермен сипатталатын инфекция түрі. Бұл ауру жеміс-жидектерді жумай жеп, қол жуу ережесін дұрыс сақ­тамау, қайнамаған су ішуден бой көтереді.

Облыстық денсаулық сақ­тау­ басқармасының соңғы мәлі­метіне сүйенсек, балалар арасында жедел респираторлық вирус­тық жұқпаның өршуі тіркеліп отырған жоқ. Қазір №2 облыстық инфекциялық ауруханада жедел респираторлық вирустық жұқ­памен 30-ға жуық бала ем алып жатыр.

– Жедел респираторлық ви­рустық жұқпаға қатысты мау­сымдық ахуал тұрақты күйінде сақталып отыр. Біздің аурухана вирустық жұқпалы ауруларға шалдыққандарды емдеу үшін дәрі-дәрмектермен толықтай қамтылды, – дейді №2 облыстық инфекциялық аурхананың бөлім меңгерушісі Әсия Сидешова.

Оның айтуынша, биылғы наурыздан бері аталған ауруха­нада коронавирус инфекциясын жұқтырған 30 бала емделіп, са­­уы­ғып шығыпты. Балалар ко­ро­навирусты жеңіл жағдайда өткеріп, клиникалық белгілері аса қатты білінбепті. Осылайша, қауіпті індеттің қақпанына түс­кен балалардың бәрі отбасына аман-сау оралып, ата-анасымен қауышты.

 

Атырау облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Судан да сақтану керек

Қоғам • Бүгін, 22:35

Керек дерек

Digital • Бүгін, 09:50

Отандық жаңа зауыт іске қосылды

Экономика • Бүгін, 09:50

«Мен – Отан қорғаушымын!»

Байқау • Бүгін, 09:40