Руханият • 07 Қазан, 2020

Ерлік ескерусіз қалған жоқ

173 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өрт сөндіруші Ержан Оспановтың баланы құтқарған оқи­­ғасын құтқарушыларға арналған оқу құралына ен­гі­­зу­ге болар еді. Содан бері де міне 8 жыл өтіпті. Бірақ Ер­жан­ның ерлігі туралы әлі күнге дейін аз жазылмайды. Бұл оқи­ға 2012 жылы шілдеде Павлодар облысы, Железин ауда­нының Башмачное ауылында орын алған болатын.

Ерлік ескерусіз қалған жоқ

Үйдің ауласында ойнап жүрген топ баланың бірі байқамай беті ескі көрпемен жабылған, тереңдігі алты метрге жететін ашық құ­дық­қа түсіп кетеді. Ата-ана­сы бол­ған жайды баланың қасында жүрген әпкесінен біліпті. «Вова құлап кетті! Вова құлап кетті!» деп қай­талай берген көрінеді. Құ­дықтың ішінен үздіге шық­қан дауыстан ба­ла­ның кеп­те­ліп қалғаны бел­гі­лі болады. Алайда ата-ана қанша жанталасқанымен баланы өз күшімен құтқара алмайды. Уақыт болса зымырап өтіп жатыр. Тек кешке қарай ғана өрт сөндіру бөліміне хабар беріп, кезекшіліктегі жігіттер дереу құтқаруға аттанады. Олар ауылға аудан орталығынан небәрі 20 минутта жетіп, жағдайды көзбен көрген соң тез арада шұңқырды қаза бастайды. Экскаватор мен кранды көмекке алдырады. Ұзақ уақыт бойы төзімділік таныт­қан балақайды батыр деп бағалап, Воваға жігер береді.

Сөйтіп шұңқыр да қазы­ла­ды. Енді баланы шы­ға­ру кезінде оның одан әрі түсіп кетпеуі үшін құдықтың нақты қай деңгейінде тұрғанын анық­тау қажет болыпты. Өрт сөндірушілер шұңқырға тү­сіп, көзге көрінбейтін жерде арна­йы құралмен тесік жасап, арматураны өткізеді. Болды! Тұрақтылық бар! Бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Ержан Оспанов әріптестерінің көмегімен ба­ла­ға көмек көрсету үшін құдыққа өзі түсіп, дереу бала­ға жармасады. Балақайды өзіне қысып ұстап алған соң өзге құтқарушылар екеуін жоғарыға көтере бастайды. Ауылдың барлық тұрғыны өрт сөндірушілер жүргізген осы құтқару операциясының куәгерлері болды.

Ерлік ескерусіз қалған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың 2012 жылғы 5 желтоқ­сандағы Жарлығымен әскери және қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жан­қияр­­лығы үшін Железин ауданын күзету бойынша №16 өрт сөндіру бекетінің азамат­тық қорғау старшинасы Ержан Оспанов үшінші дәре­желі «Айбын» орденімен мара­патталды.

Ержан Оспанов өзі құт­қар­ған баламен күні бүгінге дейін араласып жү­ре­ді. Осы күні Владимир Штуц есімді әлгі балақай осы ауылдағы жалпы білім беретін орта мек­теп­тің 4-сыныбында оқиды. «Мен оны көрген сайын ішім жылиды. Оны өз ұлымдай көремін. 2012 жылы бәрі ойдағыдай өткеніне қуаныштымын», деп ағынан жарылды Е.Оспанов.

 

Айдана ЖАҚЫПОВА

 

Павлодар облысы